Мұңын көкке шаққан ұлдың жыры

Мұңын көкке шаққан ұлдың жыры
Фото: goodfon.ru

Поэзия – адам жанын тебіренткен, айтылмай, бейнеленбей тынбайтын өктем рухтың бейнесі. Ал ақындық – тума қасиет. Осы бір тума қасиетті тұмшаламай, жырларымен жүректерге жол тауып жүрген жас ақын Шығыров Асланбек Сағыдатұлының поэзиясы туралы бірер сөз айта кетпекпіз.

Шығыров Асланбек Сағыдатұлы 1996 жылы 2 қараша күні Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласында дүниеге келген. Бүгінде М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетінің ІІ курс студенті. Бірнеше мүшәйралардың жеңімпазы.

Өмірдің алтын арқауы – сағыныш. Бұл сезім болмаса пенде баласы бір-біріне салқын қарап өтер ме еді, кім білсін?! Ал ақын шығармашылығының үлкен өзегі деп сағынышты айтуға болады. Асланбек өлеңдерінен де сағыныштың самалы есіп тұр. «Жыладым тағы...» - деп басталатын жырында ақ әжесіне, атасына, анасы мен әкесіне, іні-қарындастарына, туған жеріне деген сағынышының сазы жүрекке жетеді.

***

Жыладым тағы...

Ақ әжем түсіме кірді,

Сағыныш-қайғы тағы да ішіме кірді.

Мұңымды тағы шағамын анау аспанға,

Жан-тәніменен тек аспан түсінеді ұлды.

 

Жыладым тағы...

Атам да сағынып қапты,

Жат жерде жүрмін жүрегім жабығып қатты.

Жан достарымды сағындым, ауылда жүрген,

Шын пейілімен тартатын жанына жатты.

 

Жыладым тағы...

ауылдың,

Жусанды даласын ойлап.

Жүректі барар өмірдің наласы бойлап.

Саудасы жүрмей тұр ма екен базарда анам,

Екі аяғынан тік тұрып, баласын ойлап.

 

Жыладым тағы...

Жасымды жасыра жатып.

Жанардан тамған тұншығам жасыма батып.

Өмірінде бір жекіріп көрмеген маған,

Жүр ме екен әкем шаруадан басы да қатып.

 

Жыладым тағы...

Сол мұңның шатпағы, көкем.

Жақынның маған келетін хаттары бөтен...

Бір басы екеу болса екен деп тілеп жүр ем,

Ақ тәтем үйге келінді таппады ма екен?!

 

Жыладым тағы...

Басымнан арылмас па мұң?!

Естілмей кетті ең алғаш бағымды ашқан үн.

Айтқандарымды екі етіп көрмеген мүлде,

Сағындырды ғой қарлығаш-қарындастарым.

 

Жыладым тағы...

Бір іс жоқ қолымнан келген.

Жалғыз інім бар Құдайым оңымнан берген.

Мұңаймай күліп жүр ме екен досымен ойнап,

Жалғанда жалғыз інім ғой соңымнан ерген.

 

Жыладым тағы...

Білместен әлімнің барын.

Сыр қып та ашпадым ешкімге жанымның зарын.

Аспан!!!

мен саған неліктен мұң шаға берем..?

Шынымды айтсам, сағындым, сағындым бәрін. 

Жүрегіңді дір еткізетін осынау өлең жолдары Асланбек сағынышының шынайы көрінісі. Өлең ұйқастары шымыр екені байқалып-ақ тұр. Тек бейнелеу құралдары әлсіздеу. Десе де бәйгеге жаңа қосылған жас өренге «көркемдік тәсілдерді шебер қолданбаған» деп сын айтқанымыз айып болар...

Асланбек Шығыровтың осы бір өлеңінен көне түркілік таным көріністерін байқауға да болады. Ол – көк аспан түсінігі. Өлеңінің басын «көк аспанға мұңымды шағамын» деп бастап, соңын «мен саған неліктен мұң шаға берем..?» - деп аяқтай келе, неліктен мұң шағатынын шебер жеткізе білген. Жалпы, қазақ поэзиясында «көк» сөзі киелі, қадірлі, қасиетті. Осы бір сөзбен көне тарихымыздан бастап, бүгінгі бейбіт тіршілігімізге дейінгі аралық астасып жатқандай. «Көк» концепциясы Асланбектің өзге өлеңдерінде де кездеседі.

***

Өкініштен өзегім өртенгенде,

Ойың сенің боп па еді, еркем, менде?!

Жаным жылап қалды ғой сеземісің,

Жүрегіме сезімнің дерті енгенде?!


Бар бағымды тəрк еттім жолыңда мен,

Жүрегіме сыйғыздым сорымды əрең.

Бірімізден біріміз қол үзгенде,

Тербетіліп қалды ғой қолыңда əлем.


Мен де кеттім, жарығым, сен де кеттің,

Жолымызды айтады:

-бөлме,-деп, кім?!

Сен мұңыңды шағарсың достарыңа,

Ал, мендегі жүректі емдемек түн!!!

 

Ех, махаббат!!!

Кетті, əне, пəк ғашығым,

Араласып барады баққа сорым.

Кешегі бақыт жайлы жазғанымды,

Бүгін біреу барады жатқа соғып...

 

Бақтың сордан бір күні асары анық...

Жүрегімнен бір перне баса қалып.

Аспан жаққа қарадым көзімді алмай,

Жұлдыздардан бейнеңді жасап алып...

