Арман Әлменбеттің алғашқы кітабы жарық көрді

Арман Әлменбеттің алғашқы кітабы жарық көрді

“Қазақ әдебиеті” газетінің тілшісі, жас жазушы Арман Әлменбеттің “Режиссердің түстері” атты кітабы жарық көрді. Кітабының шыққалы жатқанын Арман біздің сайтқа берген сұхбатында айтып өткен болатын. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасы бойынша 2008 жылдан бастап жас ақын-жазушылардың кітаптарын шығару мақсатында “Жас толқын” сериясы ұйымдастырылып жүр. Осы "Жас толқын" сериясымен, “Жалын” баспасынан 2000 дана таралыммен шыққан кітапқа жазушының әңгімелері, шалқыма, ойтолғамдары және “Мимырт” атты романы топтастырылған.  Бұл автордың алғашқы туындысы. Кітаптың алғы сөзін “Серпер” жастар сыйлығының иегері, ақын Тоқтарәлі Таңжарық жазған.

Бір айта кетерлігі бұл роман – қазіргі жас жазушылардың қаламынан туған алғашқы роман болып отыр. Бір жағынан аға буын өкілдерінің жастарға “Көлемді дүниелерге аяқ баспайсыңдар, қысқа дүниелерге құмартып алдыңдар” деген сыни өкпе-назына жауап секілді. Романның ендігі бағасы сыншылардың және уақыттың еншісінде. Кітап оқырмандарға таралғаннан кейін лайықты бағасы беріледі деген үміттеміз.

Осы орайда “тұңғышының” қуанышына ортақтасып, автордың өзіне хабарласқанымызда: “Әзірге кітаптың сүйінші данасы ғана шықты. "Мимыртты" өзімнен басқа бір-екі-ақ адам оқыды-ау деймін. Ендігі тілегім сол, жұрт оқыса. Оқылмай қалатындай көрініп, зәрең кетеді екен. Бірақ оқылатын болуы керек енді...” – деп ағынан жарылды. "Роман жанрында қалам тартуға не себеп болды? Көлемді дүниеңіз көпшілік көңіліне шықпай қалады-ау деген қорқыныш жоқ па?" – деген сұрағымызға: - "Қорыққанда қандай. Басында бастауын бастап алып, өзімнен өзім ұялып жүрдім. Ал енді қарап отырсам, осыны өзім жаздым ба деп те таңғалып қалам. Басы бар, аяғы бар дүние шыққан секілді. Кім біледі, кез келген нашар шығарманың авторы да осылай ойлайтын шығар. Ал енді неге осы нәрсені әңгіме ғып жаза салмадым? Атын дардай етіп, роман қылғаным қалай? Өйткені, ойыма алғаным көлемді шығармаға сұранып тұрғандай көрінді. Ол кезде осыны жазып, әдебиетпен біржола қоштассам деген ой да болды", - дейді жас жазушы.

Ендеше, “Режиссердің түстерін” оқуға асығайық, қадірменді ағайын!

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: жазушының жеке мұрағатынан

Ш. Талап