«Әуезов әлемі» байқауының бас жүлдесін шығыс қызы еншіледі

«Әуезов әлемі» байқауының бас жүлдесін шығыс қызы еншіледі

Дана халқымыздың дара перзенті, дариядай қазақ әдебиетінің дарынды қаламгері, кемеңгер ойшыл, ұлы суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың туғанына 116 жыл және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне 80 жыл толуына орай қазақстандық ЖОО-ның студенттері арасында «Әуезов әлемі» атты республикалық шығармашылық сайыс болып өтті. Байқауды ҚазҰУ-дың «Ай-Ару» рухани-танымдық студент қыздар Орталығы ұйымдастырды. Жетекшісі - ф.ғ.д., профессор Қанипаш Мәдібаева.

Шарт бойынша, сайысқа «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» мамандығы бойынша білім алатын жоғары оқу орындарының 3-курс студенттері және әрбір оқу орнынан 1 студент қатыса алатын еді. Сайысқа Абай атындағы ҚазҰПУ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті, С.Демирел атындағы қазақ-түрік университеті, Қайнар университеті, және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен жалпы саны 9 білімді, талантты студент қатысты.

Әуезов шығармашылығын насихаттау, оны келер ұрпаққа жеткізу мақсатында, білімді, дарынды жастарға қолдау көрсету бағытында өткізілген сайыс төрт кезеңнен (Әуезов шығармашылығынан тест бойынша сынақ, эссе жазу, тірек сөздер бойынша ауызша «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде сөйлеу, тосын тапсырма) тұрды.

Байқау шарты бойынша бірінші (тест бойынша сынақ) және екінші (эссе жазу) кезең сайыс басталмай тұрып, университет дәрісханаларының бірінде жабық түрде өтті.

Сайыскерлерге 50 сұрақтан тұратын 2 нұсқада тест берілді. Тест Мұхтар Әуезовтің жалпы шығармашылық мұрасына қатысты дайындалып, прозалық туындылары, драматургиясы, көркем аудармалары, әдеби зерттеу еңбектері, публицистикасы қамтылды.

Сайыскерлер екінші кезең - эссе жазуда түрлі тақырыпта қалам сілтеді. М. Әуезовтің өмірбаян кезеңдеріне қатысты "Балалық шақ. Ата өнегесі", "Әуезов өмірінің Семей кезеңі", "Алаш және Әуезов", "Әуезов және Абайтану", "Әуезов және саяси қысым", т.б. тақырыптар берілді. Тақырыптар жеребе бойынша берілді.

Екі кезең аяқталған соң сайыстың салтанатты ашылу рәсімі Мұхтар Әуезов дәріс берген 312-дәрісханада жалғасын тапты. Кіріспе сөз филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы, ф.ғ.д, профессор Гүлмира Қазыбекке берілді.

Байқауға MTDI кіші ғылыми қызметкері Сымбат Молдахметова, әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері Мұхтар Шайхиев, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер инситутының бас ғылыми қызметкері Гүлзия Пірәлиева қазылық етті.

Сайыс алдында филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 4-курс студенті Айбек Шегебайдың «Әуезов әлемі» атты бейнеролигі көрсетілді. Сайыскерлер үшінші кезеңде тірек сөздер бойынша ауызша «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде тапсырмаларға жауап берді.

Университет жанынан құралған "Біз" студент-жастар театрының әртістері Зейнолла Қабдоловтың "Менің Әуезовім" роман-эссесі бойынша көрініс қойды. 

Төртінші кезең - тосын тапсырма негізгі байқау шарты бойынша алдын ала берілмеген болатын. Аты айтып тұрғандай "Тосын тапсырма" сайыскерлерге "тосынсый" болды. Қатысушылар экранда берілген ұяшықтарды таңдап, артына жасырынған көрініс бойынша сөйлеуі тиіс болды. Үлкен дайындықпен келген сайыскерлер бұл тапсырмадан да сүрінбей өтті. Бірінен бірі өткен білімгерлер жан-жақтылығымен, тапқырлығымен байқау қызығын кіргізді.

Қазылар алқасының қорытынды нәтижесі шыққанша, «Ай-Ару» ашқан дарынды студенттердің шағын концерттік бағдарламасымен жалғасты. Факультеттің өнерлі жастары ән салып, би билеп, жыр оқыды, күмбірлетіп күй төкті.

Бәйгеге қатысушылардың білім-біліктілік деңгейі жинаған бал көрсеткіші бойынша арнайы тағайындалған сарапшылар тарапынан бағаланды. Сайыс қортындысында 1-орын Шәкәрім атындағы  Семей мемлекеттік университетінің студенті Шаймарданова Аяулымға берілді. Екінші орынды Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Мұхашева Гүлжайна мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Тастанбек Мөлдір иеленді. Үшінші орын С.Демирел атындағы қазақ-түрік университетінің студенті Қуанышбаева Айгерім, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті Біләлова Дәмелі, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің студенті Берікова Жәнеркеге бұйырды.

Ынталандыру жүлделері Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті Болысхан Жарқыннұр, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті Әбутәліп Аманбек, Қайнар университетінің студенті Байтенова Жұлдызға табысталды.

Жүлдегерлер арнайы дипломдар, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Дайындаған және суретке түсірген: Нұржігіт Айдархан

Ш. Талап