"Үр" және "Сая" егіз кітабының тұсаукесері өтті

"Үр" және "Сая" егіз кітабының тұсаукесері өтті
Фото: ©Massaget.kz

Жуырда жас ақын, "Ұлан" газетінің тілшісі Аслан Тілегенов пен оның аяулы жары, марқұм Гүлзат Нарытбектің "twinbook" форматындағы "Үр" және "Сая" кітабы жарық көрді деп оқырмандардан сүйінші сұраған едік. Кеше ғана сол кітаптың Әл-Фараби кітапханасында тұсаукесері өтті.

Су жаңа кітаптың тұсауын қазақтың белгілі ақындары Есенғали Раушанов пен Аманхан Әлімұлы кесті. Осынау тұсаукесердің болатыныны естіп, сонау Шым қаладан Гүлзаттың анасы Жұпар апай, сондай-ақ әдебиеттегі аға буын мен орта буын өкілдері, Асланның әріптестері, "Ұлан" газетінің жас тілшілері және бір топ студент қатысты.  

"Балдырған" журналыынң бас редакторы Дүйсен Мүсірәлі мен жазушы Серік Нұғыман ағалары құтты болсын айтып, Асланға ақ жол тіледі.  

Кештің ерекше форматы сол, кеш иесі екі өлеңнен, сонымен бірге Асланның әдебиеттегі үзеңгілес бір топ ақын достары бір өлеңнен оқып, жырдан шашу шашса, жас сазгер Тәуірбек Бозекенов Асланның сөзіне жазылған "Өткен жауын" әнін орындады. 
 
 
Сондай-ақ, Аслан мен Гүлзаттың университетте сабақ берген ардақты ұстаздары Ләйлә Мұсалы және Мәкен Қасымбайқызы сөз сөйлеп, естелік айтып, жүректерді тебірентті. 
 
 
 
 
Тұсаукесер соңында Аслан келген қонақтарға қолтаңбасымен "Үр" және "Сая" жинағын тарту етті. 
Ж. Жұмағұлов