Аңызға айналған жазушылар мен олардың стилі туралы кітап жазылды

Аңызға айналған жазушылар мен олардың стилі туралы кітап жазылды
Фото: vk.com

Терри Ньюман есімді фэшн-журналист жазушылардың киім үлгісі туралы кітап шығарды. «Аты аңызға айналған жазушылар мен олар киген киім» («Legendary Authors and the Clothes They Wore») кітабында Вирджиния Вульф, Фицджеральд, Джоан Дидион, Патти Смит, Донна Тартт секілді 49 автордың стилі талданған.

Кітапта даңқты жазушылардың сән әлемімен қаншалықты тығыз байланысты екенін көрсететін ескі фотосуреттер, сұхбат үзінділері, цитаталар мен фактілер топтастырылған. Мысалы, «Улисс» романының авторы Джеймс Джойс мата сатушы қызметін атқарған және өзі үнемі ирландиялық твид матадан тігілген киімдерді ұнатқан. Жазушы Гертруда Стайн болса, қазіргі таңда қайта өрлеу дәуірін кешіп жатқан Пьер Бальмен сән үйінің тұрақты тұтынушысы болған. Ал, британиялық драматург Джо Ортонның шығармашылығында белгілі кутурье Вивьен Вествуд пен Малькольм Макларен ұсынатын киім үлгілеріне деген қызығушылық байқалады. Кітап мұқабасына адами қасиеттер құлдыраған заман мен мәдени хаос туралы үрей мен қорқынышқа толы туындылары арқылы танылған америкалқы Джоан Дидион есімді жазушының суреті таңдалған.

Кітап шілденің аяғында жарыққа шығады. Қазір тек электронды нұсқасын сатып алуға ғана мүмкіндік бар.

А. Оралқызы