«Алтын Тобылғы-2017» әдебиет байқауы өтеді

«Алтын Тобылғы-2017» әдебиет байқауы өтеді
Фото: bnews.kz

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры биыл үшінші рет өтетін дәстүрлі «Алтын Тобылғы» әдебиет байқауына өтінімдерді қабылдау басталғаны туралы хабарлайды. Сыйақының жалпы қоры – 5,5 миллион теңге.

Байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық әдебиетте жаңа есімдерді қалыптастыру және жас қаламгерлердің өмірлік философиясын көрсететін қазіргі заманғы әдебиетке қоғамның қызығушылығын арттыру болып табылады.

Жобаның серіктестері – Қазақстан Жазушылар одағы және Мемлекеттік тілді дамыту қоры.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры «Алтын Тобылғы» әдебиет сыйлығын алғаш рет 2015 жылы тағайындаған. Байқау Қазақстанның жас таланттарын қолдауға бағытталған және олардың әдебиет саласындағы шығармашылық әлеуетін көпшілікке танымал етуге мүмкіндік береді. Жас ақын-жазушылар, прозаиктер мен драматургтердің жаңа есімдері елге танымал болып, шығармалары қазіргі заманғы әдебиетте лайықты орынға ие болады.

Байқауға еліміздің 18-35 жас аралығындағы жас дарындар қатыса алады және бұдан бұрын еш жерде жарияланбаған туындылар ғана қабылданады.

«Алтын Тобылғы» сыйлығы «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік балаларға арналған шығарма» сияқты төрт номинация бойынша тағайындалған. Әрбір номинацияның жеңімпазына 1 миллион теңге сыйақы беріледі. Сонымен қатар, биылғы жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы мақсаттарды жүзеге асыруға арналған арнайы тақырыптық номинация жарияланды. Бұл «Туған ел» номинациясы бойынша сыйақы 1,5 миллион теңге көлемінде белгіленді.

Шығармаларды еліміздің танымал мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен журналистерінен құралған Қазылар алқасы сараптайтын болады.

Байқауға ұсынылған жұмыстар жанрға сәйкестік, ойлау дербестігі, авторлық ұстаным, баяндау реттілігі мен мағыналылығы, идея ерекшелігі, әдеби-көркем құндылығы, көркемдік қиял мен шығармашылық көзқарас, эстетикалық әсер тереңдігі сияқты өлшемдер бойынша бағаланады. Байқауға ұсынылған туындыларды бағалау әділдігі барынша жетілдірілген. Шығарма лақап атпен қабылданып, сараптау кезінде қазылыр алқасы шығармалар авторларының есімдерін білмейтін болады.

Өтінімдер 2017 жылғы 1 шілде мен 1 қараша аралығында қабылданады. Жеңімпаздар есімі (сыйлық лауреаттары) 2017 ж. желтоқсан айында жарияланады. 

Сыйлық байқау негізінде төмендегідей номинациялар бойынша тағайындалады:

1) «Жылдың үздік прозасы»;

2) «Жылдың үздік поэзиясы»;

3) «Жылдың үздік драматургиясы»;

4) «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы»;

5) «Туған ел» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды.

Әрбір номинация жеңімпазына әдебиет саласындағы «Алтын тобылғы» Сыйлығының лауреаты атағы және 1 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі. 1,5 миллион теңге көлеміндегі арнайы сыйақы «Туған ел» арналған тақырыптық номинация жеңімпазына беріледі.  

Шығармалар 2017 жылғы 1 шілдеден мен 1 қарашаға дейінгі аралықта қабылданады.

Байқау қорытындысы 2017 жылы желтоқсанның  бірінші онкүндігінде жарияланады.

Сыйлыққа әдеби туындыларды ұсыну тәртібі

  1. Байқауға 18-35 жас аралығындағы жас қаламгерлердің қазақ және орыс тіліндегі шығармалары қабылданады.
  2. Бір автор екі номинацияға қатысуға құқылы.
  3. Авторлық жұмыстарға қойылатын талаптар:

1)    байқауға бір автордың бұрын еш жерде жарияланбаған екі шығармасы ғана қабылданады;

2)   байқауға бейнормалық қолданыстағы сөздер кездесетін, этикалық нормалар мен авторлық құқықтар бұзылған шығармалар қабылданбайды;

3)    шығарма А-4 форматында, мәтін 14 көлеміндегі Times New Rоman шрифтімен 1,5 аралықта терілуі керек. Мәтіннің көлеміне қойылатын шектеу:

-         проза үшін – 35 беттен кем емес;

-         поэзия үшін – 5 беттен кем емес;

-         драмалық шығарма үшін – 30 беттен көп емес;

-         балалар әдебиеті үшін – 25 беттен көп емес;

-       «Туған ел» тақырыбына арналған түрлі жанрдағы әдеби шығарма (проза – 35 беттен кем емес; поэма – 5 беттен кем емес; драма – 30 беттен көп емес; балалар шығармасы – 25 беттен кем емес;).

Байқауға жіберілетін өтінім «Алтын тобылғы» деп белгі қойылып бір конвертпен мынадай тәртіппен жіберілуі керек:

Конвертке бөлек салынатындар 1) автордың аты-жөні көрсетілмей бір данада басып шығарылған шығарма, 2) автордың өзі туралы мәліметтер осы конверттің ішінде жеке конвертте болуы тиіс:  аты, тегі, әкесінің аты, туған жылы, тұрғылықты мекенжайы, байланыс телефондары, e-mail.

Өтінімдер поштамен Астана қаласы, Ә.Бөкейхан көшесі, 10 үй, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мекенжайына және  at2017@fpp.kz электрондық поштасына  жіберілуі тиіс.

Ж. Жұмағұлов