Жоан Роулиңнің жаңа кітабы шығады

Жоан Роулиңнің жаңа кітабы шығады
Фото: explica.co

Көпшілікке таныс "Хәрри Поттер" романын жазған британдық танымал жазушы Жоан Роулиң кезекті кітабын жұрт назарына ұсынбақ. Жаңа туындысын осы жылдың 12 қазанында жарыққа шығаруды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды жазушының ресми сайты.

Жаңа кітап "The Christmas Pig" ("Рождестволық торай") деп аталады. Оқиға желісі бойынша бас кейіпкер Джек Рождество мерекесі қарсаңында жанынан бір елі тастамайтын кішкентай ойыншық торайын жоғалтып алады. Осылайша оны табу үшін таңғажайып саяхатқа аттанады.

"The Christmas Pig" – аянышты, нағыз шытырман оқиғаға толы шығарма. Онда бір баланың ойыншығына деген махаббаты мен оны іздеу жолындағы оқиғалары баяндалады. Жаңа туынды Роулиңнің бұрынғы шығармаларымен байланысы жоқ. 8 жастан асқан балаларға арналған, - деп жазылған кітап сипаттамасында.

Жазушының балаларға арналған жаңа кітабы 12 қазан күні 20-дан астам тілде жарық көреді. Сондай-ақ аудионұсқасы да болады. Ұлыбритания, Аустралия, Жаңа Зеландия, Ирландия, Үндістан, Канада және өзге елдерде сатылымы басталады.

Айта кетейік, Жоан Роулиң 2020 жылдың мамыр айында балаларға арналған "Икабог" повесін интернетте жариялай бастаған еді. Шығармадан түскен қаржы қайырымдылық мақсатта жұмсалатынын, оның ішінде коронавирустан зардап шеккен балалар денсаулығына бағытталатынын айтқан болатын.

Жоан Роулиң 1965 жылы 31 шілдеде дүниеге келген. Танымал британ жазушысы, сценарист және кинопродюсер. "Хәрри Поттер" романы арқылы әлемге танылған тұлға. Жеті кітаптан тұратын бұл туындысының сатылым тиражы 500 миллионнан асқан. Әлемнің 80 тіліне аударылған. Оның ішінде қазақ тіліне де аударылды.

Н. Үсенова