Асқар Сүлейменовтің қызы Әсмәға жазған хаттарынан

Асқар Сүлейменовтің қызы Әсмәға жазған хаттарынан
Фото: www.lifehack.org

Әбіш атамыз айтқандай, «тереңнен суырып, таңдайды қуырып айтатын, ешқашан ешкімге, ештеңеге ұқсамай, елден ерек мүсінделген» Асқар Сүлейменов – бірнеше буынға ұстаз болған айрықша болмысты азамат.

Асқар Сүлейменовтің қызы Әсмәға жазған хаттарын бермес бұрын азаматтың жұбайы, танымал тұлға Әлия Бөпежанованың “Еларна” ақпараттық орталығына берген сұхбатынан үзінді ұсынғанды жөн көрдік:

Асекең сырт көзге сыр бермегенмен, бала дегенде шығарда жаны бөлек болатын. Ұлы Әлішерді әскерде жүргенде Ауғанстанға алып кетпесін деп жанұшырды, қызы Қарагөз келгенде қандай бақытқа кенелді, мұны әдеби орта да жақсы біледі. Немересі Бекзатты хан көтерді, жиендерін де әлпештеді.

Әсмәға деген махаббаты да ерекше болды. «Миледи!» деп айтатын. Мысалы, «Миледи! Мен Сізді көңілімде аялап ұзақ күтіп едім. Жылқыға қалай берілсем – Сізді де соншалықты жақсы көремін» деген сипатта хаттар немесе Әсмәні алғашқы қарымен, алғашқы Жаңа жылымен, алғашқы Наурызымен құттықтаулар жазып қоятын. Жұмысында отырғанда күніне екі-үш рет үйге телефон соғатын. Әсмә әппақ, маңдайы кере қарыс болып, шалқасынан түсіп ұйықтап жатқанда, Асекең маңдайынан иіскеп, қайта-қайта Сегіз серінің «Гауһартас» әнінің мақамымен «Атқан таң,.. жаққан шам...» деп отыратын. Асекең дүние салған күні Әсмә жеті айға енді толған еді. Айтоты екеуміз түске дейін бардық қой, сонда кіргенде алғашқы сұрағы «бала, как Миледи?» болды. Мен Әсмәні түстен кейін асықпай алып келемін, деп ойлаған едім...

Әсмәға кішкене кезінде «әкең командировкаға кеткен» дейтінбіз. Үнемі «әкем қашан келеді?» деп сұрайтын. Әріп таныған соң «Әке! Тез кел, мен сені қатты сағындым!» деп хаттар жазатын болды. М.Әуезовтің 100 жылдығы тойланып жатқан кез еді. Бір күні Әсмә асүйде жүрген мені дауыстап шақырды: «Тез келіңіз, әкемнің досы сөйлеп жатыр» дегені. Теледидардан Мұрат аға Әуезов сөйлеп жатыр екен. «Әкем келмей ме?» деді Әсмә. Қашанғы жасыруға болады, айтудың сәті келді деп ойладым: «Келмейді, келмейтін жаққа кеткен». «Қайтыс болған ба?» деді дауысы жарықшақтанып. «Ия, қайтыс болған». Сонда Әсмә: «Мен білемін, бірақ, сен неге олай дейсің?» деп шырқырай, бөлменің ана-шеті мен мына шетіне домалады. «Қайдан білесің?» «Өзім де білемін, маған Бекзат та айтқан» деді сол домалаған қалпы.

Шырқырағаны – мен әлсіз үмітін мүлдем қиып тастадым ғой деймін. Мұндайға шыдау мүмкін емес еді – көз жасымды тыя алмай мен де өксіп-өксіп жыладым.

Сол сәтте Әсмә сап тыйылды да, келіп мені құшақтап алды. «Жыламашы, мама – деді, – жыламашы. Мен де жыламаймын. Екеуміз де жыламайық.» Екеуміз біраз құшақтасып отырдық. Бұл – Әсмәнің алтыға толмаған кезі еді.

«Айтотыға барайықшы» деді әлден соң. Тез жиналып Айтотыға кеттік.

Әкесінен сәби кезінде қалса да, Асқардың ғана емес, қазақтың анасы атанған дана Айтотыдан да тәрбие-тәлім алып, махаббатына бөленген Әсмә жақсы болып өсті.

Асекеңнің «Шашылып түскен тіркестер» ой-толғамдарында «Тәрбиенiң еркiндiгi, еркiндiкпен тәрбиелеу, еркiндiктi тәрбиелеу — бұлар транзистордың антеннасындай бiрiнен бiрi шығатын ұғымдар» дейтіні бар. Осы қағидамен Әсмәнің бетінен қақпадық. Мінезі әкесіне қатты ұқсайды, Асекеңді жоқтатпайды (күледі). Өте сезімталдығы, адамдарды іштен танып тұратындығы, эстеттігі, коммуникациясы, кейде-кейдегі ептеп жалқаулығына дейін.

Асекеңнің қалауы еді ғой деп музыка мектебіне, фортепиано сыныбына бергенмін, бітіріп шықты. Бірақ, қаржыгер мамандығын таңдады.

Асқар Сүлейменовтің қызы Әсмәға жазған хаттарынан:

Миледи!

Сіздің мінсіздігіңіз сондай – өз бойымнан кінәрат іздеуге жол қалдырмапсыз. Құлын айғырынан биік болады. Көзіңнен айналайын сол! Сен көрерде – мен көрінбеспін, сезермісің осыны. 

Үш сурет табыларға мүмкін. Соның біріне үңіліп қарарсың.

АС., 
окт (29-91)

Миледи!

Сізге бұдан бұрын да жазған едім. Қайталанғаным емес – қайталаймын: 

Мен Сізді жүрегімде аялап ұзақ күткенмін, мұның не екенін Сіздің түсінуіңіз екіталай. 

Мен жылқыға қалай құлай берілсем - Сізді де тап солай жақсы көремін!..

АС 
май (9-92)

А. Оралқызы