Толымбек Әбдірайым. Мақтаншақ сары сағат (мысал әңгіме)

Толымбек Әбдірайым. Мақтаншақ сары сағат (мысал әңгіме)

Үйде екі сағат бар еді... Бірі – осы шаңырақтың он жылдан бергі тұрақты мүлігіне айналған қабырғадағы қоңыр сағат, екіншісі – жаңадан сатып алынған қоңырауы бар сары сағат. Алмас пен Алмат мектепте, төрт жастағы Самат бала баққа, үйдің иелері жұмысқа кеткен. Бөлме іші тым-тырыс. Терезеден күзгі күннің жылы шуағы төгіледі. Мамыражай шақ. Тек қос сағаттың тық-тық еткен дыбыстары ғана естіліп тұр.

– Əй, қоңыр! Үстел үстіндегі дөңгелек жүзді, тығыршықтай тапал сары сағат əріптесіне шекелей қарады, – Бері бұрылып, тыңда мені!

– Əй-үй демей, атымды атасаң етті.

– Келмейді атағым... Не істейсің маған? Сен одан да зейін қойып, мынаған құлақ сал!– Маңызды мəселе айтатын кісідей маңғаз, сөздері ірі тапал сарының.

 

– Сенің осы үйге келгеніңе он жыл ма?

– Иə, тұп-тура он жыл.– Ешкіммен қақ-соғы жоқ, мінезі орнықты қабырғадағы қоңыр сағат, əріптес бауырының не айтпақ ниетте екенін аңғарғандай.

–Дұрыс. Он жыл ішінде не бітірдің? Айтшы? Қандай еңбегің сіңді?

– Түсінбедім.

– Бəсе-е... Дəл осылай жауап қайтаратыныңды білгем... Əлде, жорта аңқаусып, айтпай тұрсың ба?

– Не деп жұмбақтап кеттің, бауырым-ау!

– Түсінбейтін түгі жоқ. Тура биде туған бола ма? Əділетін айтсам, сен барып тұрған кержалқау жəне арамтамақсың.

– Асылық бұның, бауырым...

– Асылық емес, ешқандай. Қонақ бер, уəжіме! Ақиқатты ақтарсам, мына сен қабырғада құр босқа тұрсың. Бітіргенің, мардымсыз. Осы отбасындағы адамдардың баршасын, мына мен, əуезді күміс қоңырауым сыңғырлай таң ертемен оятамын тербетіп. Менің əдемі үнімнің арқасында олар «ұйықтап қаламыз-ау» деп еш уайым жемейді. Жұмыстарынан да, сабақтарынан да қалған емес кешігіп. Осы айтқанымның өтірігі бар ма? Сен жалпы артықсың!.. Керегің жоқ, бұл үйге!

– Мұның енді жөн емес. Күміс үнді қоңырауыңның бары шындық. Саматтың көкесі сені əуезді үнің үшін сатып алған болар, бəлкім?

– Олай емес, олай емес!– Ашушаң сары сағат арсы-гүрсі шытыр ете түсті.

– Енді қалай?

– Мен сұлумын. Бойым да сұңғақ, қасы-көзім де қиылған. Сен сияқты сиықсыз, дəу емеспін. Кез келген жерге тұрсам да, жараса қалам. Үстелдің, терезе жақтауының, телевизордың, кітап сөресінің бе, бəрібір.– Қоңыр сағатты мұқаттым, енді жауап қайыра алмас деп масаттанған сары сағат қолдарын шапалақтап, секіріп мəз-мейрам.

– Дауласпаймын, оған да. Бірақ, мына бір жəйтті ескерсең етті. Тіршілікте бəрі мүмкін. Күні ертең ауырып-сырқап жатып қалсаң қайтесің!

– Ауырмаймын! Осылай жүре берем...

– Оны да уақыт көрсетер. Өтінем, айналайын. Мақтанбашы тек. Мəңгілік емес, ешкім...

Бір күні биік шифонердің үстінен құлап, мертігіп қалды сары сағат. Үйдің иесі сағат жөндеуші шеберге апарып еді, «əу баста зауыттан шыққанда ақауы бар екен, іске қосылуы аса күрделі, əрі қымбатқа түседі. Онан да жаңа сағат сатып алыңыз», – деп қайтарды.

Сөйтіп, мақтаншақ сары сағат төрт жастағы Саматтың көп ойыншықтарының біріне айналды.

Бесін ауған. Бөлме іші тым-тырыс. Үйде ешкім жоқ. Қабырғадағы қоңыр сағат қана жүрісінен жаңылмай жайымен қызметін атқарып тұр. Кенет диванның астынан, түкпірден құмығып əлсіз дыбыс естілді. Сары сағат екен.

Қоңыр сағат-ау, қоңыр сағат! Көмегің керек сенің... Сілікпем шықты, əбден. Бұзатер Саматтың істемегені жоқ. Тұла бойымда сау тамтық жер қалмады. Қол-аяғым, өкпе-бауыр, жүрегім, бəрі-бəрі ауырады. Белім-ай! Ойбай-ай!.. Сырқырап-қақсап əкетіп бара жатқанын қарашы. Түпкі тегіміз бір, туыс едік қой...

– Не қыл дейсің маған?

– Мен диванның астында, түкпірде, қараңғы қапастамын. Самат таңертең осылай қарай лақтырып жіберген. Үрейден үнім шықпай, қорқып жатқанымда, сенің бар екендігің есіме түсіп, қуандым. Тым құрығанда былайырақ шығаршы жарық дүниеге. Өтінем.

– Маған орнымнан қозғалуға болмайды. Қозғалсам, тіршілік ауаным тоқтап қалады. Сондықтан, буынсыз жерге пышақ ұра көрме, айналайын. Ренжіме!..

– Қоңыр сағат. Бауырым! Жалынам саған. Қатыгез болмашы. Құтқаршы мынау қапастан. Жақсылығыңды ұмытпаспын өле-өлгенше!.. Жағы сембей жалынып, дауысы əбден қарлыққанша сарнай берді, сарнай берді, сары сағат. Мінезі сабырлы, ақылды, қарапайым қоңыр сағат өзіне тиесілі қызметін адал атқарып, тұра берді.

Дайындаған және сурет: Мейіржан Әуелханұлы

M. Auelkhan