Таласбек Әсемқұловтың көптомдығының тұсаукесері өтеді

Таласбек Әсемқұловтың көптомдығының тұсаукесері өтеді
Фото: Зира Наурызбаева

Қыркүйектің 21-інде сағат 16:00-де Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада және қыркүйектің 23-і күні сағат 11:00-де Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында күйші, жазушы, зерттеуші, кинодраматург Таласбек Әсемқұловтың көптомдық таңдамалы шығармаларының тұсаукесер рәсімі өтеді. 

Жоспарланып отырған көптомдықтың бес томы мемлекеттік тапсырыспен «Қазақ энциклопедиясы» баспасыннан жарық көрді. Оған автордың прозалық шығармалары, әдебиет пен өнер турасындағы мақалалары мен мәдениеттану саласындағы зерттеулері және кинодрамтургиядағы еңбектері енген.

Тұсаукесерге елімідің белгілі қаламгерлері мен әдебиеттанушылар және БАҚ өкілдері мен оқырмандар қатысады.

Таласбек Әсемқұлов (1955-2014) – күйші, жазушы, зертттеуші, кинодраматург. Белгілі сыншы Әлия Бқпежанова Таласбек туралы былай жазады: «Ұлттық топырағы мықты, өмір бойы өзін-өзі баптап, тәрбиелеген, халық даналығы мен бүкіл жеті ғаламның  білім-ілімін бойына жинаған және жинағанының бәрін кәдеге жаратып, Ұлтына, туған халқына қызмет етудің биік үлгісін көрсетіп  өткен,  халқын сүйетін, тарихын, өнерін қастерлейтін,  білімге құштар әрбір жас пен жасамыстың досы болған үлкен Тұлға... Т.Әсемқұловтың әдебиет, музыка, бейнелеу, кино, дәстүрлі өнер, тарих, этнография, мифология салаларындағы шығармалары, яғни,  жан-жақты да көп қырлы шығармашылығы – ұлттың өзін-өзі жете тануы, терең зерделеуі, рухани түлеуіне бастайды. Өнерді, мәдениетті және осылар арқылы қоғамда да  өтіп жатқан үдерістерді түсініп-пайымдауға үлкен үлес қосады.

Таласбек шығармашы­лығы­ның даралығы – оның қай саладағы еңбек­терінде де   ғылыми негізділік және еркін сұхбаттастық қатар өріліп отыратындығы екенін қадап айтуымыз керек. Қай тақырыпта, қай салада жазса да тізгін бермес тұлпардай жүйткіген оның жазуын­дағы тағы бір ерекшелігі – балаға да, данаға да түсінікті қарапайымдылығында. Нұрлы білімімен қатар заманға сай ойшыл­дығында. Бүгінгі заманның мәдени-рухани ахуалын зерде­лей, конструкциялай білетін жаңашыл­дығында. Яғни,  жаңа мағыналар тудыра алғандығында».

Н. Айдархан