Серік Ақсұңқарұлы: "Есенғали – ХХІ ғасырдың ұлы ақыны!"

Серік Ақсұңқарұлы: "Есенғали – ХХІ ғасырдың ұлы ақыны!"

Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлы өзінің фейсбуктегі жеке парақшасында ақын Есенғали Раушановтың поэзиясы туралы пікірін білдірді.

"Есенғалидың жырларын оқып, есімнен танып отырмын! («Жас АЛАШ» 24.02.2015 ж.). Міне, қазақтың қара өлеңінің биік деңгейі! Адамзаттың көзін арбаған 50 елдің қайсысы тізе қағысар екен онымен?! Есенғали – ХХІ ғасырдың ұлы ақыны! Алаштың атойлаған асқақ рухы кәуірлер Хан Кененің басын кесіп алған күні қара аспанға ұшып кеткен деп, ойлаушы едім... Қайрылмасқа кетті деп! Қазақтың Қара Өлеңіне айналып кеткен екен ғой! Мұндай ұлы жыры бар елдің Цивлизация көгіне шырқап шығып, тәкаппар адамзатты өзіне жалт қаратпауы мүмкін емес!", - дейді ақын.

Есенғали Раушановтың жаңа өлеңдері туралы Ақсұңқарұлының жазбасына жас ақындар мен оқырмандар мынадай пікір қалдырды:

Айгүл Түсіпбекова: "Ғажап, ғажап! Секеңнің өзі есі кетіп отырғанда, басқалардың не жаны?! Әркім өзінше ұғынып, қабылдайды ғой, бірақ. Далбасалап жүргендер, қайттік енді?!"

Заман Төлеуов: "Мұңы да таза, ойы да анық, жасанды қайғы кешу емес, менің де өзгенің де өміріндегі тұнық суреттер..."

Бағдат Мүбарак: "Марқұм Әмірхан Балқыбек айтып еді: "Есенғалиді қазақ жастарының 95-пайызы сүйіп оқиды", - деп. Бұл, балталасаң да бұзылмайтын - аксиома!"

Одан кейін Серік Ақсұңқарұлы жеке парақшасына Есенғали Раушановтың бірнеше өлеңін салып, артынша ақынға арнаған өз өлеңін жариялады.

Есенғалидің Алматыға келуі

Аузын ашса -
Өзегінен өлең төккен шәйірді,
Цивилизация домбырадан айырды.

Алматыға келген жандай шет елден, 
«Қазақпын» деп кіре кеуде көтерген, 
Өлеңдетіп сәлемдескен деседі, 
Тіпті, декан Қожакеев көкеңмен.

«Мынау келе қырмай кетсе - жарады...» 
Көкем оған ала көзбен қарады. 
...Қаратаудан жылан көшті сол жылы, 
Алатаудан жасын ойнап барады.

«Мұқағали қайда?!» - депті... Ел мұны —
Түсіне ме, о да ақылдың кемдігі. 
Қадағаңды оқымаған, оқыса – 
Оның бұлай сөйлемесі белгілі.

Шөмішбайлар классикке бергісіз.
«Ал, сіз...
Бала!
Қайдан келген шерлісіз?!»
Кіре мынау - шулатқаны...
Кейіннен
Тағы нені бүлдірері белгісіз!
Шөмішбайды айт - классикке бергісіз!

«Домбырасыз қазақта ақын болмайды!» -
Депті тағы...
Кім естіген ондайды!
Жарасқандар Қадағаңнан сарнатса,
Мынау - сонау Қашағаннан толғайды.

Кезіп Ташкен - Келінтөбе қолатын, 
Сұмдық ойға батып келді сол ақын. 
Мұқағали ішіп жүрген бұл кезде, 
Мағжан да «халық жауы» болатын...

Келген жұрты - Күлтегіннің жұрты еді. 
Соңғы тұяқ неден шошып, үркеді. 
Түп-тұқиян, зәузатымен қырсаң да 
Түбін таппай қоймайды екен түркі елі!

Е, мына жұрт - Қазтуған сайран салған жұрт, 
Бабырға еріп, жер түбіне барған жұрт. 
Есін жиып алмай қоймас қалған жұрт! 
Қайран да қайран Қазтуған сайран салған жұрт.

Сурет: kaz.tengrinews.kz

Ш. Талап