Жаңа шығарылымның тұсауы кесілді

Жаңа шығарылымның тұсауы кесілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бас ғимаратында мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР-ның Сыртқы істер министрі Михаил Иванович Есенәлиевтің 85 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Аталған шараның шымылдығын университет ректоры, академик Ғ.М. Мұтанов ашып, «Қазақстан» телеарнасы дайындаған М.И. Есенәлиевтің өмірі жайында деректі фильм көрсетілді. Басқосуға ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ә. Ыдырысов пен министрлік өкілдері және дипломатиялық қызмет ардагерлері қатысты.

Конференцияда Ғалымқайыр Мұтанұлы «Қазақ университеті» баспасы дайындаған «Өнегелі өмір» сериясының дипломат М.И. Есенәлиевке арналған 26-шығарылымының тұсауын кесті. Кітапта Саратов өңірі Питерка ауылындағы жалғыз қазақ отбасында дүниеге келіп, КСРО Орталық атқару комитетінің төрағасы М.И. Калинин құрметіне есімі Михаил атанған баланың туған жеріне оралған Михаил Иванович (Хакім Тілекенұлы) Есенәлиевтің өмір баспалдақтары жүйелі беріледі. Сондай-ақ, он екі жылға жуық ғұмырын Қазақстан ОК Компартиясы мәдениет бөліміне арнаған басшы, қазақ дипломатия мектебінің негізін қалап, Сыртқы істер министрлігінің бүгінгі қызметкерлерін тәрбиелеген елші, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде ұстаздық еткен тұлғаның мұрағат құжаттары, фотосуреттері, бірге жүрген қатар-құрбылары мен тәрбиелеген шәкірттерінің естеліктері топтастырылған.    

Білім мен ғылымның қара шаңырағы ҚазҰУ-дан түлеп ұшқан, осында қызмет істеген атақты ұстаз-ғалымдар мен тұлғалар өмірінен сыр шертетін «Өнегелі өмір» сериясымен осы уақытқа дейін С. Зиманов, Х. Бекхожин, Ө. Жолдасбеков, О. Сүлейменов, Ә. Бектұров, Б. Бірімжанов, Е. Ысмайылов, Ө. Сұлтанғазин, К. Смайылов, А. Мамытов, Т. Амандосов, К. Сағадиев, М. Әженов, Т. Кәкішев, С. Сартаев, М. Барманқұлов, З. Қабдолов, Л. Рүстемов, Ә. Нұршайықов, С. Бейсембаев, О. Сонгина, М. Әбділдин, К. Нәрібаев, С. Сатыбалдин, Б. Кенжебайұлы секілді ғылым, мәдениет, әдебиет және қоғам қайраткерлеріне арналған жинақтар жарық көрген болатын.  

 

Жолдаған: Алтынай Ауанова, «Қазақ университеті» баспасы материалдарды баспаға дайындау бөлімінің жетекші маманы

Сурет: analitika.kz

М. Оңғарова