Банкомат картасындағы махаббат

Банкомат картасындағы махаббат

Илина мен Иван көп жыл сөз байлсып жүрді. Олар ақыры некеленеді. Той салтанаты аяқтауға жақын қалғанда Илинаның шешесі қызына банктен жаңа ғана ашылған, ішінде 1000 рубль бар банк карточкасын береді.

ـــ Илина, мына карточка менің сендердің тойларыңа деген сыйлығым, алып алыңдар, некелеріңнің естелік дәптері ретінде ұстаңдар. Жаңа тұрмыстарыңда болған көңілді іс немесе еске аларлық оқиға болған кезде, азырақ болса да ақша салып отырыңдар, әрі бұл істерді естелікке алып қойыңдар. Көңілді істер көбейген сайын, салынған ақша да көбейе береді. Бүгінгі қуаныштарыңа естелік болсын деп ақша салып қойдым. Болашақта өткен күндеріңді еске ала қалсаңдар, өздеріңнің қаншалықты бақытты болғандарыңды сонда білесіңдер,-деді.

Отауларына келген соң, Илина мен Иван шешелерінің бұл сыйлығына дән риза болды, әрі шешелерінің айтқаны табылған ақыл екен деп санасты. Сонымен бірге екінші рет қай уақытта ақша құяр екенбіз деп күтті. Көп өтпей олар карточкаға екінші рет ақша салды, себебі өте қарапайым, Иван Илинаға ерін бояғыш сыйлап, қос жұбай шаттанысты.

Сонымен естеліктер көбейе береді.

Қаңтардың жетісі: Илинаның некеден кейінгі тұңғыш рет туған күнін тойлап, екеуі балауыз шам жарығында кешкі асты романтикалы түрде ішті. Бұл қуаныштары үшін 100 рубль.

Ақпанның он төрті: ғашықтар мерекесінде бірлікте кино көргендіктері үшін 200 рубль.

Қаңтардың жирма сегізі: үйге жаңа мүше ـــ әппақ жүнді малшы ит қосылғандығы үшін 100 рубль.

Наурыздың бірі: Илинаның қызметте қажырлылығы үшін айлығы өсірілгендіктен 300 рубль.

Наурыздың жиырмасы: тойдан кейін тұңғыш рет көрінісі көркем Бали аралына саяхаттағандықтары үшін 200 рубль.

Сәуірдің он бесі: Илина жүкті болды, 2000 рубль.

Шілденің бірі: Иван бөлім жауаптысы болып өсірілгендіктен 1000 рубль.

Арада он жыл өтіп, неке тұрмысы алғашқыдай емес, қызығынан айырыла бастады, «үйдің шаруасын кім көп істейді, баланы кім көп қарауы керек» деген сияқты ұсақ-түйек шаруаларға бола үздіксіз ашулана беретін болды. Бара-бара араларындағы сөз де азайды. Олар өздерінің әуел баста дүние бойынша ең жексұрын адаммен неге ғана некеленгендерін түсіне алмай бастары қатты, отбасы ыдырау қаупіне дөп келді.

Бір күні төркініне барған Илина шешесіне:

ـــ Шеше, мен мынадай тұрмысқа мүлде төзе алмадым, Иванмен де ақылдасып қойдым, келер аптада ажырасатын болдық. Басында сонша көп жігіт жығыла жабысқанда, барлығына қарамай, осы жексұрынмен некеленгеніме сенгім де келмейді,-деді.

ـــ Иә, балам, ажырасып кету онша қиын шаруа емес. Расында төзе алмасаң ойлағаныңды істе. Бірақ, ажырасудың алдында сөзсіз бір істі істеуің керек, той күні саған берген банк карточкасы есіңде болар? Барлық ақшасын шығарып ал да, тиынын қалдырмай жұмсап бітір. Осы бір бақытсыз некелерің үшін естелік қалдырудың қажеті шамалы,-деді шешесі.

Илина шешесінің сөзін жөн санады. Сонымен, банкке барып ақшаны шығарып алуды ойлады. Адам көп екен, амалсыздан кезекке тұрды. Кезегін күтіп тұрып, карточкамен бірге жүретін дәптерді ашып естеліктерді көре бастады. Барлық көңілді естеліктер бір-бірлеп оның көз алдынан өте бастады. Тұңғыш рет туылған күнін өткізгені, Бали аралына саяхатқа барғандары, балалы болғандары, бөлім бастығы болып өсірілуі, бүкіл отбасымен барып демалғандары, ауырып қалған кезде Иванның өзін күткені... Жанарына мөлтілдеп жас толғанын аңғармай қалды, ол банктен шықты да, аяңдап үйіне қайтты.

Илина үйге келген соң, карточканы Иванға беріп, ажырасудан бұрын барлық ақшаны жұмсап түгесуін айтты. Екінші күні, Иван карточканы Илинаға қайтарып берді. Илина карточканы ашып қараса, ішіндегі ақша азайғанды қойып, қайта 5000 рубль ақшаның қосылып, соңына мына сөздер жазылған екен: «Сен маған таусылмас бақыт сыйладың, өзіңді өлердей сүйетінімді бүгін ғана байқадым» осыдан соң, Иван мен Илина еңірей қауышты, карточканы қауіпсіздік сандығына қайта салып қойысты.

Олар зейнетке шыққан кезде, карточкадағы ақша қанша болғанын білесіз бе? Оны сұрамай-ақ қойыңыз, олардың өміріндегі бақытты күндерге салыстырғанда, карточкадағы ақша түкке тұрғысыз еді.

Аударған: Мұрат Қасенұлы

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: өңделген, kursiv.kz

M. Auelkhan