Абайдың 175 жылдығы қарсаңында құнды кітаптың тұсаукесері өтті

Семейде Ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында құнды кітаптың тұсаукесері өтті. Философия ғылымдарының кандидаты, абайтанушы, ғалым Асан Омаровтың басшылығымен жарық көрген кітап екі томнан тұрады. Бірінші томы – Абайдың әр жылдары жазылған өлеңдеріне арналса, ал екінші томына ақынның қара сөздері мен поэмалары еніп отыр. 

Кітапта Абайдың 200-ге жуық өлеңінің жазылған жылдары реттеліп, топтастырылған. Сондай-ақ, кітапта Абай Құнанбайұлының әр өлеңі қашан, қалай жазылғаны туралы мәлімет пен олардың мазмұнына түсініктер берілген.

"Мұндай жинақ Абайдың 150 жылдық мерейтойында жарыққа шыққан. Содан бері 25 жыл уақыт өтіпті. Осы жылдар ішінде ақынның жаңа өлеңдері табылып, жаңарту қажет болды. Осы мақсатта Абайдың 175 жылдығы қарсаңында жинақты жаңа шығармалармен толықтырып шығаруды мақсат тұттым. Бұл бастаманы қолға алғаныма 3 жыл уақыт болды. Міне, бүгін берекелі іс өз жемісін беріп, екі томдық кітап жарық көріп отыр. Кітаптың басты ерекшелігі – ақынның әрбір өлеңіне түсінік берілген. Күні бүгінге дейін Абай өлеңдерінің хронологиясы дұрыс берілмей, өлеңдері жинақылық таппаған. Мен әр өлеңінің жазылған жылдарына қарай топтастырып беруге тырыстым. Жалпы, кітапты 7 кезеңге бөлдім. Оқырман кітапты оқи отырып, Абайды жас Абай, бала Абай, жігіт Абай, ойшыл Абай, ұстаз Абай деп жекелей тани алады. Әзірге 100 данамен өз қаражатыма шығарған бұл кітаптың таралымы көбейетініне сенімдімін", - деді А. Омаров.

Айта кетейік, кітап Семейдің "Интеллект" баспасынан шығып, оқырманға жол тартты.