Өзі салған нашар үйде өзі тұрады...

Өзі салған нашар үйде өзі тұрады...
Фото: 22 Words

Бір қалада өз ісін шебер жасайтын құрылысшы болыпты. Ол өмір бойы үй салумен айналысқан екен. Күндердің күнінде ол да қартайып, зейнетке шығуды ойлайды. Жұмыс берушіге келіп осы ойын айтады: 

– Мен қартайдым. Зейнетке шығып, немерелерімнің тәрбиесімен айналысқым келеді. 

Қожайыны мұндай мықты қызметкерден айырылғысы келмейді, оған соңғы рет өтініш жасайды: 

– Былай етейік. Сіз соңғы рет тағы бір үй салыңыз. Содан соң сізді зейнетке шығарып, жақсы сыйақы береміз,– дейді. 

Құрылысшы келіседі. Жаңа жоба бойынша шағын отбасына үй салуға кіріседі. Қолға алған ісін тез аяқтауға тырысады, нәтижесінде барлығы ойдағыдай болмайды. Кей жерлерін толық бітірмей, арзанқол материалдармен жасап, бітірдім деуге асық болады. Мұнысы дұрыс емес екенін, бұл үй алдыңғыларындай ең жақсы үлгіде шықпай жатқанын біледі, бірақ мансабының соңы ғой өзін өзі ақтап алады. Жұмысын бітірген соң бастығын шақырып, қабылдап алуын өтінеді. 

Ол үйге қарап тұрады да, былай дейді: 

– Мен сізді қуантқым келеді, бұл енді сіздің үйіңіз болады! Міне, кілтін алыңыз да, ішіне кіріп аунап-қунай беріңіз. Барлық құжаттары реттестіріліп қойды. Бұл ұзақ жылдар бойы адал еңбек сіңіргеніңіз үшін біздің фирманың сізге сыйлығы. 

Бұл кезде құрылысшы қандай күй кешкені өзіне ғана аян. Ұяттан жарылардай қызарып тұрды. Ал айналасындағылар қошеметтеп, қолпаштап, қонысымен құттықтап жатты, ибалылығынан қызарып кетті деп ойлады. Ал ол өзінің салғырт қараған ісі үшін соншалықты ұялып, қызарып кеткен еді. Жіберген қателіктері, олақтық танытқан жерлері өз басына түсіп, екі жұмыс болғанын енді түсінді. Өміріндегі өзі салған ең нашар үйде енді өзі тұрады.

@. @assel_assanova