"Тайынша мөңкіп, ыңыршақ шақпас" деген сөз қайдан шыққан?

"Тайынша мөңкіп, ыңыршақ шақпас" деген сөз қайдан шыққан?

Ертеде төрт түлігі сай бір бай ауыл жайлауға көшпекші болып, нар түйелер мен атан өгіздерге барлық жүкті артып, енді жолға шықпақшы болғанда жұртында бір ыңыршақ, бір астау мен итаяқ қалып қойыпты. Бұл нәрселерді жұртқа тастап кетуді ерсі көрген көш иесі, мал шетінде тұрған қотыр қара тайыншаны ұстап, ыңыршақты оған ерттепті де астау мен итаяқты екі жағына теңдепті.

Сөйтіп, көш жайлауға қарай жылжыпты, көш соңынан бірталай жерге дейін дедектеген қара тайынша жүре-жүре буыны құрып, шаршай бастапты. Маңайына көз жүгіртсе, көштің ең алдында нар түйелер, одан соң, өгіздер өздеріне артқан ауыр жүктерді қайқая көтеріп, адымдап алға басып бара жатқандығын, көштің бір шетінде дүркіреген жылқы, енді бір шетінде табын-табын сиыр, қойлардың бірінен соң бірі шұбатылып ілгерлеп бара жатқандығын көріпті. Әсіресе, анау өзі теңдес қозы-лақтардың, құлын-тайыншалардың көк шалғында еркін жүріп, ойнақ салып жүргенін көргенде өзегіне өрт ілініп, қызғанышы қозыпты. Сонымен, қара тайынша көш иесіне:

ــ Мен неге жүк көтеремін? Басқалар сияқты мен де бос, еркін жүруім керек! ــ деп наразылық білдіріп, байбалам салыпты.

ــ Айтқаның дұрыс, десе де, мынадай ұлы дүбір көш кезінде барлығымыз ортақ күш шығаруымыз керек. Сонда ғана көздеген жерге ерте жетеміз. Міне, бұл «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендік, ــ деп түсіндіріпті көш иесі.

Бірақ, өзімшіл, қызғаншақ қара тайынша айтқан сөзге көнбей, ілгері баспапты, көш иесі жақсы сөз айтып, насихаттаған екен, оған көнбей, ақыры мөңкіп-мөңкіп, астау мен итаяқты шағыпты. Жалғасты қанша мөңкісе де ыңыршақты шаға алмапты. Мүлік басы шаңырақ нар түйеде, басқа жүктер өгізде болғандықтан көш иесі қара тайыншаны қамшымен шықпыртып екі салыпты да көш соңына қарай жылжып кетіпті.

«Тайынша мөңкіп, ыңыршақ шақпас» деген тәмсіл сөз содан қалса керек!

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: xuite.net

M. Auelkhan