Мақсатқа жету жолында кездесетін кедергілерді жеңу

Мақсатқа жету жолында кездесетін кедергілерді жеңу

Ұстаз, – деп сұрады бір күні шәкірті, – не себепті мақсатқа жету жолында кедергілер кездесіп, бізді басқа арнаға бағыттап, осал тұсымызды мойындатқысы келеді?

– Сенің қиындық деп отырғаның шын мәнінде мақсатыңның бір бөлігі. Онымен күресуді қою керек. Жай ғана шешім қабылдарда жолыңда бәрібір кедергі кездесетінін есте ұста. Садақпен оқ аттым деп елестет. Нысана алыста, оны көрмейсің де, жерге тұман түскендей. Ал сен сонда тұманмен күресіп, оны жоюға тырысар ма едің? Жоқ, қашан жел соғып, тұман өзі сейілгенін күтесің. Содан соң нысана көзге көріне түседі, бірақ жел атқан оғыңды көкке ұшырады. Ал сонда желмен күресесің бе? Жоқ, жай ғана желдің бағытын анықтап, басқа қырынан атасың. Садақ ауыр әрі қатты, адырнасын тартуға шамаң жетпейді. Садақпен күресесің бе? Жоқ, өзіңнің бұлшықетіңді жаттықтырасың, уақыт өткен сайын адырнасын тарту жеңілдей түседі.

– Бірақ жеңіл әрі иілгіш садақпен, ашық, желсіз күні оқ ататын адамдар да бар ғой, – деді ренжіген түр бідіріп шәкірті, – Неге менің ғана алдымнан кедергілер тосып тұрады? Менің алға жылжуыма бүкіл әлем қарсы шыға ма?

– Ешқашан өзгелерге қарама, – деп күлімсіреді ұстазы, – әркім өз садағын, өз нысанасын, бағыттайтын уақытын өзі таңдайды. Біреулер нысанаға дөп тигізуді мақсат тұтады, енді біреулер жай ғана атып үйренуді көздейді.

Ұстазы дауысын бәсеңдетіп, шәкіртіне қарай иіліп:

– Саған тағы бір құпияны ашқым келеді, – дейді, – Әлемнің сенде тіпті шаруасы жоқ. Ол ештеңеге қарсыласпайды, ешкімге көмектеспейді де. Тұман сенің атуыңа кедергі келтіру үшін түспейді, жел сенің жебеңнің бағытын өзгерту үшін соқпайды. Қатты адырна сенің әлсіздігіңді мойындату үшін олай жасалған жоқ. Мұның барлығы өздігінен болады, сенің қалауыңа қатысты емес. Дәл осы жағдайда нысананы көздеген өзің. Сондықтан не қиындықтарыңды айтып жасымауың керек, не көкіректігіңді жиып қойып, жеңіл жолға ауысуың керек.

@. @assel_assanova