«Әдеби өлкетану» жобасы – Қызылордада

«Әдеби өлкетану» жобасы – Қызылордада
Фото: Қазақстан Жазушылар Одағы

Қазақстан Жазушылар одағының  тағы бір  ауқымды жобаларының бірі – «Əдеби өлкетану».

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Президенті Əкімшілігінің қолдауымен жүзеге асқан  жоба негізінде әр өңірден арнайы шығармашылық топтар құрылып,  белгіленген кесте-жоспар бойынша облыс-аудандарға әдеби экспедициялар ұйымдастырып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көркем шығарма жазуды қолға алды.

Жоба барысында қаламгерлер төменде көрсетілген мақсат-міндеттер бойынша жұмыс атқарды:

1. Қазақстанда әр жылдары жазылған шығармалардың әдеби картасын жасау;

2. Ел аралап, зерттеу жұмыстарын жүргізген қаламгерлердің материалдары негізінде жаңа кітаптар, көркем шығармаларды жазу;

3. Аймақтарда жалпыхалықтық деңгейге шықпаған әдеби-рухани жәдігерлерді зерттеу

4. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі өңірлерде болып жатқан мәдени-рухани оң өзгерістер туралы және классикалық шығармаларда кездескен тарихи орындардың бүгінгі жай-күйі негізінде жаңа материалдар дайындау және т.б.

«Әдеби өлкетану» Ақмола облысынан бастау алып, Тараз және Қызылорда, Алматы, Түркістан және Маңғыстау, Павлодар, Атырау облыстары мен елордасы  – Астана қаласында  жалғасын тапты.

ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Мырзан Кенжебайдың «Әдеби өлкетану|Сыр ғажайыптары» жобасы аясындағы Қызылорда қаласындағы сапары барысында облыс әкімі

Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен Республикада алғаш рет ашылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыратын «Рухани жаңғыру» орталығымен танысты. Қаламгер орталық қызметкерлерімен кездесіп, орталық директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Мыңжас Нұрлыбек Кәрібозұлымен өңірдің әдеби және рухани мұралары, тәуелсіздік алған жылдардан бастап жергілікті жердегі оң үрдістер мен өңірдің даму бағытындағы жоғары көрсеткіштері жайлы пікірлесті. Ақын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірде жүзеге асырылуына тікелей жауапты облыс әкімінің орынбасары Рүстемов Руслан Рүстемұлының қабылдауында болды. 

Аталмыш жоба аясында ақын, драматург Иран-Ғайып Қазалы ауданы Әйтеке би кентінің аудандық мәдениет орталығында ұйымдастырылған кездесу кешіне қатысса,  белгілі ақын, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Динара Мәлік іс-сапардан алған әсері мен жинаған деректерінің негізінде шығармасын жазуда.  

Қаламгерлер қауымынан қолдау тапқан жоба туралы:

Мырзан Кенжебай:

«...Әуелі Қызылорда қаласында болып, кейін Арал ауданына аттандым. Арал қаласынан әрі Үстіртке қарай көсіліп жатқан, арғы шеті Қарақалпақстанмен шектесетін Құланды, Бозой, Сарой, Қоянқұлақ, Қосқұлақ елді, елсіз мекендерін аралап, Беларан, Қаратүп шыңдарын суретке түсіріп алдым. Бұл жерлер жазушы Ә.Нұрпейісовтың атақты «Қан мен тер» трилогиясында да көрсетілген. Осы Құланды түбегіне, Беларанға, Арал теңізінің кешегі-бүгінгісіне арнаған өз өлеңдерімді алдағы жазбаға кіргізу ойымда бар. Алдағы жоспарлап отырған қолжазбам негізінен мынадай тақырыптардан тұрады:

Сыр өңірінің арғы-бергі тарихына әуелі қысқаша шолу;
Арал теңізі: кеше және бүгін;
Арал теңізінің жағалауындағы жер-су аттарының шығу тарихы;

Осы өңірде өмір кешкен, сол аймаққа белгілі, бірақ, қалың елге әлі де беймәлімдеу Сал-сері, жырау, күйші, ел қорғаған ерлер және басқа да тарихи тұлғалар туралы ел аузынан жиғандарымды жазу...» -деп пікір білдірсе, Динара Мәлік: «Бұл киелі аймақ, қасиетті Сыр өңірі қазақ даласындағы ең көне мәдени ошақтардың бірі. Бұған ешкімнің таласа алмасы да ақиқат. Себебі, ежелгі дәуірлерді былай қойғанда, Орта Азияның әлемге даңқы шыққан алып қалалары осы Сыр өзенінің бойында орналасқан....

Облыстағы ұйымдастырушылардың жұмыс жасау тәртібіне, сапасына, мәмілесіне, өңір тарихымен, халқының тыныс-тіршілігімен танысуыма мол мүмкіндік жаратып бергеніне үлкен ризашылықпен оралдым»  -деген болатын.

Республикамыздың әр аймағындағы әдебиетті, мәдениетті тереңінен танып, өлкеміздің тарихын зерттеп-зерделеп, оны көркем тілмен жеткізу ұлттық әдебиетімізге қосылатын мол үлес, өркендеуіне жол ашу екенін ескерсек, «Әдеби өлкетану»  жобасы –   әдебиетіміздің алтын қазынасына қосылған айтулы еңбек.

Гүлзия Бағдатқызы  

Ө. Сансызбай