Поэзия – кіршіксіз әлем. Өмірді жырлау үшін келген ақынның жүрегі де жырымен егіз. Ақын өмірден көрген-білгенін, санасына сіңіріп, түйгенін жырға қосады. Ол үшін өмірде жырлайтын тақырып та, өзіндік стиль де көп. Әсіресе, осы соңғысы туралы айта кеткенде есте ұстар дүниелерді ескерген дұрыс та шығар. Себебі, кейде еліктеуден қайталау туып жатады. Сондай өлеңде қайталанатын ой өзегінің бірі – ішу, мас болу. Бұл ой өзегі кей сәттерде өлеңді биікке көтеріп, кейде төменге бір-ақ құлдыратады. Мұны Асланбек өлеңдерінен де аңғаруға болады. Төмендегі ұсынылған екі өлеңнің біріншісінде ақын бүгінгі күннің ішімдігі жайлы жазып, оның ішінен өзін ақтап алса, екінші өлеңде Омар Хайям дәуірінен (тіпті әріректен болуы да мүмкін) келе жатқан «шарап» тақырыбын өлең өзегіне қосады. Себебі, ол жырлар бүгінгінің шарабын емес, ғашықтықтың шарабын ой өзегіне алған...

***

Бақ табыла қоймайды жынды адамға,

Қанша жерден іздесін, іздемесін.

Өз-өзімнен отырып мұңданам да,

Жіберіп қоям бақыттың жүз кемесін.

 

Жалғыздықтан шаршадым, қатты басым,

Келерімнен күте алмай үмітті мен.

Жастығыма тамшылап жатты жасым,

Күткен бақтың келмесін біліп келем.

 

Алжасып кетердей боп ақылымнан,

Қанша таңды атырдым сенделумен.

Жақсылық та күтпедім жақынымнан,

Жаға алмай да қойдым ғой елге мүлдем.

 

Бақты мұңнан ала алмай арашалап,

Дәрменімнің біткенін сезгем мен де.

Сабақ алып біреуден, аға санап,

Түйгенімді үйреттім кез келгенге.

 

Туылмаған екем деп өлең үшін,

Жерінгенмін өзімнен, сорым қайнап.

Таусылғандай алапат кеме-күшім,

Жын-жыпырлар салады жолымда ойнақ.

 

Біреулердің кетіп қап жетегінде,

Үйге қайтам, баяғы ішкен күйім.

Ақын болып ұйықтап кетемін де,

Ақымақ боп оянам түстен кейін.

 

Өлең бар ма жаны - алтын, күміс - тәні?!

дегенде, нашарлайды тыныс хәлі.

Бүлдіре алмай жүрген іс көп емес қой,

Тындыра алмай жүрмін ғой бір істі әлі...

***

Мені іздеп кеткің келе ме мəңгі?!

Сенделіп...

Сақтаулы тұр ма өлеңім əлгі..?

Мұңды жасыңа берме ерік.

Осының бəрі,

Қателік емес пенделік.

 

Естеліктерді есіме аламын,

Жабығып...

Қателіктерді қалай кешіре аламын?!

Бəрін ұқ!

Бар ма еді əлде əлі үміт?!

Жүр ме едің мені сағынып?!

 

Қалқам-ау, бірақ,

Білесің сен де мүмкін емесін,

Бос бəрі...

Естеліктердің түртіп елесін,

Шараппен толар тостағым...

 

"Махаббат оты сөнді" - деп, күнім,

Өлең боп көктен түсемін.

Сені ойлап, міне, соңғы рет бүгін,

Ішемін...

Асланбек Шығыровтың қаламы қарымды екенін байқадық. Енді жалынды жырын тоқтатпай жаза берсін деп тілейміз. Ал мына екі өлең жайлы пікірді оқырманның еншісіне қалдырайық.

***

Вальс...

Қос қолым шыбықтай майысқан беліңде,

Көзіммен шашыңды тарағам...

Жаным-ау, сенің де ,менің де

сəтіміз осы ғой қалаған.


Қаттырақ құшақтап нəп-нəзік беліңнен.

Сезесің...

Жүректің дүрсілін.

Жаныңды ұққанда сенің мен,

Сезімнің атқанда бүршігі


Басталар...

Шынайы махаббат басталар,

Тек тоқтап қалмасын мына əуен.

Айтарын айтады басқалар,

Ех, əуен... тоқтама тұра бер.


Мен сүйем дəл осы қалпыңды,

Бақытым, сен үшін бəрін де жасайын.

Басыла алмаған мауқымды,

Басайын...


Жүрегім тұншығып иісіңе,

Кетеді үйреніп.

Жүзіңе қарадым сүйсіне,

Тоқтамай биледік.


Бірақ...

Тоқтады əуен де, тоқтады жанарлар сүйісі,

Тас-талқан етті де үмітті.

Сен сепкен əтірдің иісі,

Жүрекке сіңіпті...

***

Достардан да көңілім жүр көп қалып,

Қарға-мұңым қарқылдайды топтанып.

Ең алдыңғы шепте жүрсем деп едім,

Бірақ, өмір сүйреп жүр ғой шетке алып.

 

Махаббат та жүр ғой менен алыс қап,

Сəтті аңсаймын ғашығыммен табыспақ.

Күлген кездер қайда екен сол баяғы

Сұлулардың білегінен сан ұстап?!

 

Кірбің мүлде арылмай жүр қабақтан,

Көңіліме ұялатты нала ақпан.

Жас алмайтын жас бала едім жанарға,

Бас алмайтын болып жүрмін шараптан.

 

Ауылды да жас жүрегім жүр қалап,

Кездер де өтті тамшы болып сырғанап.

Болар шаққа үміттене аттаймын

Артта қалған бар бағыма бір қарап.


Көтергені, құрсын, найза жаншып ап,

Жанарымнан қан аққанмен тамшылап,

Айдалада қалғанменен қансырап,

Дегенінің бəріне де үйретті-ау,

Мына тағдыр сауырымнан қамшылап.

О. Сансызбай