Жаңа кітап: The Post-American World кітабында не айтылған?

Жаңа кітап: The Post-American World кітабында не айтылған?

Халықаралық қатынастар бойынша саяси сарапшы Фарид Рафик Закария The Post-American World кітабында АҚШ-тың бүгіні мен болашағы туралы бірқатар сұрақтарға жауап іздейді.

"Америкалық арманға" дейін "британ өмір салты" әлемде трендте еді. Шай ішу, командалық спорт, қарым-қатынас этикасы және киіну стилі ағылшындарды дүниежүзіне танытты. Содан кейін бәрі өзгерді. McDonald's, рок-н-ролл және джинсы пайда болды. Қоғам шай емес кока-кола іше бастады.

ХVІІІ ғасырдан бастап адамзат көптеген соғысты бастан өткеріп, жаңа империялар құрылды, олар қайтадан құлдырады. Бірақ содан бері бір нәрсе өзгерген жоқ: Америка Құрама Штаттары. Ол соғыстар мен дағдарыстардан кейін де құдіретті қалпында қала берді.

Бірақ бұл өзгермейтін мемлекет қанша уақыт тұрады?  Неліктен "америкалық арман" соншалықты танымал болып кетті?

Тарихтан мәлім, Шыңғысхан қағандығы қанша құдіретті болса да күйреді. Ал Америка Құрама Штаттары әлі де мығым держава болып өмір сүріп келе жатыр.

АҚШ халықаралық саясат саласында қалай экономикалық озық елге айналды? Өзінің қазіргі мәртебесін қанша уақытқа сақтап қалады? Басқа елдер АҚШ-тан қалай озып жатыр? Осы және өзге сұрақтарға қатысты автордың талдауы мен болжамдары да кітапта жазылған.

Неліктен Шығыс Батыстан қалып қойды?

Зәкәрия АҚШ сияқты қуатты мемлекеттің әлемдік аренада пайда болуын басқа елдердің даму жолындағы қателіктерімен және олардан шыққан тұжырымдармен байланыстырады. Өйткені XVI ғасырға дейін Шығыс өркениетінің барлық саласында көшбасшы болды. Кейінірек Батыс Еуропа Ренессанс пен Реформациядан өтіп, алға шықты. ХVІІІ ғасырға қарай АҚШ сол уақытқа дейінгі Шығыс пен Батыстың қателіктерін қайталамай, дұрыс шешім жасай білді.

Қытай, Үндістан және Таяу Шығыс Батыс өркениетінен әлдеқайда бұрын дами бастады. Мәселе мынада: Шығыс елдерінің көпшілігінде мемлекеттік басқару озбырлыққа, орталықтандыруға, халықты салықпен азаптауға негізделген. Билеушілер өзі үшін сәнді сарайлар салумен айналысып, инфрақұрылымға, сауда мен ғылымды жақсартуға алаңдамаған. Ал осындай мемлкетте өмір сүрген адамдар баюға асықпады, себебі мемлекет (хандық) оның байлығын бәрібір тартып алар еді.

Шығыс елдерінде азаматтық қоғам дамымаған және негізінен мемлекетке тәуелді еді. Мысалы, Үндістанда саудагерлер касталық иерархияның төменгі буындарына жататын және олар сарайдың қыңыр саясатымен санасып саудамен айналысуға мәжбүр болған. Ал Қытайда саудагерлер кез келген сәтте сауда-саттықтан бас тартып, империяға ұнауы үшін өз өмірін конфуцишілдікті насихаттайтын салаға арнауы мүмкін еді. Ал, АҚШ кәсіпкерлер дамудың шешуші тиегі екенін әлдеқайда бұрын түсінді.

Еуропада патшалық билік соншалықты орталықтандырылған және қуатты болған жоқ. Біріншіден, патшалар әрдайым шіркеулермен бәсекелесуге мәжбүр болды. Екіншіден, жер иеленушілердің де рөлі маңызды болды. Бұл корольдің билігін шектейтін. 1215 жылдың өзінде қабылданған "Бостандық Хартиясы" батыс әлеміндегі алғашқы құқық құжаты болатын.

