Ескендірдің үш тілегі

Ескендірдің үш тілегі

Ескендір патша қыруар елді бағындырып, кері қайтар жолында науқастан жығылыпты. Дәл осы сәтте оның қан-терін төгіп бағындырған жерлері, күшті әскери қосыны, өткір алмас зұлықпары және барлық қазынасы ол жөнінен зәредей де пайдасы қалмаған еді. Ол әзірейілдің таяп қалғанын, өзінің ата мекеніне жете алмасын сезеді де, сарбаздарына: «Көп өтпей бұл дүниеден аттанамын, сендерге айтар үш тілегім бар, орындағайсыңдар» дейді. Сарбаздары көз жастары көл бола отырып мақұлдық береді.

«Бірінші тілегім, табытымды өзімнің емкөсім жалғыз алып қайтсын, - дейді Ескендір ентіге тіл қатып, - екінші тілегім, мені табытпен қабіріме қарай алып жүргенде жолға қазынамдағы алтын-күміс, гауһарларды төгіп тастаңдар» дейді Ескендір көрпесін қымтанып. Аз-кем тыныстап алған соң: «Ең соңғы өтінішім мүрдемді алып жүргенде екі қолымды табыттан сыртқа шығарып қойыңдар» депті. Оның қасында жиналып тұрғандардың бәрі бұған қатты ғажаптанса да «Мұныңыз не үшін?» деп сұрауға бата алмапты. Ескендірдің ең құрметті сардары оның қолынан сүйіп: «Тақсыр, сіздің тілектеріңізді сөзсіз орындаймыз! Десе де, не үшін бұлай істеуіңіз керек екенін біз пақырларыңызға айтуыңызға болар ма екен?» депті.

Ескендір терең тыныс алып: «Өзім енді ғана байыбына барған үш істі мына әлемнің жұртшылығы түсінсе екен деп үміт етемін. Табытымды емкөсіме тапсырғаным адамдар дәрігердің барлық ауруды емдей алмайтынын, өлімге де ешқандай амалының жоқ екенін білсін, өмірді қадірлесін деп үміт еткенім. Екінші өтінішім, өзгелер маған ұқсас қазына-мүлікке әуес болмасын дегенім. Мен бүкіл өмірімді қазына-мүлік үшін жұмсадым, бірақ, көп уақытым зая кетті. Үшінші өтінішім менің мына дүниеге құр қол келіп, тағы да құр қол аттанып бара жатқанымды түсінсін дегенім», - депті де көз жұмыпты.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: varcar.ru

M. Auelkhan