Қазақ поэзиясы тағы да бір жаңа жыр жинағымен толықты

Қазақ поэзиясы тағы да бір жаңа жыр жинағымен толықты

Республикалық және халықаралық мүшәйралардың жүлдегері, «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты хатшысы, ақын Ырысбек Дәбейдің "Шық тұнған жолдар" атты кітабы жарық көрді. Кітап "Ан Арыс" баспасынан 1000 данамен шығып отыр. Алғы сөзін шығыстанушы-журналист Ғалым Боқаш жазған. Ақынның өзі жаңа жыр жинағы жөнінде:

- «Шық тұнған жолдарды» негізінен алғашқы кітабым десем де болады. 2004 жылдары бір баспадан тіркелмей, ISBN нөмір алмай, жүз данадай «Мәңгі Мәжнүн» аталатын шағын кітапша шығарған болатынмын. «Шық тұнған жолдарды» алғашқы кітап деп отырғаным сол. Бұл өзі толғағы ұзақ дүние болды. Осыдан 6-7 жыл бұрын «Жас толқын» деп аталатын сериямен шығатын жас ақындардың қатарына енетін болып ем, нәсіп болмады. Қолыма бүгін алып отырған осы шағын жинағымды Қазақстан Жазушылар Одағындағы «Ан Арыс» баспасынан өз қаржыммен шығардым, таралымы мың дана. Кітап деген де «іштен шыққан шұбар жылан» ғой, ыстық болады екен. Негізі бұрын кітап шығарсам деп дайындап жүрген өлеңдерім 170 беттей еді, соны қысқартып 60-70 беттейін ғана ұсындым баспаға. Кезінде шығып кетпеген дүние болған соң бүгінгі талғамыңнан өтпейді. Барынша екшеп, сұрыптағаным сол, - деп ағынан жарылды.

Осылайша қазақ поэзиясы тағы бір жаңа кітаппен, кітап болғанда салмағы ауыр, айтары мол туындымен толықты. "Толғағы ұзақ дүниенің" қазақ әдебиеті үшін мәні, мағынасы зор болады деген үміттеміз. 

Шығыстанушы-журналист Ғалым Боқаштың "Шық тұнған жолдар" кітабына жазған алғы сөзі:

Ұйқасы сөзін қуған ақын

"Пол Фусел бастаған Батыстың әдебиеттанушыларына сенсек ағылшын поэзиясының үштен екісі ақ өлең формасында жазылған болып шығады. Әлемнің ең кең тараған әдебиетінде сөзден салынған суреті мен ішкі ұйқасы тығыз өрілген мұндай жыр түрі дәстүрлі шайырлықтан да бекзаттау өнер саналады. XVI ғасырда Генри Говард бастап, Шекспир толықтырған, кейін Уильям Вордсворт кемеліне келтірген ақ өлеңді орыс ақындары XVIII-XIX ғасырларда біршама қызықтап көрді. Александр Пушкин бірнеше поэмасы мен жырларында осы қалыпты қолданды. Ал жазба қазақ әдебиетіне ақ өлең XX ғасырдың басында енгенімен ауыз әдебиетінде еркін жыр үлгілері онсыз да көптеп кездеседі. Эпоста кездесетін мысалдарды былай қойғанда кейбір шешендік сөздер мен толғаулар көркемдік қуаты жағынан ақ өлеңмен шектесіп тұрады.

Қалыпты ұйқасы болмаса да, ырғағы анық буындар арқылы жымдасқан үйлесімді жыр жолдары поэтикалық суретті анағұрлым айшықты һәм шынайы ете түседі. Кейбірде ақ өлең жазатын ақын «ұйқас қуудан» біржола бас тарту арқылы «ішкі ұйқасты» күшейтіп, сөзден образ сомдау мен сурет салуға ден қойғысы келеді. Бірақ ондайда қазақ ішіндегі талғампаз оқырман мен сыншының талабы күшейе түседі. Өйткені қазіргі қазақ ақыны ақ өлең жазса, Сәкен Сейфуллиннің эксперименттерін қайталап қана қоймауы тиіс, Әбділда Тәжібаев пен Әбіш Кекілбаевтың аз болса да саз дүниелерінен және кем түспеуі керек.

Соңғы он шақты жылда жаңадан танылып келе жатқан жазба ақындардың жас толқыны ақ өлең жазуға талаптанып жүр. Солардың ішінде ерекше қолтаңбасы қалыптаса бастаған ақындардың бірі Ырысбек Дәбей деп санаймын. АҚШ-тың белгілі балалар ақыны Патрик Льюистің «Жақсы жыр – бұрын білмеген қуанышпен дидарласу» деген анықтамасы әдеби ортаға жақсы таныс. Ырысбектің өзім оқыған өлеңдерінің ішінен осындай қуанышты жиі ұшыраттым. Оның кем дегенде екі себебі бар сияқты. Біріншісі – қарапайым стильді, барша адам жанына жақын қуатты сөз. Екіншісі – қазақ поэзиясында жан-жақты жан бітіріле суреттеліп қойған белгілі образдарды жаңаша тірілту талпынысы.

«Мәңгілік тоқтап қалған уақыттың демін сезіну –
Қаншалық азап болса да,
Керемет, ғажап!..
Өмір мен өлім үзігіндегі Ұлы сағыныш –
Бәлкім ол біз айтып жүрген
Обал мен сауап...

Тоқтап қалған. Мәңгілік тоқтап қалғаны рас,
Жанарда қатқан сарғыш тартқан жапырақ дірілі.
Өтіп барамыз... кімді, қайда қалдырып...
Қолымда үзіліп түскен уақыттың бұрымы...» деп бір түйеді Ырысбек поэзияның күре тамыры сияқты ең басты тақырыбы - өмір фәлсафасы туралы жаза келе.

Ырысбектің ақ өлеңмен жаңаша кестелеп шыққан Жұмбақтасы – «шұбатылған тұман бүркіп», жағалаудағы тыныш жанның сұлбасын «сіңіріп алғысы келген көк иірім ортасында» ғасырлар бойы өзіне қарата айтылып жатқан сансыз сипаттаманы терең түйсік қана сезетін тарихи жадыға айналдырған «Қатыгездік пен Ұлы мейірімнің мәңгілік су бетіндегі суреті».

«Бозамық Айдың сәулесі көгілжім су бетінде сынып,
Айнакөлдің тұңғиығына телмірген Жұмбақтас...
Мұнартқан жағалауда 
мүлгіген тыныштығымды бұзған жалғыз мен емес,
Уақыт дауылы ұйтқып соқса да ақын жанарын құрғатпас» деп жазады Ырысбек.

Қандай да бір құбылыстың жан баласы байқамаған жаңа қырын көре қойып, оны көркем сөзбен жаңаша көрсете алу – жақсы ақынға тән басты қасиет. Бұл қасиетті үздіксіз дамытуға қажет аз дегенде екі құрал бар: бірі – тегеурінді сөз, екіншісі – тосын ой. «Уақыт дауылы ұйытқып соқса да» Ырысбектің «жанары құрғамай», оқырмандарын тың образдармен қауыштыра береді деп үміттенем".

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: жеке мұрағаттан

Л. Лига