Оның үстіне, Еуропа аймағындағы таулар мен аңғарлар мемлекеттер мен қалалар арасында табиғи шекара қалыптастырды. XVI ғасырда Еуропада 500 мемлекет, тәуелсіз қалалар мен уездер бар болатын. Әр аймаққа ғана тән саяси формалардың сан алуандығы саясаткерлер мен саяси доктриналар арасында нағыз бәсеке тудырды. Нәтижесінде бір күйде өз жолын таба алмаған адам басқа мемлекетке оңай ауысып, бақуатты өмір құра алатын. Осындай бәсеке қызған ортада Еуропа соғыс өнерін, экономика және ғылымды дамытты.

Ал бұл уақытта Ресей мен Қытайды үлкен орталықтандырылған империялар, 100 жыл бойы ауыспаған династиялар басқарды.

Экономикалық және әскери оқиғалар еуропалықтарды отарлыққа итермеледі. Олар Азия, Африка және Америка құрлығына аттанды. Осының салдарынан ХХ ғасырдың басында еуропалықтар жердің 85 пайызына иелік етті.

Отарланған мемлекеттердің басшылары, әрине, батыстың саяси және экономикалық бақылауынан шығуға тырысты.  Барлығы бір нәрсені түсінді – экономикалық тұрғыда артта қалу тек батыстың билік институттары, басқару әдістері мен әскери құрылымдарының үлгісімен жеңуге болады екен.

Америкасыз әлем. Ол қалай еді?

Америка континенті ашылып, құрлық отарланып, АҚШ мемлекеті пайда болғанға дейін әлем қандай еді?

Ұлыбританияны адамзат тарихындағы мәдени құндылықтар экспорты бойынша үздік деп атауға болады. Британ империясы ағылшын тілін бүкіл әлемге таратып, банк жүйесі, адам құқығы, командалық спорт, басқару нысаны, парламенттік жүйе, жеке бостандық ұғымдарын кеңінен насихаттады.

Әлемде "америкалық арман" феноменіне дейін, ағылшындар бәріне шабыт берді. Адамзат "британ өмір салтын" ұстана бастады. Содан кейін ... McDonald's, рок-н-ролл, джинсы пайда болды. Бұл Американың әлемге сәтті жарнамасы еді. Америка Құрама Штаттарының Еуропадан айырмашылығы – бұл мемлекет барлық жаңалықтарға, эксперименттерге қорықпай баратын. Осы эксперименттердің көпшілігі оң нәтиже берді.

АҚШ экономикасының артықшылығы

АҚШ ХХ ғасырдың басынан бастап әлемдік ЖІӨ-нің жоғары үлесін сақтап келеді. АҚШ экономикасы қорғаныс саласына ең көп қаржы бөлетін ел.

Америка Құрама Штаттарындағы ірі корпорациялар мен университеттер арасындағы жақсы байланыс орнатылғандықтан, ел нанотехнологиялар, биотехнологиялар және басқа да инновациялар саласындағы көшбасшылықты сақтайды. Құрама Штаттарға ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді іс жүзінде қолдануға ешкім кедергі бола алмайды. Америкалық жоғары оқу орындары шетелдік студенттердің 30 пайызын тарта отырып, сапа жағынан көшбасшы бола алды. Қытайда да, Үндістанда да көптеген университет ашылып жатқанымен, олардың сапасы АҚШ-қа қарағанда әлдеқайда төмен.

АҚШ экономикасының тағы бір жетістігі – иммигранттар. Ақша табу жолымен кез келген жұмысты істеуге дайын иммигранттар экономиканы үнемі өзгертіп отырады. Мысалы, Силикон алқабында ашылатын фирмалардың жартысы иммигранттар есебінен құрылған.

АҚШ экономикасының әлсіз тұсы

Сонымен қатар ел экономикасының әлсіз тұсы да болды. Жинақ көлемі азайды, шетелдік имигранттар саны өсті, халық арасындағы мүлік теңсіздігі күшейді. Америкалықтардың 63%-і орта тап елде жойылып бара жатыр деп санайды.

