Будда оқымыстыларының ұстанымдары

Будда оқымыстыларының ұстанымдары
Фото: www.zastavki.com

Будда діні – дүниежүзіне кеңінен тараған діндердің бірі. Бүгінгі таңда бұл дінді миллиардтаған адам ұстайды. Басқа діндер сияқты будда діні де өзінің философияға толы ақыл-кеңестерімен, ұстанымдарымен ерекшеленеді. Біз бүгін сіздердің назарларыңызға будда оқымыстылары ұсынған бір топ пайдалы кеңес пен өмірлік ұстанымды ұсынамыз.

Өзгелермен өте жақсы қарым-қатынаста болыңыз.

Өзіңіз де аз болса да, басқалармен бөлісуді ұмытпаңыз.

Егер өзгеге шам жақсаңыз, өзіңіздің де жолыңыз жарық болады.

Әлемдегі ең үлкен азап – жатырқаушылықта, ал нағыз күш – рақымдылықта.

Әрқашан азат болыңыз.

Егер біреумен бөлісе алмасаңыз, бақытыңыздың да ғұмыры қысқа болады.

Ешқандай бағалы тас шынайы сезіммен теңесе алмайды.

Барлық қайғы-қасіреттің тамыры – сұқтанушылық.

Материалдық заттардың бәрі уақытша екенін түсінген адам көп азап шекпейді.

Белгілі бір сұрақтарға жауап іздесеңіз, өз ішіңізге үңіліңіз.

Сізді өзіңізден басқа ешкім де құтқара алмайды. Жолда кездесетін барлық кедергіні өзіңіз жеңіп шығуыңыз керек.

Бір істі бастап, аяғына дейін жеткізбеу – адамдардың жиі жіберетін қателіктері.

Мыңдаған шайқасты жеңіп шыққанша, өз-өзіңізді жеңіп үйреніңіз. Ол сіздің жеке жеңісіңіз болып саналады. Оны ешкім де өзінікі қыла алмайды.

Өзіңіз ойлап көріңізші, өмірдегі барлық адам ақылды. Олардың әрқайсысы сізді бір нәрсеге үйретіп, көмектесе алады.

Өз-өзіңізді жеңе біліңіз.

Өзгеден гөрі, өзіңізді жазғыру өте қиын.

Бақытқа бастар жол болмайды. Себебі бақыттың өзі – жол.

Өзімшіл қасиетіңізден біржола құтылыңыз.

Қызғаныш, реніш, қорқыныш секілді сезімдерден аулық болыңыз.

Ешқандай өкпесіз, ренішсіз, ашусыз айналаңызға, қоршаған ортаңызға, барлық бағытқа махаббатпен қараңыз,

Егер шаруаңыз шешілетін болсағ оған бола алаңдаудың қажеті не? Ал егер шаруаңыз шешілмейтін болса да, уайым сізге еш пайда әкелмейді.

Өз арының алдында таза пенде ғана шынымен қуанышқа кенеле алады. Ол – табиғи заңдылық.

Осында және қазір өмір сүріңіз.

Егер кішкентай заттың өзінен ғажайып нәрсе байқай алсаңыз, онда сіздің өміріңіз күрт өзгереді.

Өткен оралмайды, ал болашақ әлі алда. Өмір сүру үшін тек қана рсы шақ қана бар.

Әр таң сайын біз жаңадан туыламыз. Ең бастысы – біздің бүгінгі ісіміз.

Өз тағдырыңызды өзіңіз жазасыз.

Тазалық тек өзіңізге байланысты. Ешкім де сіздің ойыңызды тазалай алмайды. Алға қойған мақсатқа өзіңіз ұмтылуыңыз керек. Ал Будда тек жол көрсетуші.

Дұрыс тағамдарды тұтыныңыз.

Егер ешқандай ауруға шалдыққыңыз келмесе, салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануға тырысыңыз.

Ж. Исакаев