Әжені жылатқан кім?

Әжені жылатқан кім?
Фото: nashaplaneta.su

Жасы келген бір әйел бар уақытын жылаумен өткізеді екен. Себебі оның үлкен қызы қолшатыр сататын жігітке, ал кіші қызы лапша сататын жігітке тұрмысқа шығыпты.

Қарт әйел терезеге қараған кезде ауа райы жақсы болып, күн күлімдеп, аспан ашық болып тұрса, жылай бастайды. Қандай жаман! Күн шақырайып тұр, ауа райы ашық, аспанда бір шөкім бұлт көрінбейді. Демек жауын жаумаса, ешкім үлкен қызымның саудасын жүргізбейді, енді ешкім қолшатырды керек етпейді деп, еңірегенде етегі жасқа толады.

Ал егер ауа райы бұзылып, жаңбыр жауа бастаса, аспанмен бірге бұл да егіліп жылайды. Енді кіші қызын уайым қылады. «Менің кіші қызым лапша пісіріп сататын еді. Ол күнге кеппесе, ешкім оны сатып алмай қояды. Енді қайтер екен?»

Осылай табиғаттың қай-қай құбылысына да қайғырып отырады. Көршілері оны қанша жұбатуға тырысса да, қолдарынан түк келмейді. Сөйтіп олар да бұл әйелден жалығады. Оның жылауы да, қайғыруы да әдеттегі жағдайға айналады. Көрші әйелді «жылауық кемпір» деп атап кетеді.

Осылай күн артынан күн өтіп жатады. Бір күні бұл қызық жағдайды үй маңынан өтіп бара жатқан ғұлама байқайды. Ол әйелдің қайғысының себебін сұрайды. Қарт әйел өзін тыңдайтын адам табылғанына қуанып, бар жағдайын баяндап береді. Ғұлама оған күлімсірей қарады да, былай деді:

– Мұңайып, жылауды доғарыңыз. Мен сізге бір кеңес айтайын. Одан кейін сіз бұл жағдайға ешқашан қайғырмайсыз.

– Құдайым-ау, ондай күн де туар ма?! – деп ерекше қуанды «жылауық кемпір», – маған тезірек не істеу керегін айтыңызшы.

– Барлығы да оп-оңай. Сізге тек ойыңызды түбегейлі өзгерту керек. Егер ауа райы жақсы болып, күн шығып тұрса, үлкен қызыңыздың қолшатырын еске алмаңыз. Оның орнына кіші қызыңызды ойлап, «Күн неткен ашық! Кіші қызымның лапшасы тез кеуіп, саудасы сәтті болатын болды» деңіз. Ал бұлт түнеріп, жаңбыр жауса, керісінше, кіші қызыңызды ойламаңыз. «Жаңбыр жауғаны қандай жақсы болды. Қызымның дүкенінде адамдар кезекке тұрып, саудасы қызатын болды» деп ойлап, қуаныңыз,– дейді.

Ғұламаның берген кеңесін мұқият тыңдаған қарт әйел кенет қайғыруына еш себеп жоқ екенін түсінді де, оның айтқанын орындауға кірісті. Сол сәттен бастап ешқашан көзіне жас алмайды. Қайта қуанып, үнемі күліп жүреді. Тіпті көршілері де оны «жылауық кемпір» емес, «көңілді әже» деп атап кетеді.

@. @assel_assanova