Бұрынғы үшінші сортты елдер экономикалық тұрғыдан қарқынды өсіп жатқан уақытта мұндай проблемалар АҚШ-қа ауыр тиеді. Мысалы, Нью-Йорк қор биржасы енді акциялардың ең көп айналымы жүретін аймақ емес. Осыған байланысты еуропалық биржалар АҚШ-ты артта қалдырды.

Осыдан 30 жыл бұрын АҚШ-тың нарықты басқару құралдары өте икемді болып саналса, қазір Шығыс Еуропа бұл жүйеден озып кетті.

Көпполярлы әлем

Қазір шартты түрде аталатын үшінші әлем елдері адам құқығын сақтау және гендерлік теңдік орнату жолында әлеуметтік қайта құруды бастан өткеріп жатыр. Оларда да қоғамның бейнесі Еуропа мен Солтүстік Америкаға барған сайын ұқсас бола бастады.

Зәкәрия әлемдегі постамерикалық дәуірдің басталуын осымен байланыстырады: 1990 жылдарға дейін әлем екі полюске бөлінді – АҚШ бастаған капиталистік әлем және КСРО бастаған коммунистік әлем және бұл екі полюстің арасында қырғи-қабақ бәсеке бар еді. 90-жылдары, коммунизм идеясы өзін ақтамай, кеңестік империя құлаған кезде, Америка Құрама Штаттары өзін саяси сахнада монополист ретінде көрсетті.

Медальдың екінші беті

Закария АҚШ пен Еуропа елдерінен басқа елдердің жылдам өсу қарқынына оң көзқарас танытқанымен, ол жаһандық дамудың екінші жағына да назар аударады.

Экономиканың жедел өсуінің жағымсыз салдарының бірі – табиғи ресурстарды ұтымсыз пайдалану, қоршаған ортаға зиян келтіру. Ауыз су, таза ауа, ауылшаруашылық өнімдері – бұлардың қоры таусылуы мүмкін. ХХ ғасырда әлем халқы үш есе өсті, демек таза су  тұтынатындар саны 6 есе артты деген сөз.

Америкалықтар күніне орта есеппен 400 литр су тұтынады. Кедей елдерде күніне 40 литр су табу да үлкен жетістік. Бірақ орта тап елдері неғұрлым байыған сайын, соғұрлым көп су тұтынады. Африка мен Таяу Шығыста суға қатысты қақтығыстар қазірдің өзінде байқалады. Су ресурстары таусылғанда, миллиондаған адам тіршілік ету орталарын өзгертуге мәжбүр болады.

Электр қуатына деген сұраныс та артып келеді. Көліктер мен ұшақтар көбейді. Көлік санының артуы жанармайға деген сұранысты арттырады. Электр станцияларын салу қажет болды. Салдарынан парник газдар қалдығын азайту жөніндегі міндеттемені белгілейтін 1997 жылғы Киото хаттамасының маңызы жойылуы мүмкін.

АҚШ-қа ұсыныс

Фарид Закария жаңа державалардың пайда болуына байланысты алдағы жылдары әлемдік саяси аренада АҚШ қазіргі рөлін жоғалтуы мүмкін деп болжайды. АҚШ өз позициясын жоғалтпауы үшін елдің сыртқы саясатын келесі векторлар негізінде өзгертуі керек дейді автор:

Әскери күшке тәуелділікті азайту. АҚШ терроризммен күресудің түрлі әскери әдістерін жасауға 1 триллион доллар жұмсаған. Бірақ азаматтық дипломатияны дамытуға 10 миллиард доллар ғана бөлінген.

Әлемдегі әр қақтығысқа араласпау. АҚШ жанжалдың иісі сезілетін кез келген жерде жүгіруден аулақ болу керек. Мәселен, Таяу Шығыстағы шииттер мен сунниттер арасындағы қақтығысты шешу үшін орасан зор ресурстарды жұмсай берудің қажеті не? Егер қызығушылық тек өзінен кейіпкер жасау болса, бұл оған өте қымбатқа түседі.

Т. Раушанұлы