Екі жарты, бір бүтін

Екі жарты, бір бүтін
Фото: vk.com

Бір пәлсапашы қолына алманы алып, арлы-берлі кезекпе кезек лақтырады. Алманы әр жағынан қарап, былай дейді: 
Адамдар өз жанын осы алма секілді деп ойлайды. 
— Мұнымен не демексіз? — дейді ұмсына түскен шәкірті. 
— Анығында, алманың жартысындай деп ойлайды, – деп өзін түзетті Пәлсапашы. - Шамамен былай. - Ол алманы ұқыпты түрде екіге қақ бөлді де, үстел үстіне қойды. - Ел ішінде әр адамның өзіне ғана лайықты жартысы бар деген аңыз айтылады. 

Құдай жер бетіне адам жанын жіберер алдында оны ер және әйел деп екіге бөледі екен де, мына алманы бөлгендей, сосын олар жер бетіне түскен соң бір-бірін іздеумен өтеді-мыс. Бір-бірін табады деп ойлайсың ба? Көз алдыңа елестетші? Мұндай кездесудің мүмкіндігі бар ма? Жер бетінде қанша адам бар екенін білемісің? 
- Көп. 
- Әлбетте. Оның үстіне... бір-бірін тапты делік, ары қарай не болмақ? Бір бүтін болып, бақытты ғұмыр кешеді деп ойлаймысың? 
— Әрине. Олай емес пе? – деп таңданады шәкірті. 
— Жоқ. Олай емес, - Пәлсапашы екі бөлік алманы қолына ұстайды да, былай дейді, - Міне, дүние есігін ашқан саф таза қос жан дейік. Әлем адам жанын не істейді? – Пәлсапашы бір бөлік алманы қырш еткізіп тістейді. - Әлем, - деп жалғастырды сөзін ол ұрты бұлтың-бұлтың етіп, - бір орында тұрмайды. Мына дүние қатыгездікке толы. Әлем адамның бәрін тізерлетуге құлшынады. Әркімді әрқалай. Бір тістеп, үзіп-жұлқып, тізерлетіп, құлатып. Осалдарынан атала жасап жібереді. - Ол екінші бөліктен де бір тістейді, соны шайнап үндемей тұрып қалады. 

Шәкірті екі тістелген алманың бөліктерінен көзін алмайды. 
— Сонымен, – дейді салтанатты түрде Пәлсапашы, - олар кездеседі! - Ол тістелген екі бөлікті беттестіреді. - Қалай, бір-біріне сәйкес пе? ЖОҚ!!! 
— Енді мынаған қара, - Пәлсапашы тағы да бірнеше алманы алады. - Әрбірін қақ бөлеміз. Кез келген екеуін алып біріктіреміз. Не шықты? 
— Олар сай келмеді, - дейді шәкірті. 
— Ары қарай қара. - Пәлсапашы екі алманың бөліктерін біріктіріп, біріккен жерінен бір тістейді. Тістелген жерін көрсетеді. - Енді не көріп тұрсың? Бір бүтінге ұқсады ма? 
— Иә, - деп шәкірті ойланып қалды. - Енді олар бірдей сияқтанды. 
— Өйткені, әлем оларды бөлек-бөлек емес, бірге тістеді! 

Бір-бірін сүйген жандар бір бүтінге айналып кетеді. Өмірдің ыстық-суығына бірге күйеді. Бір-бірін сыйлауды, түсінуді үйренеді. Кейбір әдеттерін жұқтырады. Бір-біріне ұқсап кетеді. Бір-бірін толықтырып тұратын болады. Яғни, ешкімде бір бүтін боп тумайды, бір бүтін болуға жүректің таңдауымен талпынады. 

Аударған: Шынар Әбілдә

Ж. Жұмағұлов