Табылды Досымовты еске алуға арналған кеш өтеді

Табылды Досымовты еске алуға арналған кеш өтеді
Фото: massaget.kz

3 қазан күні сағат 15.00-де әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің химия факультетінің үлкен залында қазақтың тұңғыш бард әншісі, композитор Табылды Досымовты еске алуға арналған кеш өтеді.

Махамбет Өтемісұлы атындағы халықаралық жарыстың екі дүркін жеңімпазы, тау тұлғалы Толағай көзі тірі болғанда 50 жасқа толар еді. Гитара асынған қазақтың қара домалақ баласы 90-шы жылдары жарқ етіп шығып, сол биігінен әлі де аласармай келеді. Ақынның сағынышқа, мұңлы сезімге, тәкаппар намысқа толы әндері көптің жүрегін жаулап алды. Жастарға патриоттық рух сыйлап келеді. 

Табылды Досымовты еске алуға арналған іс-шаралар 13 шілдеден басталды. Одан бергі аралықта түрлі еске алу кештері ұйымдастырылды. Бұл шаралардың легі Табылды оқыған қара шаңырақ ҚазҰУ-де жалғаспақ. 

Кетем бе, кейде, бала боп,

Жүрсем де алыс, шалғайда.

Қайда сол, КазГУ-городок,

Алматы қайда, мен қайда? - деп жырлаған Табылдының бұл әнін замандастары жатқа айтады. ҚазҰУ-дегі еске алу кешінің де аты «Қайда, сол КазГУ – городок» деп аталып отыр. Кеш барысында лирикалық әсем әндер мен бард жанрындағы рухты жырлар орындалатын болады. Келем деушілерге есік ашық!

Ө. Сансызбай