Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздері

Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздері
Фото: time.kz

ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларының көш басында тұрған қайраткерлердің бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақ тіл ғылымының, ағартушылық саласының бастауында тұрған ғалым. Көп еңбектенген, артында мол мұра қалдырған тұлғаның айтары мол. Солардың арасында нақыл сөздерін теріп алдық.

Жаман іс әркімнің қолынан келеді, жақсы істің қолдан келуі қиын.

***

Жел кемесі болса да от кемені іздеген, атарбасы болса да отарбаны іздеген, енді көк кемесін іздеп жатыр. Осының бəрі де жақсыдан да жақсыны іздеу, тараққи жолы.

***

Адамға тіл, құлақ, қол қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білімдер де сондай керек. Осы заманда хат білмеген адамның күйі тіл я құлағы, я қолы жоқ адамның күйімен бірдей; мұнан бұлай хат білудің керектігі онан да аспақшы.

***

Тілдің ғұмыры ұзақ. Оның жолы жылдап емес, жүз жылдап емес, мың жылдап саналады.

***

Түріктің тұнық тілі, түзу емлесі қазақта.

***

Ағашты кесетін – балта, балтаның сабы ағаш.

***

Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз. Білушілеріміз білгенімен қоймай, істеуге кіріссе екен. Білушілеріміз істеуші болса, оларды көріп, өзгелер де істер еді. Сөйтіп, көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді.

***

Істің басы түзу басталса, барысы да түзу болмақшы.

***

Білімнің бас құралы – кітап.

***

Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі.

***

Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді.

***

Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды да сынайды.

***

Шабыттанып істемеген іс оңды да болмайды.

***

Адамның өзінде кәмілдік болмаған соң, ісінде де  кәмілдік жоқ.

***

Ұлттық езгі ұлттық сезім туғызбай тұра алмайды.

***

Ақыл ісі – аңдау яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау. Қиял ісі – меңзеу яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау. Көңіл ісі – түю, талғау. Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау.

***

Тарихтың мақсаты – бүтін адам баласының өмірі нендей табиғат заңымен өзгеретінін білу. Тарихшылар халық басынан кешкен түрлі уақиғалардың мағлұматын сымға тартқандай сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді.

***

Адамның мінезі ойының түрінен, көңілінің күйінен, істеген ісінен білінеді.

Қ. Слямбек