Жаңа кітап оқырман мен кейіпкер арасын жақындата түспек

Жаңа кітап оқырман мен кейіпкер арасын жақындата түспек

Бірде болмасын бірде кітап оқи отырып, жылауға шақ қалған кездеріңіз болған шығар? Жасырмаңыз, әдетте мұндай жағдай жүрек қылын шертер фильмдермен салыстырғанда, кітап оқу үстінде сирек кездесіп тұрады. Жазушы біздің жүректі алфавиттегі отыз-қырыққа жуық әріппен сендіргісі келеді...

Жуырда Массачусетс технологиялық институтының медиа-зертханасының зерттеушілері кітаптағы кейіпкердің бастан кешкен физикалық хал-ақуалын беруге тырысатын "киінетін кітаптарды" жасап шығарды. Sensory Fiction жобасы жақын таңда кеудеге қондырылып, кітап оқуға мүмкіндік беретін сенсорлық тетіктердің мүмкіндігін толықтыра түспек.

Сол арқылы, оқырман кітаптағы кейіпкерлермен бір қатарда сюжетті бастан кешуге мүмкіндік алады. Мәселен, бас кейіпкердің қапалы кезінде жүздеген жарық диодты шам кітапты көмескі сәулелендірсе, қорқынышта кеудешедегі қапшықтар ауаға толтырылып, еңсеңізді басуға тырысады, уайымдағанда арнайы дірілдер (вибрация) жүректің соғысын жиілетпек.

Мамандар дәл қазіргі таңда көпшіліктің электронды кітапқа көшіп жатқанын ескере отырып, физикалық әсерленудің көркем әдебиетте эволюция жасайтынына сенімді.

Өз кезегінде, бұл жаңалыққа сенбейтіндер де табылуда. Олардың ойынша, бұл оқудың сиқырлы сәтін жояды-мыс. Дегенмен, жаңа заманда кітап оқитындардың қатары сиреген тұста әдебиетке қызығушылықты оятатын кез келген әдістің өте-мөте қажеттілігі бар сияқты. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Дайындаған: Әкежан Дәкен

сурет: motherboard.vice.com; stylus.com 

Л. Лига