Оқи отырыңыз

Мықты болсаң, өзгенің жетістігін, өзіңнің кемістігіңді көре біл. 

Автор: Қадыр Мырза Әли

— Редактор бағаны —

Сүйінші, «Massaget» мобильді қосымшасы іске қосылды!
Сүйінші, «Massaget» мобильді қосымшасы іске қосылды!

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Жаңалық / Бүгін - Қасымхан Бегмановтың туған күні!

Бүгін - Қасымхан Бегмановтың туған күні!

Бүгін - Қасымхан Бегмановтың туған күні!

20 қыркүйекте (1958) ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қасымхан БЕГМАНОВ дүниеге келген.

Қ.Бегманов 1975 жылы Казақтың политехникалық институтына оқуға түсіп, 1980 жылы инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдайды. 1980-1982 жылдары Түркістан ауданына қарасты "Куйбышев" колхозында инженер-механик болып қызмет атқарады. 1982-87 жылдары Шымкент облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы болады, 1987 жылы Түркістан калалық мәдениет бөліміне меңгерушісі болып орналасады. 1999 жылдары Қазақтың мәдениет және өнертану ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары болады. 2000 жылдан бастап «Тұран-Әлем Банк» акционерлік қоғамы баспасөз және қоғамдық ұйымдарымен байланыс бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалады.

Қ.Бегманов Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты. Түркістанның 1500 жылдық тойына орай өткен мүшайрада 1-ші орынды, ақын Қ. Аманжоловтың туғанына 90 жыл толуына байланысты ұйымдастырылған мүшайрада бас бәйгені жеңіп алған.

Ақынның "Бастау", "Жүрек толқындары", "Тоғыз перне", "Карашық" т.б. жыр жинақтары бар. 

* * *

Дүние

Дүние қызыл-жасылды,

Сан ұрпақ саған бас ұрды.

Толқын да толқын қазақтың,

Топырақ жүзiн жасырды.

 

Өткiзiп қилы ғасырды,

Ырысым жатқа шашылды.

Тау менен тасқа соқтым мен,

Халқым деп ғазиз басымды.

 

Ноғайлы болып аңырадым,

Отырар болып қаңырадым.

Ақтабан болып шұбырып,

Далада қалды саңлағым.

 

Семей де болып сенделдiм,

Ертiс те болып емделдiм.

Қасiретiңмен қайысып,

Қызығыңды кем көрдiм.

 

Нарын да болып ұлыдым,

Арал да болып құрыдым.

Желтоқсан болып борадым,

Лақтырып тағдыр құрығын.

 

Төрiме деп жұмақтың,

Дүние сенi ұнаттым.

Асан қайғыны зарлатып,

Иассауиды жылаттың.

 

Кесiле жаздап тiлiмде

Үзiле жаздап дiлiмде.

Қиямет қайым жолдар мен,

Тұралап жеттiм бүгiнге.

 

Тағдырдың шәлкес сұрағы,

Көңiлде күй боп тұр әлi.

Бөлiнiп қалған даламнан,

Бейiттер үнсiз жылады.

 

Дүние-ай,

сенi нетермiн,

Мен-дағы бiр күн өтермiн.

Керуен де керуен ұзаған,

Бабаларыма жетермiн.

 

Дүние-ай,

сенi нетермiн,

Көз жұмар мәңгi жетер күн.

Сайын да сайын даламды,

Кiмдерге тастап кетермiн.

 

Жүрегiн жаудың қақ тiлген,

Алшайтып тұрып ат мiнген.

Қазақ деп мұңға баттым мен,

Қазақ деп жылап жаттым мен.

 

Көзiмде мұңның табы бар,

Ернiмде шөлдiң зары бар.

Жетiм ботадай боздадым.

Сөз ұғар бiреу табылар.

 

Алдыма түстi-ау жабылар,

Жабылардан да жалығар.

“Қазақтың зарын айтты-ау„ деп,

Менi де жоқтар,

сағынар.

