Алма Қыраубаеваның 5 томдық шығармалар жинағы жарық көрді

Алма Қыраубаеваның 5 томдық шығармалар жинағы жарық көрді

22 мамыр күні  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде қазақтың аяулы қызы, көрнекті ғалым-педагог, филология ғылымдарының докторы, профессор Алма Мүтәліпқызы Қыраубаеваның 5 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.

Саналы ғұмырын көне дәуірдегі әдеби жәдігерлер мен шығыстық қиссаларды зерттеуге  арнап, артына өшпес із қалдырған ғалымның еңбектері "Өнер" баспасынан жарық көрді.

Бұл игілікті істің бастамашысы өздерінің аяулы ұстазына деген құрметі мен риясыз көңілін, сағынышын жеткізген шәкірттері болатын.

Т. Қожакеев атындағы мәжіліс залында өткен тұсаукесерге Алма Қыраубаеваның бірге оқыған курстастары мен әріптестері, Республиканың жоғары оқу орындарынан келген ғалымдар мен шәкірттері қатысты.

Қазақ баласының білімі мен білігі сай болып, рухани жағынан кемел азамат болып қалыптасуы жолында аянбай еңбек еткен ұстаз туралы курстасы, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, "Қазақ газеттері" акционерлік қоғамының президенті Жұмабай Кенжалин, "Ақиқат" журналының бас редакторы, белгілі ақын Аманхан Әлім, Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университеті докторонтура және магистратура бөлімінің бастығы Розалинда Шаханова, журналистика факультетінің деканы, профессор Ө.Әбдиманұлы естеліктер айтып, жарық көрген еңбектерге сәттілік тіледі.

Ел игілігіне айналар шығармалар жинағындағы  кітаптар  "Ежелгі әдебиет", "Ғасырлар мұрасы", "Шығыстық қисса-дастандар", "Жаным садаға" және "Мыңжылдық жолаушы" деп  аталады.

Ұстаз мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, оның баспа бетінен жарық көруі үшін қажырлы еңбек еткен апайдың туған бауыры Асылбек Қыраубаев та келген көпшілікке өзінің жүрекжарды ықыласын білдіріп, жиын қонақтарына шығармалар жинағын тарту етті.

Көпшілікке ой салған әсерлі кеш Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер Сарайында шәкірт жүрегінен мәңгілік орын алған  аяулы Алма апайға арналған "Ұстазым, менің, ұстазым" атты тамаша концертке жалғасты. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: Ақерке Әбілхан

А. Әбілхан