Қаламгер әкенің қателігі

Қаламгер әкенің қателігі
Фото: goodfon.ru

… Қылмысты болған жас жігіттің түрмеге түсер алды. Сот төрағасы оның әйгілі қаламгердің баласы екенін жақсы біледі екен. Ел таныған құрметті кісінің атына кір келтірген баласын ұялтпақ болып, сот жаза кескеннен соң бірнеше сұрақ қойыпты:

– Әкең есіңде ме?

–  Иә, бәрі де жақсы есімде! – дейді жігіт. Оның ар-ұятын оятпақ болған сот төрағасы:

– Сондай атақты жазушының ұлысың ғой. Әкең туралы есіңде қалған нақты бір оқиғаны айтып берші. – дейді. Соттың ойы жазушының жұртқа тағылымды бір өнегесін естіп қалмақ. Бірақ, жігіттің айтқан оқиғасы мүлде басқаша өрбіпті.

– Менің есімде ұмытылмастай сақталған және  ең көп қайталанған мына жағдай. Ақыл-кеңес сұрамақ болып әкемнің жанына бара қалсам, ол ылғи қағазға шұқшиып жазып отырады. Шаруамды айта бастасам: «Әй, көріп тұрсың ғой, менің қолым тимейді. Кет әрі! Мазамды алма! Мен қайтсем де мына кітапты жазып бітіруім керек» деп айғай салып, қасынан қуып тастайтын. Сіздер үшін ол кісі заңғар жазушы шығар, ал, мен үшін көптен көрінбей кеткен жүзтаныс достарымнан артық емес, – деп жауап беріпті.

… Қамшының сабындай мына қысқа ғұмырда тіршіліктің шаруасы бітіп болар ма? Кітап жазудан бас көтермей, өз ұлын дұрыс тәрбиелеуге қолы тимеген осы қаламгердің қателігі талайға сабақ боларлық. Егер ұл-қызымызға бүгін жиі көңіл бөліп отырмасақ, уақыт өткен соң орны толмас өкініште қалдырмақ екен.

Дереккөз: namys.kz

Ө. Сансызбай