Париждегі өрттен кейін Гюго жазған романның танымалдығы артты

Париждегі өрттен кейін Гюго жазған романның танымалдығы артты
Фото: коллаж

Дүйсенбінің кешінде Париж аспанын қара түтін торлады. Қаладағы ең танымал тарихи ғимарат Нотр Дам шіркеуі қызыл жалынның құшағына оранды. Ал осы оқиғадан кейін "Париж Құдай Ана Соборы" жайлы 1831 жылы Виктор Гюго жазған романға сұраныс артқан.

BFMTV телеарнасы хабарлағандай, апта басында ең көп сатылған кітаптар тізімінде Виктор Гюгоның туындысы көш бастады. Сондай-ақ алғашқы ондыққа Нотр-Дам-де-Пари жайлы жазылған өзге тағы екі автордың кітабы енген.

Француз классигі Виктор Гюгоның атағын шығарған романның құндылығы аспандай түсті. Тіпті қайта жөндеу жұмыстары үшін де құнды дүние болмақ. Себебі әлем әдебиеті жақұтының алғашқы тарауында тұтастай осы шіркеу суреттелген. Ондағы әр бағана, қабырғасындағы әр сызық жайлы айтылады. 

Париж Құдай Ана Соборы жайлы жазылған Виктор Гюгоның романы француз халқы үшін зор тарихи мәнге ие. Туынды алғаш рет 1831 жылдың наурыз айында басылып шыққан. Негізінен бұл шығарма ғимаратты бұзу мен қайта салу жайлы ақпарлар айтыла бастағанда жазылған. Виктор Гюго романы жарыққа шыққаннан кейін тарихи готикалық ескерткішті сақтау жайында бастама көтеріліп, ғимарат сақталып қалған.

Тарихи ғимарат XIII ғасырда тұрғызылған. Франция символына айналған шіркеуді көруге әлемнің түкпір-түкпірінен жылына шамамен 13 миллионға жуық турист жиналатын.

Н. Үсенова