* * *

Тым көңiлсiз өттi қызық күзiң де,

Қыздар маған хат жазбайды бүгiнде.

Құлағына сыбырлап мен ақырын:

“Ұлы шайыр болам дегем түбiнде„

 

Жота жатты жазыла алмай ұйқы орап,

Сағым жақтан ойналғандай күй табақ.

Төмен қарап үнсiз тұрдың ойлана,

Қара ағаштың қабығынан сипалап.

 

Ерте бiлдiм беретiнiн тiлдiң не,

Тiлсiз өмiр сүрмедiң не,

сүрдiң не.

Үнсiз ғана қимай қарап тұрып ең,

Тым алысқа ұшарымды бiлдiң бе.

 

Көкiрегiмде тау теңселiп,

күн күлген,

Ұлы шайыр шықпас,

бәлкiм...

кiм бiлген.

Туған ауыл,

аяулы қыз,

қалды артта,

Қара жолмен көкжиекке сiңдiм мен.

* * *

Сен тұрдың менi арманшыл ағаға балай,

Дос пенен дұшпан,

дариға-ай, табаламағай.

Жүрек пен теңiз,

аспан,

жер астасып кеттi,

Толқындар шулап асықты жағаға қарай.

 

Толқындар қайта ұмтылды шегiне қалып,

Сен тұрдың елдiң сан түрлi сөзiне налып.

Бауыры күнге шағыла шолп ете түскен,

Жастығым болып көрiндi көзiме балық.

 

Толқындар келiп ақырын тобықтан ұрды,

Тарттың сен керi иiрiммен қорыққан ұлды.

Қош,

аяулы қара көз,

Шардара жақта,

Есiме ап жүрем ақ нұрмен жолыққанымды.

 

Шүберек

Тым алыста қалған сол үмiтi едiм солардың,

Адам көркi шүберек,

шүберекке орандым.

Бақ пен тақтан сен түгiл патшаларда жеңiлген,

Үш-төрт кездей шүберек әкетерiң өмiрден.

Байлық жақсы-ау,

бiрақ та,

ойлан-ойлан жас ұрпақ,

Өнерiне елiңнiң қарамашы тосырқап.

Көңiлiңде не барын бiле бермен сенiң мен,

Бiзден бұрын өткеннiң бәрi ажалдан жеңiлген.

Бар өмiрi адамның шүберекке тәуелдi,

Шүберектен тiгiлген портфельiмде әуелгi.

Неге, неге ұзадым бұлыңғырлау бүгiннен,

Шүберектен алғашқы ит көйлегiм тiгiлген.

Адам көркi шүберек,

шүберекке орандым,

Жанарыңнан үзiлер бiр тамшы жас болармын.

Екi-ақ сөзбен бағалар,

қайран асыл ағалар,

Шүберекке оранып талай жайсаң жоғалар.

Кетiп жатыр ар жаққа,

толқын-толқын қайық боп,

Үш-төрт кездей сұрыппен жайсаңдарым ғайып боп.

Кетiп жатыр,

кетедi үш-төрт кездей сұрыппен,

Қазақ дейтiн ұлы жұрт

тастап кеткен ғұрыппен.

Парығына жете алдым,

лақаттың ба ненiң мен,

Кетедi адам үш-төрт кез аппақ түстi кебiнмен.

Мұзды шайна, отты жұт,

шыдамасаң шоқты аса,

Ел деп соққан бейкүнәм талып барып тоқтаса,

Естiлмесе кеудемнен жүрегiмнiң дүрсiлi,

Шүберекке оранып кетiп қалсам бiр күнi.

Кешiрiңдер қайран ел,

қардай аппақ арым бар,

Шүберектi көргенде менi де еске алыңдар.

 

 Есiмнен мәңгi шықпай да қойған бiр елiк,

Елiкке сол бiр көңiлi құрғыр тұр ерiп.

Болмағанменен ай маңдай алтын айдарлы,

Адал сүт емiп ауылдан шыққан ұл едiк.

 

Солайда солай,

адырда сонау өстiм мен,

Бұлақ пен қыздың сыңғыры қатар естiлген.

