Абайдың жасаған 5 жаңалығы

Абайдың жасаған 5 жаңалығы
Фото: ru.egemen.kz

«Задында Абайдың қара сөзі мен поэзиясының ымы-жымы бір. Екеуі де «Халық!» деп ынтығады, оған қызмет етеді. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы» деп эстетикалық қағида жасаған Абай екі жанрды да өз мұратына бағынышты етеді. Поэзиямызда «жылай жырласа», ғақлиядағы оның көз жасы – қиялдан балқыған қорғасынның тамшысындай. Оның «сөзін» оқығанда күллі қазақтың хал-ақуалымен бірге автордың бейнесі көз алдыңа елестейді. Өлеңдегі жұмбақ адам – қара сөзде сұмдық салмақты. Асыл ойдың, шымырлаған қиялдың жиынтығы. Бұл тұста Абайдың ішінде екі пенде жасырынып жатқандай әсер етеді. Бірінші пенде «Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс, ыза қылдың қолыма бір тигізбей» деп өкіне желіксе, екінші пенде өзінің жиырма алтыншы «сөзіндең бәйгеге ат қосқан қазақтарды аяусыз шенейді. «Несіне күмпілдейсің, сорлы-ау!» деген тұжырымға келеді. Әсершіл ақын мен қамқор қайраткердің бір адамның ішкі әлемінен тоғысуы осындайлық қайшылық тудырадың деген болатын.

Бұл жерде жазушы Тәкен Әлімқұловтың «задында Абай қара сөзі мен поэзиясының ымы-жымы бір» не болмаса «өлеңдегі жұмбақ адам – қара сөзде сұмдық салмақтың деуі жазушының ғалымға яғни Тәкен Әлімқұловтың Мұхтар Әуезовке қарсылығы деп ұқпай, қайта шәкірттің ұстазды, жазушының ғалымды түсіне білуге, жұмбақтап айтқан даналық сөздерін талдап-тани білуге ұмтылысы деп білеміз. Т. Әлімқұлов шешімінің шымырлығы соншалықты, оның әділ бағасын беруге М. Әуезовтің «тар заманда толғаған тамаша пікірлерінен» тамаша дүние жасағанын ғалымдарымыз бен сыншыларымыз енді-енді аңғарғандай. Тағы да Тәкен Әлімқұловтың пікіріне жүгінейік: 

«Абайдың сөздері ақынның дүниеге, өмірге көзқарасын өлеңдерінен де тереңірек көрсетеді. Бұл сөздерінде Абай ғылымдық, моральдық, философиялық, салт-саналық жәйтттерді қозғай отырып, үлкен ой айтады. Оның көп сөздерінің халық ауызында ұмытылмас мақал, мәтел, нақыл боп қалуында ой-пікірдің терең тамыры бар. Абай зор гуманист-демократ. Бақыт – әлеуметтік категория деген пікірге келеді. Олай болса, қоғамдық құрылыстың әділетсіздігі де байқалмай қалмақ емес еді. Рас, бұл жайды ол барлық жерде ашып айта бермейді. Оған тарихи жағдай да жоқ-ты. Біз үшін, бүгінгі ұрпақ үшін, тар заманда толғаған тамаша пікірлері қымбат».

Кешігіп болса да қайта жарқыраған тәуелсіздік таңы данышпан қазақ ұлының болжамының дұрыстығын паш етті. Әдебиет тарихы бойынша

М. Әуезовтің жасаған жұмыстары жоғары бағалануға лайық. Олқазақтың революциядан бұрынғы өткен ақын, жазушыларының творчествосы туралы көптеген мақалалар авторы. Бірақ бұл саладағы ең маңызды зерттеулеріқазақ әдебиетінің алып тұлғасы Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармаларын жан-жақты талдаған мақалалары мен монографиясы. Абайдың өскен заманы мен ақын шығармаларының тарихын зерттеуғалымның әдебиет тарихшысы  ретіндегі басты еңбегі.

М. Әуезовтің қазақ, орыс тілдерінде жазылған мақалалары, ғылыми талдаулары ұлы Абайдың қазақ әдебиетінін, тарихындағы орны мен мәнін жарқырата ашты, абайтану ғылымының негізін салды, бұл тарапта атқарылатын істердің бағдарын белгіледі. Абайдың өмірбаяндық мағлұматтарын жиыстырып; жүйелеп, ғылыми ізге түсіру, ақын талантының толысу, жетілу сатыларын анықтау, шығармаларының идеялық-тақырыптық құрамын көрсету, ақын туындыларының текстологиялық мәселелерін тексеруміне, осы істердің барлығына да М. Әуезовтің сіңірген еңбегі маңызын жоймайды. Данышпан ақын әрі ойшылдың әдеби-эстетикалық, көзқарастары, қазақ өлеңінің түрлері мен құрылысын байытудағы жаңалықтары, әдеби тілді қалыптастыруы, оның шығармаларының қазақтың төл әдебиетімен, шығыстың, батыстың классикалық әдебиеттерімен байланыстары, аудармашылық өнері, прозасы, әдеби ортасы ғалым еңбектерінде байсалды айқындалады. Абай өлеңдері мен поэмаларының жазылған мерзімін хронологиялық жағынан белгілеу жөнінде де атқарған жұмысы көп.

