Бизнесмен және балықшы

Бизнесмен және балықшы

Бір жолы бір бизнесмен кішкене елді-мекеннің пирсінде тұрып алып, қайық үстінде қармақ салып отырған балықшыны бақылады. Қармақты үлкен бір балық келіп қауыпты. 

Бизнесмен балықшыны сәттілігімен құттықтап, әлгіндей үлкен балықты ұстау үшін қанша уақыты кететіндігін сұрады.

- Бірнеше сағат кетеді, - деді балықшы.

- Сен неге теңіз бетінде қалып, осындай балықтардың тағы да бірнешеуін аулап алмайсың? - деп таңырқайды бизнесмен.

- Отбасымның ертеңге дейін өмір сүруіне бір балық та жетіп жатыр, - дейді әлгі.

- Бірақ сен қалған күннің бәрінде де солай істейтін боласың ғой? - дейді бизнесмен сабырсызданып.

- Түске дейін ұйықтап аламын, сосын бірнеше сағатқа балық аулауға шығамын. Сосын өзімнің балаларыммен ойнаймын. Одан кейін келіншегіміз екеуіміз түскі демалысқа кетеміз. Кеш түсе ауылдарды аралауға шығамын, вино ішіп, достардың басы қосылып, гитарада бірге ән шырқаймыз. Мен өмірден осылайша ләззат аламын, - деп түсіндірді балықшы.

- Мен - Гарвардтың түлегімін, - деді бизнесмен, - Саған көмектескім келеді, сен бәрін дұрыс жасап жатқан жоқсың. Алдымен күні бойына балық аулап, үлкен қайық сатып алуың тиіс.

- Сосын не болады? - деп сұрайды балықшы.

- Сосын, сен одан да көп балық аулайтын боласың, өзіңе бірнеше қайық, тіпті, кеме де сатып аларсың. Және керемет күндердің бірінде сенде кемелер тобы болмақ.

- Сосын?

- Сосын, балығыңды делдалға сатып жатпай-ақ, тікелей фабрикаға алып барасың. Кіріс көзі өз алдына, бірте-бірте жеке фабрикаңды ашып аларсың.

- Сосын?

- Сосын, сен құдайдың есінен шығып кеткен осы бір ауылды тастап, қалаға қоныс аударасың. Күндердің күні өзіңнің жеке кеңсеңді ашып, директорлық қызмет атқаруың да мүмкін.

- Ал енді осының бәрі қанша уақытты алады?

- 15-20 жыл.

- Сосын не болады?

- Ал сосын, - деп күлді бизнесмен, - Сосын ең жақсы күндерің туады. Сен өз фирмаңды бірнеше миллионға сатып жіберіп, байлардың қатарына қосылмақсың.

- Сосын?

- Сосын сен жұмыс істеуді доғарасың. Жағалауда жатқан кішкене елді-мекенге қоныс аударып, түске дейін ұйықтап, түстен кейін балық аулап, балалармен мәз-мейрам шаттанып, келіншегіңмен түскі демалысты өткеріп, кешкісін вино ішіп, достарыңмен бірге гитарада ән шырқап отырмақсың.

Cурет: mobilizacia.kiev.ua 

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Л. Лига