Өзiңдi алғаш көргенде-ақ,

мұңлы сәт едi-ау,

Бабайқорғанға бауырлай жылжи кеш кiрген.

 

Қып-қызыл болып алып күн батып баратты,

Қызықтап тұрдық қызылда жасыл жолақты.

Ала жiп аттап өтпеген едiм,

не үшiн,

Қайқы төс қара иттерге тағдыр талатты.

 

Он алты жаста Төлеген жырға табынғам,

Қағынғам қалмай адырды ораған сағымнан.

Оралмайтұғын көктемде көрген сол қызды,

Қырықтан кейiн өлердей болып сағынғам.

 

Абдырдым неге арғымақ аттай желiп кеп,

Сол қыздың ернi уылжып пiскен өрiк деп.

Асанқайғыдай қайғыра алмастан жыр жаздық,

Ақтамбердi мен Қазтуған шалға елiктеп.

 

Өмiрдiң басы осылай мұңлы басталған,

Тамшыдай бейне ағып бiр түскен жас талдан.

Сан соқпақ шығып қолдарын созды алдымнан,

Қиырдан қиыр қызыл түлкiдей қашты арман.

 

Ескi суреттер санада қайта жаңғырған,

Елестеп анам нан алып жатқан тандырдан.

Кiм еске алар жетiм ауылдың баласын,

Қаршадайынан көнеге көзiн талдырған.

 

Есiмнен мәңгi шықпайда қойған бiр елiк,

Елiкке сол бiр көңiлi құрғыр тұр ерiп.

Болмағанменен ай маңдай алтын айдарлы,

Адал сүт емiп ауылдан шыққан ұл едiк.

 

Қош махаббат

Қиялдадым,

армандадым,

арыдым,

Қай қиырда жүр екенсiң жарығым.

Түнiменен қараушы едiм мұңайып,

Терезеңнiң сөнбейтұғын жарығын.

 

Қай қиырда жүр екенсiң,

аппағым,

Жер бетiнен өзге бақыт таппадым.

Жардан құлар қиын сәтте кенеттен,

Елесiңмен мен бейбақты сақтадың.

 

Қай қиырда жүр екенсiң,

ардақтым,

Қаншама жыл өзiмдi-өзiм алдаппын.

Боталатты көздерiмдi көктемдер,

Сыздатқалы жүрегiмдi сартап мұң.

 

Қай қиырда жүр екенсiң,

қымбаттым,

Ұйықтап жатсам түсiмде кеп тiл қаттың.

Үйге сыймай кеткен сәттер тау кезiп,

Жапырақтың,

құстың үнiн тыңдаппын.

 

Мұңым шақтым кiнәсi жоқ бақтарға,

Тиылғалы қос күз өттi хаттар да.

Ерке елесiң маған медеу тiрлiкте,

Суретiң де сақталмапты, сақтарға...

 

Қажыдым мен...

бұл қажуда шырын бар,

О, махаббат жүрегiмдi ал,

жырымды ал.

Жалт ете қап,

жоқ боп кеткен Он сегiз,

Жанарымда тамшы жас боп тұрыңдар,

Сендерге әлi айтылмаған сырым бар.

 

 Ташкентпен қоштасу

     "Кіндігімді кескен жұрт,

    Кір-коңымды жуған жұрт".

    Қазтуған жырау

 

Ташкенге карап жылағым келді, ардақтым,

Әлденелерді өзіңнен қайта сұрағым келді, ардақтым.

Көңіл шіркінің толқыды-ай сол түн,

толқындарындай Шыршықтың,

Қара көзімнен ыстық жасымды

неліктен, тағдыр, ыршыттың.

Тербеткен мынау әлдиі менен

сағыныш атты жырдың мен,

Ислам бауыр, Сарыағаш жақтан

Ташкенге қарап тұрдым мен.

Шулы шаһардың самаладай боп

шамдары жанды жарқырап,

Көшелеріңде даладай дарқан

қазақтың көне салты қап.

