«Жүрегі жырдан жаралған» атты жазба ақындар мен әншілер байқауы өтті

«Жүрегі жырдан жаралған» атты жазба ақындар мен әншілер байқауы өтті
Фото: adebiportal.kz, bmtv.kz

Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі аясында қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы, Тұманбай Молдағалиевтің поэзиясын ардақ тұту, насихаттау, жас таланаттарды таныту мақсатында «Жүрегі жырдан жаралған» атты республикалық жазба ақындар мен әншілер байқауы тұңғыш рет өтті. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Байқаудың шымылдығын құттықтау сөзбен ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов тіл айлығы қорытындысы бойынша бірқатар азаматтарға Алматы облысы әкімінің, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамоталарын тапсырды. Сондай-ақ тіл жанашырларына Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Құрмет грамоталары да берілді.

Осы күні Тіл басқармасының «Әдебиет порталымен» бірлесіп өткізген «Поэзия, менімен егіз бе едің?!» атты онлайн-мүшәйраның жеңімпаздары марапатталды. «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» интернет жобасының жетекшісі Бауыржан Қарағызұлы  порталдың Мұқағади Мақатаев атындағы сыйлығын тапсырды. Шара барысында Т. Молдағалиев туралы фильм көрсетілді.

«Жүрегі жырдан жаралған» республикалық байқауына Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов, қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулетов, ақын, Халықаратыл «Шабыт» жастар фестивалінің екі мәрте лауреаты Бауыржан Қарағызұлы, дәстүрлі әнші, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлі, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Ахмет Кендірбекұлы қазылық етті. Өнер сайысына еліміздің барлық облыстары мен қалаларынан 29 жас қатысты.

Жас ақындар Т. Молдағалиевке арнаған және тәуелсіздік тақырыбындағы екі өлеңін оқыса, жас әншілер ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады.

Байқау жүлдегерлеріне облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың Дипломдары мен ақшалай сыйлықтары табыс етілді. Әншілер арасында Бас жүлдені Астана қаласынан келген Әнел Смайылова иеленсе, атыраулық жас ақын Серік Қойшығұлов жас шайырлар ішінен оза шығып, Бас жүлде алды.

Жазба ақындар арасында бірінші орын павлодарлық Айбек Оралқанов иеленсе, екінші орынды алматылық ақын Динара Мәлікова мен маңғыстаудан келген Бақытжан Әміров өзара бөлісті. Үшінші жүлде Ажар Ерболған, Балтабек Нұрғалиев және Талғат Мықидың еншісіне бұйырды.

Әнішлер арасында жүлделі бірінші орынға Гауһар Ермекқызы ие болды. Екінші орын қостанайлық Жарқынбай Дерипсалдин мен павлодардан келген Жібек Айтбаеваның еншісіне тиді. Ал үшінші орынға Гүлнұр Аймахан, Амангелді Ахметжанов, Нұрперзеент Жүсіпбекұлы ие болып, жүлдегерлер арасынан табылды.

Н. Айдархан