Ақылды егінші

Ақылды егінші

Егінін егіп, түскен өнімді күнкөріс етіп жүрген егінші бір күні шаруашылық басында соқа тартып жүреді. Сол жерден өтіп бара жатқан патша өзін оған таныстырғаннан кейін былай деп қал сұрайды: «Тұрмыс жағдайың қалай? Тапқан табысың жанұяңды асырап-бағуға жете ме?»

Егінші былай деп жауап берді: «Иә, қадірлі патша! Еткен еңбегім күнделікті күн көрісіме де, өткен қарыздарымнан құтылып, әрі, келешек өміріме де аздап азық дайындап қоюыма да жетеді, осындай істерді атқарып жүрген жайым бар» дейді.

Оның берген жауабы патшаны таң қалдырады. Егіншіден түсетін пайданың жайы белгілі. Бұл қалайша мұның барлығын жеткізіп, үлгеріп жүр?! Ол мұның сырын білгісі келіп, тағы сұрай бастайды: «Егіншіліктен түскен өнімнің күнделікті өмірге жететіндігі белгілі. Бірақ қарыздарыңды өтеп, келешек өміріңе азықты қалай жеткізіп жүрсің?»

Сонда егінші сөздің мәнісін былай түсіндіріп берді: «Мырзам, қарызымды өтеймін дегенім, жасы келген ата-анама қараймын дегенім. Олар кезі келгенде бізді бағып-қағып өсірді. Ал ендігі кезек бізге келді. Қарызымды өтеп жүрмін дегендегі сөздің төркіні осы еді. Келешек өмірімнің азығын дайындап жатырмын деу арқылы, балаларымды бағып-қағып, оларды өмірлік күреске дайындап жатырмын дегенді айтпақ едім, құдіретті әміршім! Біз үшін ең қайырлы азық оларға жақсы тәрбие беру емес пе, патша ағзам!?» дейді егінші.

Оның тапқыр ойына патша дән риза болды. Қол астында осындай ақылды адамдардың болғанына өзін бақытты сезінді. Сөйтіп, егіншіге бір кесек алтын беріп, үлкен тарту-таралғы жасайды.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: nipic.com

M. Auelkhan