Ой-қиялдың құдіреті

Ой-қиялдың құдіреті
Фото: culture.ru

Қиялдау, армандау адамға ғана тән қасиет. Өмірімізді армандаусыз елестету мүмкін емес. Кім біледі, түсіміз ұйықтап жатқандағы армандарымыз шығар. Елестетіңізші, ой-қиял ең жылдам, уақыт машинасындай. Өмірімізде маңызы зор қиял деген не? Оның пайда болуы қашан, қай жерден бастау алады? Кейде маған адамды қиялы басқарып тұрған сияқты көрінеді. Бірақ ақыл дегенді біршама білетінім үшін, қиял соның процесі екенін де білемін. Қиял бізге берілген ғажайып нәрсе. Ол адамзат өз-өзін және әлемді тану үшін берілген мүмкіндік, бір сөзбен айтқанда ғарыштық тылсым күш. 

Тереңірек ойланып қарайтын болсақ адамды қиялы басқарып тұрғанына сенуге болады. Себебі, істейтін ісіміздің кез келгені алдымен ой-айнасында бейнеленеді. Тіпті, айтатын сөзіміз де бірінші көңілімізден өтеді. Мұны біз байқамай да қалып жатамыз.

Біздің айтпағымыз, ойланғанда нелерге мән беріп қарау керектігін түсіндіру ғана. Қиялдау процесінің қандай болатынын анықтау ғылымның міндеті. Адамның өз-өзін қалай ұстауы оның миындағы ой-қиялдарына байланысты екендігі тәжрибеде дәлелденген.

Психологтар адамға әрқашан жақсы нәрселер жайында қиялдауды кеңес етеді. Жаман пікірлерді миыңыздан өшіріп тастаңыз деген сияқты сөздерді көп естиміз. Ол үшін жақсы нәрселерді армандауымыз керек екен. Әрбір адам жақсы ойланғанда өмірінде оның көңіл-күйін көтеретін оқиғалар көп болған. Керісінше, адамның көңіл-күйін түсіріп жіберетін ойларды ойламауға тырысу керек.

Мысалы, бір газеттегі қызметкер керек деген хабарландыруға 20-ға жуық адам жұмыс іздеп келген. 20 адамның бір тобы жұмысқа алатынына күмәнмен қараған да, екінші топ осы жұмыс орнына мен лайықпын деп өз-өздеріне сенімді болған. Нәтиже барысында өз-өзіне сенімсіз адамдардың барлығын жұмысқа лайықсыз деп таныған. Ал, сенімді адамдардың ішінен бірнешеуі жұмысқа алынған. Мұны тәжірибе ретінде бірнеше рет қайталап көрген. Нәтижесі баяғыдай. Демек, адамның көңіл күйі басқаларға әсер етіп қана қоймай, ойына алған мақсатын орындауға да көмектеседі екен. 

Халық ішінде мынадай керемет сөз бар: «Әр сөзіңе періште әумин» дейді деген. Демек, нені айту, нені ойлауымызды абайлауымыз керек. Себебі, кез келген сөз заттана алады. Жұмыстың өнімділігі де қиялға байланысты.

Егер, айтқан сөзіміз материяға айналып, армандарымыз орындалатын болса, неге өмірімізді соған бейімдемейміз?! Әр күнін көтереңкі көңіл-күймен өткізуді кім қаламайды? Көңіл мерейін ой-қиялдармен тасытатын болсақ, неге осы қарапайым тәсілді қолданбаймыз? Неге өмірімізге көлеңкесін түсіретін зиянды ойлармен ауырамыз?

Жақсы ойдан қуат алатындардың жүзі қашан да нұрланып тұрады. Іс-әрекеттері сергек. Адамның жалғыз қалатын уақыттары болады, міне сол кезде жақсы ойлардан қуат алу керек. Ондай уақытта санаңыз нұрланып, ақылыңыз жұпар аңқиды. Жалғыздықтағы бос уақыттарымызды жақсы ойларды ойлауға әдеттендіруіміз ләзім. Міне, сол кезде арманыңызға апаратын есіктер ашылып, ой-қиялыңыз сізді жақсылыққа жетелей бастайды. Маңдайыңызды сипайтын кекілді ойларыңыз – сіздің сенімді серігіңіз.  Ой-қиялдың құдіреті шексіз.  Ал, шексіздік қашанда ұлы істерге бастайды.

Т. Раушанұлы