Тілек дүкені

Тілек дүкені
Фото: i.ytimg.com

Әлем кеңістігінің бір ауласында кішкене ғана дүкен бар еді. Маңдайшасындағы жазуын жел түсіріп жіберген. Қожайын оны қайта ілмек болды да, "бірақ бұл дүкенде адамдарға тілек сатылатынын жұрттың бәрі онсыз да біледі ғой" деп ойлады.

Дүкен ұсыныстары өте көп еді. Мұнда көңіліңе ұнаған нәрсенің бәрін алуға мүмкіндік бар: неше түрлі яхта, пәтердің алуан түрі, күйеуге шығу, корпорация президенті орынбасарының қызметі, ақша, балалар, сүйікті қызмет, әдемі келбет, конкурстағы жүлделі орын, су жаңа көліктер, билік, жетістік және тағы басқалар. Мұнда сатылмайтын тек өмір мен өлім ғана, онымен басқа галактикада орналасқан бас офис айналысатын еді. Дүкенге келген әр адам (мұнда бірде-бір рет келмей, үйінде жатып, тек қана ниеттеніп отыра беретін адамдар да болатын) ең алдымен тілегінің бағасын біліп алатын.

Баға әртүрлі еді. Мысалы, сүйікті қызметке жету үшін алдымен тыныш өмір мен бір нәрсені жобалаудан бас тарту, өміріңді өзің жоспарлау мен құру, өз күшіңе сену және қажет жерге емес, ұнатқан жеріңе жұмыс істеуге рұқсат беру керек еді. Билік одан қымбатырақ болатын: кейбір пікірлеріңнен бас тарту қажет еді, кез келген мәселені ақылға сыйымды қылып түсіндіріп бере білу, өз құныңды білу (ол өте жоғары болуы керек), айналаңдағылардың жақтырғаны немесе ұнатпағанына қарамай "Мен" деп айтып, өз орныңды білу.

Кейбір тілектердің құны күлкілілеу еді, күйеуге шығу тегін десе де болады. Ал бақытты өмір қымбат: бақытыңа өзің жауаптысың, өмірден ләззат ала білу, ниет-тілегіңді жақсылап зерделеу, айналаңдағы адамдардың пікіріне қарамастан, бардың қадірін білу, бақытты бола білуге өзіңе рұқсат беру, қадір-қасиетіңді тани білу, құрбан болудан бас тарту, кейбір достарың мен таныстарыңды жоғалтуың мүмкін екендігіне тәуекел ету...

Дүкенге келгендердің бәрі тілек сатып ала алмайтын. Кейбірі бағаны ести сала теріс айналып кетіп қалатын. Басқалары қалтасындағы барын есептеп, қалған қаражатты қайдан алсам болады деп ұзақ ойланып тұрып қалатын. Кейбірі баға өте қымбат деп шағымданып арзандатуды сұрайтын. Араларында біреулері, бар қаражатын шығарып, армандаған тілектеріне қол жеткізіп, әдемі қағазға шытырлатып оратып алып кететін. Тілегіне қол жеткізген бақытты клиенттерге қызыға қарап тұрған басқалар, сатушының таныстары ғой, еш еңбексіз тілегіне қол жеткізе салды деп ойлайтын. Дүкен қожайынына сатып алушы клиенттерді көбейту үшін бағаны төмендетуді жиі ұсынатын. Бірақ ол тілектердің сапасы төмендеп кетеді деп үнемі бас тартатын.

Қожайыннан "құлдырауға (банкрот) түспейсің бе" – деп сұраса, ол басын шайқап: "әр заманда тәуекел етіп өмірлерін өзгертетін, үйреншікті тірліктен ажырайтын батыл адамдар болады, олар өздеріне сенеді, қолындағы бар күші мен қаражатын өз тілегіне жету үшін төлейді" – депті. Ал дүкен есігінде жүздеген жыл бойы бір жазу ілулі тұр, онда "Егер сенің тілегің орындалмаса – демек оның құны әлі төленбеген" деген жазу бар екен.

Ж. Жұмағұлов