Жолбарысты алдаған қорқау

Жолбарысты алдаған қорқау

Жолбарыс бір күні ну орманда жем іздеп жүріп, құрулы тұрған торға түсіп қалады. Жолбарыс жолдан өтіп бара жатқан жолаушыны көре қойып: «Ей, адамзат! Мына торға түсіп, титығымның құрығанына біраз күн болды. Аяушылық істеп осы шырмаудан босатып ал мені. Мені құтқарсаң алдағы өміріңде үлкен олжаға ие боласың, өзім де саған алғысымды аямаспын!» деп жалына бастайды.

Жолаушының жолбарыс айтқан олжаға аңсары ауып кетеді де, тордың қақпағын ашып жібереді. Сол-ақ екен, жолбарыс атылып шығып: «Нәр татпағаныма көп күн болып еді, аштықтан қалжырап, жүруге әл-дәрменім де қалмады. Қазір мен сені жеймін!» деп жолаушыға тап береді.

Жолаушының зәресі ұшып: «Ау, жолбарыс! Істеген жақсылығыма айтқан алғысың осы ма?»

«Иә, дәл солай!» деп жауап береді жолбарыс.

«Жақсылыққа жамандық істеу алғыс болушы ма еді, тәйірі? Бұл істегеніңнің алғыс немесе қарғыс екенін біреуден сұрап, ақиқатын білмесек болмас. Елдің не айтатынын тыңдап көрелік» деп қарсы уәж айтыпты адам.

«Жарайды, сұрай ғой!» дейді жолбарыс.

Сол маңдағы ағаштардың біріне барып: «Ау, ағаш! Сен бізге айтшы, жақсылықтың есесі немен қайтады?» деп сұрайды.

«Жамандықпен қайтады! – деп жауап береді ағаш, - өздерің ойлаңдар, менің жапырақтарымның саясына адамдар келіп демалады, ал сөйте тұрып, кетуге айналғанда, бұтақтарымды бірі тіреуге, бірі отынға, бірі уыққа кесіп алып кетеді. Міне, олар менің саямды тосқан жақсылығыма осылай жауап береді».

Ағаштың сөзін тыңдап болған жолбарыс жолаушыға: «Сені жеуіме тиіс екенімді өзің де түсінген боларсың!» деп ауыз сала бергенде жолаушы: «Сабыр ет, - деп өтінеді, - тағы біреуден сұрайық, оны да тыңдап көрейік, не айтар екен?» дейді.

«Жарайды, сұрай ғой!» деп келісімін береді жолбарыс.

Олар біраз жол жүргеннен кейін, алаңқайда жайылып жүрген бір топ сиырларға кездеседі.

«Ау, сиырлар! – деп дауыстайды екеуі, - айтыңдаршы, жақсылықтың есесі қалай қайтады?» дейді.

«Жамандықпен қайтады! – деп шулай кетеді сиырлар, - себебі, біз жас күнімізде сүтіміз көп шығатындықтан иеміз бізді қатты жақсы көретін, менің сүтімнен айран үйітіп, май сапырып, ірімшік қайнататын. Ал бүгін қартайып, жүрісім баяулап еді, мені осы тауға айдап салды, қыс түссе соғымға сойып алатын шығар» деп кейістік білдірді.

Сиырдың айтқанын тыңдаған жолбарыс: «Міне, көріп тұрсың ғой, енді сені жеймін!» дейді жолаушыға.

«Аз-кем шыдай тұр, - деп жалынды адам, - ер кезегі үш деген, енді біреуден сұрап көрейік. Егер ол да осылай жауап берсе мені жей бер!»

Жолбарыс бұған да келісімін береді. Екеуі тағы біраз жол жүргеннен кейін, төбенің басында отырған қорқау қасқырға кездесе кетеді. Жолбарыс пен адамды көрген қорқау әрмен қарай жылыстай бастап еді, жолбарыс оған: «Әй, қорқау бауырым! Бізден сескенбе, саған тиіспейміз! Сенен бір нәрсе жайында сұрамақпыз!» дейді.

«Ғажап екен! - деп шәу ете қалды қорқау, - екеуің екі төбе, бірің – адам, бірің – жолбарыссың, сөйте тұра бірге келе жатырсыңдар! Екеуіңді мен өзіме қастық ойлап келе жатыр ма деп тұрмын... Маған жақындамай алыстан сөйлесе беріңдер» дейді.

«Жарайды!» дейді жолбарыс.

Екеуі анадай жерде тұрып: «Қорқау бауырым! Мына жолбарыс құрулы торға түсіп қалған екен, мені көріп жалынып "Ей адам, мені құтқар, алғысымды айтып, сыйлық беремін" деген соң, құтқарып едім, ол босанып шыққан соң мені жеймін дейді. Жақсылыққа жасалған алғыс сірә осылай болушы ма еді?» деп сұрайды.

«Мен сенің сөзіңе сенбей тұрмын, - дейді қорқау, - аңдардың патшасы жолбарыс торға түсуші ме еді, сен әншейін өтірік айтып тұрсың» дейді қорқау.

«Жоқ, қорқау! Бұның айтып тұрғаны шындық, - дейді жолбарыс, - адам өтірік айтып тұрған жоқ, бәрі де қолмен қойғандай» дейді.

«Ондай кереметті көзіммен көрмей, мен сенбеймін» дейді қорқау.

«Оны саған көрсету қиын емес, - дейді жолбарыс, - ендеше мен торға қайтадан түсейін, жүр, көзіңді жеткізейін!» дейді.

«Жарайды, барайық» деп келісе кетеді қорқау.

Үшеуі тордың қасына келіп, жолбарыс торға қайта түседі, сонда қорғау адамға: «Тордың есігі бұрын қалай тұрып еді, солай бекіт те, сосын қайтадан аш!» дейді.

Жолаушы оның тілін алып, тордың есігін жауып, қайта ашқалы жатқанда: «Ақымақ! Не істеп тұрсың? Бұл жерден тез қараңды батыр, оны енді тордан шығаруға болмайды!» дейді.

Қорқаудың өзі де зытып береді.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: coloribus.com

M. Auelkhan