Алшаңдай басып алашордашыл

осында жүрді-ау асылдар,

Асылдарымды біздерден бөліп

түбіне тартты ғасырлар.

Оларды үнсіз іздеймін тынбай

тарихтай түпсіз тереңнен,

Шошайып тұрған ана бір қырат белеңнен.

Бейтаныс жан деп бұрылып қарап өтетін,

Жас арулардың жанарларынан

бір нәзік сәуле көрем мен.

Партиялардың ұранына ермей жарқылдақ,

Бала кезімнен баураған мені

аспандай асқақ өлеңмен.

Есімнен қалған ескі соқпақты қастерлеп,

Қасымнан қалған қасқа жолменен келем мен.

Орындалмаған ақ армандары

Абылай менен Кененің,

Сағынышымды басып бір кетсем деп едім.

Сарыағаш жақтан

қалаға мынау қабырғасынан қарадым,

Бойымды билеп, өзегімді өртеп нала-мұң.

Ұлы Даладан бөлініп қалған жерменен,

Тәңірі бізге бермеген,

жүрекке түскен жазылмайтұғын

жара бұл,

Бұлдыраған шаһарға жасаураған көзімен,

қасымдағы қарады ұл.

Оң жағында көсіліп Келеске кетер тұс қалып,

Сыздық тередей сұстанып,

Кеудеңді шалқақ ұстанып.

Шырайлы мынау шаһарға еркін кірер күн озған,

Талқыға салмас тағдырдан бірақ кім озған.

Басы сайран, түбі ойран дүние опа бермейді-ау,

Ташкент енді қазаққа мәңгі қайтып келмейді-ау.

Осыларды ойласам, көзден жасым сорғалар,

Ғайып болған бұл күнде қоршай қонған ордалар,

Ордаларда тайпалған көрінбейді жорғалар.

Шалдар түсіп есіме, өзегімді өртеген,

Қолдан шығып баратқан таңғажайып өлкеден.

Шалғай түсті Астанам,

бір көтеріп тастаған.

Еңсемді езген күн болды,

жарық күнім түн болды,

Қала жаққа қарасам, көзіме жас толасың,

Қалай қиып кетермін Төле бидің моласын!

Елеусіздеу жүрген бір ақыны едім даланың,

Шерге толып өзегім, кері аттанып барамын.

Тілім бармай қош деуге, қия алмай көп қарадым,

Ташкентті ұмытпа, ойлы туған қарағым.

Қош, Тасқала, қайтейін кіргізбеді кеденің,

Атам салған көшеңде жүргізбеді кеденің.

Біле алмадым біздерге ертеңгі ұрпақ не дерін.

Қош, Ташкент, аяулым, көшімді артқа бұрармын,

Тілегіңді сыртыңнан тілеушің боп тұрармын.

Шайырлардан жайыңды хат арқылы сұрармын,

Архивтерді ақтарып оңашада жылармын.

Алағай да бұлағай күндер өткен басыңнан,

Айбыныңды асырған, бар қайғыңды жасырған,

Түк болмаған тәрізді, қарап тұрсам

желменен жапыраққа шашылған.

Аласапыран алқакөл, сұлама қиын кез де есте,

Ташкент біздің Алаштың тілін ұмытқан,

сөйлейді бүгін өзбекше.

Қайран Жиделібайсын - атамекенім баяғы,

Байбөрі бабам жайлаған өлке саялы.

Сол түні мені аруақтар түгіл, жұлдызды аспан аяды.

Қалайша бұрын қайшылық барын сезбедім,

Алпамыстайын түп атам менің, атасы бопты өзгенің.

Жайымды ұғар деймісің ұпайы түгел өзбегім.

Дәл қазір айтар халім жоқ, құлаққа кірмес сөздерің,

Зар-мұндарымды ақтарып, сөйлейді қара көздерім.

Халықшыл, елшіл асылдарымнан із қалған,

Соларды қимай осында қоштасқан мұнды күз қалған,

Сұрағым келді әлдене қайғысыз, қамсыз қыздардан.

