Нобель сыйлығының иегері Томас Транстремер дүние салды

Нобель сыйлығының иегері Томас Транстремер дүние салды

Нобель сыйлығының иегері, швед ақыны Томас Транстремер 84 жасында дүниеден озды. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ақын ұзаққа созылған науқастан Стокгольмдегі ауруханалардың бірінде көз жұмған. Томас 1990 жылы ауыр инсульт алып, сөйлеу қабілетінен айырылған болатын.  

Ол 2011 жылы Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанған. Нобель сыйлығы комитетінің шешімінде Транстремердің туындылары «өзінің мазмұнды тұнық бейнелерімен шынайы өмірге жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік беретіндігі» айтылған. 

Томас Транстремер 1931 жылы 15 сәуірде Стокгольмде дүниеге келген. Мамандығы бойынша психолог-дәрігер. Алғашқы кітабы 1954 жылы жарық көрген. Оның 15-ке тарта жыр жинағы 60 тілге аударылған. Томас Транстремердiң еншiсiнде Нобель сыйлығынан басқа да марапаттар бар. Атап айтқанда, Микаэл Бельман атындағы (Швеция, 1966 жыл), Франческо Петрарка атындағы (Италия – Германия, 1981 жыл), Bonniers баспасының поэтикалық сыйлығы (1983 жыл), Солтүстiк кеңесiнiң Үлкен сыйы (1989 жыл), Нейштадт атындағы (АҚШ, 1990) сияқты қомақты сыйлықтардың лауреаты атанған.

Сурет: b.dk

Н. Айдархан