М. Әуезовтің Абай мұраларына қатысты жасаған пікір, тұжырымдары күллі қазақ әдебиетінің тарихи дамуындағы заңдылықтарды тануға көмектеседі.

Қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, профессор Құдайберген Жұбановтың «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» мақаласында Абай туралы еленбеген ерекшелік деп құнды ой-толғамдарға қозғау салған. Ол қазақ әдебиетінің тарихындағы Абайдың ұстайтын орнын босағаға қарай ысырмалаушылар, оған да місе тұтпай, табалдырықтан шығарып тастаушылар деп ызалана отырып олардың нені ескермей жүргендігін тайға таңба басқандай етіп көрсетеді. Оның айтуынша, даусыз бір моментті ескермей жүр: ол өз тұсында, жалғыз қазақ қана емес, басқа көршілес елдерден де, Абайдың әдебиеттегі үздіктігі деп қазақ ұлтын өрге сүйрейтін өрелі өнеге танытады. Ақын мұрасын терең оқып, әр қырынан көз жүгірткені және өзіндік жинақталған ірі ғалым ретінде ірі тұлғаны бағалаудың үздік үлгісін танытқан:

1. Абай шағатай әдебиетімен жақсы таныс болып, оны баурап алып, соның үлгісімен өлең жазып та көрген. Бірақ оны қанағат қылмай, оның ішінде қалмай, сыртына шығып соныдан жол іздеген.

2. Абай қазақтың халық әдебиетін жақсы біле тұра, оның айдын жолымен жүріп кетуге шамасы келе тұра, оны да өзіне баянды жол деп есептемеген, онан да шетке шыққан.

3. Абай жер жүзінің классик әдебиетінің үлгісін таңдап ұстап, қазақ әдебиетін Байрон, Шиллер, Гете, Пушкин, Лермонтов, Толстой ізімен Батысқа жетелеген.

4. Әдебиет арнасын басқа жаққа бұрумен байланысты өлеңнің мазмұндылығы, көркемдігі, бояуыбәрі де өзгеруі керек деп табады. Бұл жөнінде:

а) Ауыз әдебиетінің өзгешелігі болып сақталып келген өлеңдегі басы артық бос сөздерді шығарып, өлең сөзінің мәнділігін арттырады;

ә) Бұрын жай қосақталып, негізгі тақырыппен жарыса жүріп, оны солғындатуға себеп болатын көлденең суреттерді шағындап, қиындап, олардан жаңа бейне құрастырады. Бұрынғы мақал, мәтел, халык сенімі секілділердің қатып, құрысып қалған суреттерін жанды жүрек кейіпке айналдырады;

б) Қазақ өлеңін түр жағынан байытып, жаңа өлшеулер, жаңа ұйқасымдар, жаңа ритмдер туғызады;

в) Әдебиет тіліндегі халық үлгісінің басы артық қосарларын жоюмен қабат, шығыс үлгісінен келіп жүрген араб-парсы сөздерін де қуып, әдебиет тілін тазартып, қазақ тілінің бар байлығын іске асыруға жол ашып, жазба әдеби тіліміздің іргесін қалайды;

г) Көркем шығармаларды өзі де шығарып, ірі ақындардан да аударып, әдеби аударманың, жаңа заман әдебиетіндегі бірқатар белгілі жанрлардың үлгісін іспен береді. Халық әдебиетінің кейбір тарауларының бірі болған мақалдардың жарамсызы көп екенін ашып көрсетіп, өзі де бірнеше мақал шығарады.

5. Әдебиет жұмысында өзгеріс жасаумен қатар, әлінше қазақ музыкасында жаңалық ендірудің талабын істейді.

Міне, осының бәрі де құрғақ сөз емес, Абайдың істеген істері. Адамды істеген ісіне қарай сынайтын болсақ, бұл істерді, бұларды істеген адамдарды қалай бағалауымыз керек» деп көрсетті. Атақты ғалым Құдайберген Жұбанов ақын мұрасына көзқарастар туралы сұрақ қоя отырып, өз жауабын нақты әрі дәлелді айта білгеніне де куә боламыз.

Қазақ әдебиетінің алыптарының бірі Ғабит Мүсіреповтің Абай туралы айтқан сөзіне де тоқталуымыздың ерекше мәні бар. Қазіргі күндері жүз жылдығын атап өтіп жатқан Ғабит Мүсіреповтің шығармашылық жолына барлай қарасақ, жазушының қазақ халқының інжу-маржаны ауыз әдебиеті мұраларын үнемі оқып, саралап, қалам тартып отырғанын қалай аңғарсақ, сонымен қатар Абай мұрасына да дәл сондай көзқараспен, ынта-ықыласпен сүйсіне қарағандығын өзіне де, өзгеге де үлгі етуге ұмтылғандығын бірден байқаймыз.

М. Ақан