Бибігүл Төлегенова туралы кітап жарық көрді

Астана қаласының «Қазақстан» орталық концерт залында КСРО халық әртісі, классикалық вокал өнерінің жарық жұлдызы Бибігүл Төлегенованың өмірі мен шығармашылығы жайында жазылған жаңа кітап қазақ оқырмандарына жол тартты деп хабарлайды "24kz" арнасы.

«Бибігүл Төлегенова: сүйіспеншілік, үміт және сенім» атты қазақ тіліндегі жаңа туынды мың дана болып жарық көрді. Былтыр кітап орыс тілінде шыққан болатын. Авторы – Ирина Серкебаева. Енді КСРО халық әртісі жайында жазылған еңбек мемлекеттік тілге тәржімаланып, жарық көрді.

Бибігүл Төлегенова, КСРО халық әртісі:

- Біріншіден, «ПетроҚазақстан» компаниясына алғыс айтқым келеді. Өйткені компания ұжымы көмегінің арқасында орысша және қазақша нұсқасы шығарылды. Басқа да жұмыс, байқау, концерт ұйымдастырамыз, соның барлығына аталған серіктестік демеу болуда.

Кітапта Бибігүл Төлегенованың өмірі мен өнердегі жолы жазылып, әр кезеңде түскен суреттері бейнеленген. Кітаптың тұсаукесеріне жиналған жұртшылық өнер иесіне ізгі тілектерін білдірді.

Тоқтар Әубәкіров, ҚР Халық қаһарманы:

- Газеттерде, журналдарда ғана шығарушы еді. Бибігүл апай туралы жазатын мәлімет көп. Біздің балаларымыз, болашағымыз кітапты оқып, Бибігүл апайындай болсын дегім келеді.

Кеш соңы концерттік бағдарламамен жалғасты. Онда Бибігүл Төлегенованың репертуарындағы әсем туындыларды өнердегі ізбасарлары орындады. Ирина Серкебаева келесі туындысын атақты балетмейстер Болат Аюхановқа арнамақшы.

Сурет: dailynews.kz

Дайындаған: Анар Мұстафина

Бөлісу: