Ойлау үшін оқу керек

Ойлау үшін оқу керек
Фото: amur.kz

Ол Абайдың көркем образын жазды. Ол өз дәуірінің шындығын әдебиетке енгізді. Ол – ғалым, зерттеуші, жазушы. Өзіндік галереясын қалыптастырған бұл дараның есімі – Мұхтар Әуезов. Назарларыңызға жазушының қанатты сөздерін ұсынамыз.

Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек.

Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес. Өскен орта, көрген үлгі, өнеге білетіндігінен... Көпшілікті адамшылыққа тәрбиелеу үшін, жас буынды жақсылап тәрбиелеу керек.

Адам ірілігі бір сипат емес, ішкі-тысқы сан сипат қасиетінен құралады.

Ақыл – адам көрігі, ақылдың сабыр серігі.

Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?

Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза.

Бізде азамат сыны – ерлік, ерлік өзі – елдік сыны.

Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес.

Еңбексіз өмір кешуге жол жоқ.

Еңбек шыққан жерден төзім де шығады.

Жалған намыс қасиет емес, ар сақтаған қасиет.

Жақсылыққа жақсылық  әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі.

Жақсылық пен игілікке алыс-жақын жоқ.

Жылтырдың бәрі алтын емес, жазғанның бәрі ақыл емес.

Көркем өнер бізді ішкі дүниемізге, жан жүйемізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді.

Г. Берік