Сырым Бөкейхановтың «Шәкәрім» атты кітабының тұсауы кесілді

Сырым Бөкейхановтың «Шәкәрім» атты кітабының тұсауы кесілді

Бүгін, сағат 11.00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының көрмелер залында белгілі қазақстандық ғалым, қоғам қайраткері Сырым Бөкейхановтың 75 жылдығына орай «Шәкәрім» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Кітап ақын, философ, аудармашы, ойшыл Шәкәрім Құдайбердиевтің өміріне арналған. Шәкәрім ұлы Абаймен замандас, әрі жиен інісі. Шәкәрім өз білімін жетілдіру мақсатында Таяу Шығысқа және Еуропаға саяхаттар жасап, ғалымдармен, ақындармен, ойшылдармен кездесті. Бұл оған ғылымның әртүрлі салаларында жұмыс атқаруына, тек поэзиялық еңбектердің ғана емес, сонымен қатар философияда да көптеген аудармалар жасауына мүмкіндік берді. Қоғамдық өмірге етене араласа жүріп, Шәкәрім биліктің бұқара халыққа деген қатынасынан көңілі қалып, патша өкіметінің де, Кеңес өкіметінің де ынтымақтасу ұсынысынан бас тартып, тау бөктерінде жалғыз тұрып, әдеби шығармашылықпен айналысуды жөн көрді. Бірақ ол Кеңес өкіметінің жауы ретінде танылып, арнайы жасақ қызметкерлерінің қолынан қаза табады. Кітапта Шәкәрімнің ұлы Ахаттың баяндауымен осы оқиғалардың болжамы, ақынның жақындары мен туыстарының тағдыры жайлы айтылады. Кітап авторы Сырым Бөкейханов кәсіби журналист, әдебиетші емес, бірақ ол өмірде Шәкәрім Құдайбердиевтің ұлымен жақсы таныс болды. Кітапта Шәкәрімнің балалық шағы, қызметі, өмірінде кездескен қайшылықтары және қайғылы қазасы туралы баяндалады. Кітапта қиындыққа толы Ахат тағдыры туралы да айтылады.

Сырым Бөкейханов 1938 жылы 1 маусымда Алматы қаласында туған. Ленинград құрылыс-инженерлік институтының түлегі. 1970 жылы Мәскеу инженерлік институтында кандидаттық диссертация қорғаған. КСРО Ғылым академиясының лазерлік жүйелер механикасы лабораториясының жетекшісі, кейін Алматы лазерлік технологиялар жөніндегі инженерлік орталық жетекшісі қызметін атқарды. Алматы және Мәскеу қалаларының ғылыми мекемелерінде, жоғары оқу орындарында қызмет атқарған. Сырым Бөкейханов Алаш қайраткері Ә.Бөкейхановтың немере інісі ғана емес, ол  нағыз қазақ зиялысы, танымал ғалым, қоғам қайраткері, ақын. Ол  қолданбалы механика саласындағы ғылыми мақалалардың, «Между прошлым и будущим», «Адмиралтейства виден шпиль», «Улицы нашего детства», «Нельзя о прошлым забывать», «Оглядываясь на Фудзи», «Избранные стихи и рисунки»,» Өткен күнде белгі бар», «Лабиринты души», «Лиловый квадрат», «Мой город другим не заменить», «Опус о любви или размышления дилетанта», «Город мой Алматы», «Имена наших улиц от А до Я», «Алихан», «Дорогие мои алматинцы»  және т.б. кітаптардың авторы.

Оқырмандар назарына ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан автордың өмірі мен қызметіне арналған "Сырым Бөкейханов" тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Сырым Бөкейхановтың әр жылдары жарияланған кітаптары, жарияланымдары және ол туралы материалдар қойылған.

Тұсаукесерге жазушылар, қоғам қайраткерлері, әдебиеттанушылар, жоғары оқу орындарының студенттері, Алматы қаласының кітапханашылары, БАҚ өкілдері және оқырмандар қатысты.

Ақын Бақытжан Қанапянов

 

Сырым Бөкейхановтың досы, ғалым Мұрат Гильманов

Архитектор Алпамыс Ыбраев


ҚазБСҚА проректоры Г. Абрасилова Сырым Бөкейхановқа шапан жауып, құрмет білдірді


Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: Ақерке Әбілхан

А. Әбілхан