Әкімдер келіп, тарихтан өтті де кетті Датқалар,

Халықты сатқан түбінде тозақта өзі қақталар,

Қазақ деп өткен ерлерім көкейде, есте сақталар.

Бесікте жатқан бөбектер ертең ер жетіп,

Ақталмаған әлі күн аталарыңды ақтап ал.

Қабырғалары сөгіліп, кеше түнде түсімде,

Шекараның ар жағында

жал құйрығы төгіліп,

Елге қарап жер тарпып кісінейді Байшұбар,

Құлазитын қосылып мұндай сәтте тек қана,

аспандағы ай шығар,

Күн тұтылса, жаңа туған құлын да

қос құлағын қайшылар...

Әйтеке би, Жалаңтөс, Жолбарыс хан - молалар,

Аруағым ғой түбінде жер бетінен жоғалар.

Шыназ түгіл, Бостандық, Қыбырай мен Сіргелі,

Екі елге жалтақтап не істерін білмеді.

Қазақты кім сатпаған, қиын сәтте сатты ол да

Қош, Ташкент, қайтейін қалдын, мәңгі жат қолда.

Қорқамын мен заманның сұп-сұр болған сұрынан,

Аман қалған алтын ең тақымы кеппес ұрыдан.

Жұмысым жоқ дей алман байлығың мен дауында,

Қайсыбірін айтайын артымдағы қауымға.

Амал нешік, арман көп, Рух қайта оралсын

Керуендер көп өткен мынау сайын далаға,

Сөйлемейтін қазақша мейірімсіз қалаға,

Тәнін сатқан қыздар мен тәрбиесіз,

тіл білмейтін балаға.

Қайран ұлы қазақтың тілі қайта оралсын,

Ділі қайта оралсын,

Сыры қайта оралсын,

Жыры қайта оралсын.

Бір жылдары мені де, артық туған Исекем,

Көп тобырдан бөлініп,

қарашада еске алып,

Оңаша бір отырып сағынатын боларсың.

О дүниеге менен бұрын өткендер,

Көздің жасын өксіп-өксіп төккендер.

Есте бар ма беткейлер мен өткелдер,

Сонау жылғы жайма-шуақ көктемдер.

Қарғыс қурап,

көгереді алғыстар,

Жат сүйсінер,

кейінгі ұрпақ салт ұстар.

Жердің асты ұйқы болса мәңгілік,

Жердің үсті айқастар мен тартыстар.

Халқым аман,

жоқ қой мендей бай адам,

Жемесек те күнде жал мен жаядан.

Адам түгіл,

сенер болсаң, тірлікте

Жер бетіне шыққан гүлді аяғам.

Ойларымның жоқ қалтарыс,

бүкпесі,

Талайлардың дүние қуып шықты есі.

Жердің асты алуан түрлі жолдардың

Қиысатын,

сыйысатын нүктесі.

 

Деректер қазақ тілді БАҚ құралдарынан алынды

Сурет: qazaquni.kz

1674 1
Рейтинг: +2

Дайындаған: Ла Лига
Қосылған күні: 20 қыркүйек 2013, 12:55
Пікірлер
+0
20 қыркүйек 2013, 19:00

Бүгiн мереке екен ғой! ) «Дүние» термесiнiң сөзi Қасымхан ағаныкi екенiн ендi бiлiп жүретiн боламын!

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

"Мектеп 2017" 1-бөлім

Атауы: Мектеп 2017 Режиссері: Пак Джин Сок Бөлім саны: 16 Басты рөлдерде:  Соль Ин А, Чан Дон Юн, Ким Се Чжон, Ким Хи Чон

BTS –
BTS – "Blood,sweat & tears" [kaz_sub]

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл, 13 маусым

38-параллель
38-параллель

Ел: Оңтүстік Корея Режиссер: Кан Джегю Жылы: 2004 Басты рөлдерде: Чан Дон Ган, Вон Бин Аударған: Ғалымжан Сәңкібаев