Алаштың ақиық ақыны Мағжанның туғанына 125 жыл толды

Алаштың ақиық ақыны Мағжанның туғанына 125 жыл толды

Бүгін қазақтың ақиық ақыны, Алаш қозғалысының қайраткері, педагог, Мағжан Бекенұлы Жұмабаевтің туғанына 125 жыл толды. Биылғы жыл ақынның мерейтойына байланысты түркі әлемінде  түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, ақынға арнап ескерткіштер қойылды. Өткен жылдың соңында Түркістан қаласында Мағжанның еңселі ескерткіші бой көтерген болатын. Осыдан үш күн бұрын Петропавлда ақынның тағы бір ескерткіші ашылды.

Биылғы жыл Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойы Париждегі ЮНЕСКО төрінде тойланды. Мәртебелі халықаралық ұйым қабырғасында өткен шараға 20-дан астам елдің ғалымдары жиналып, түркі жұртына ортақ дүниелерді талқылады. "Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке" деп аталатын басқосуды Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырды. Алаш қайраткерінің мерейтойына орай биыл 250-ге жуық  іс-шара өткізу белгіленген.

Атап айтсақ бүгін Петропавл қаласында Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған пошта маркасы айналымға енгізілді. "Естелiк және мерейтойлық мерекелер" пошта маркасы 4 түстi бояулы офсеттiк басылыммен он маркадан тұратын парақ түрiнде жасалған, перфорациясы айдарлы, таралымы 10 мың дана.

"Мағжан Жұмабаев мұрасы және әлемдiк руханият" тақырыбындағы конференция барысында, сондай-ақ марапаттау рәсiмi өттi. Ақын шығармашылығын насихаттауға қосқан елеулi еңбегi үшiн бірқатар қоғам қайраткерлері «Мағжан Жұмабаев» төсбелгiсiмен марапатталды.

Халықаралық Түркі академиясы оның таңдамалы шығармалар жинағының алғаш рет өзбек тілінде жарық көруіне де мұрындық болды. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін өзбек тіліне талантты ақын, білікті аудармашы, Қарақалпақстанның халық ақыны Мұзаффар Ахмад тәржімалады.

Ал 2018 жыл Түркияда қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың жылы болып жарияланды.

Еске сала кетейік, Мағжанның абақтыдағы өмірі атылғанға дейінгі тағдыры бейнелеген фильмді жазушы Марат Қоңыров бастаған топ түсіріп, оны түрік халқы дубляж жасаған болатын. Фильм Түркия көрермендеріне көрсетілді. Сонымен қатар, осы жылы ақынның 26 өлеңі түрікшеге аударылып, жеке жинақ болып жарық көрді.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар