"Қарғын" қандай роман?

"Қарғын" қандай роман?
Фото: alashainasy.kz

“Қарғын” романы алғаш рет 1980 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрді. Кітап баспадан шыққан бойда жастардың сүйіп оқитын шығармасына айналды.

Романның негізгі оқиғасы Алматы қаласында өтеді. Негізгі идеясы – адам бойындағы шынайы махаббат, адал сезім, биік парасатты жан-жақты көрсету. Шығарманың басты кейіпкері – атышулы жас жазушы Жасын және жоғары оқу орнына енді ғана түскен стдудент қыз Бағила. Жасын Мәдиев – ойы алғыр, өмір шындығына жасқанбай тура қарайтын талантты жазушы. Оның Бағилаға деген шынайы сезімі де өз мінезі сияқты қайшылыққа толы, тіпті, ішкі жан-дүниесінің өзімен-өзі арпалысы кезінде байқаусыз жас қыздың арына тиетін де сөздер айтып қалады.
Олардың алғаш танысуы поезд үстінде өтеді. Мектепті жаңа бітірген Бағиланы әкесі Алматыға оқуға алып келе жатады. Оның әкесі Қаратай – ауданның бірінші басшысы. Әлдеқалай себеппен Жасын солар мінетін купеге жайғасқан екен. Әкесі мен қызы екеуі енді жайғаса бергенде газет-журналдарды құшақтап сырттан Жасын кіріп келеді. Аудан басшысы және оның төңірегіндегілер оған жақтырмай қарайды. Басқа купеге ауысуын сұрайды.
Жасын олардың дегеніне көнеді. Купеден шығып бара жатып, үлкен басшының жанындағы көптеген жандайшаптарға қарап: “Жарайды. Көндім. Сендерге жаным ашығандықтан келістім” дейді.
Купеде жігіттің бір бет қағазы қалып қойыпты. Онда жазушының ойлары, өмірге көзқарасы, құдайдай табынып келген әлемдік әдебиетінің классиктері жайлы сын пікірлері, олардың көркемдік әлеміндегі концепцияларына қарсы өз ойлары жазылыпты. Бағила осы бір сәттен бастап өз тәрбиесі мен пайымдауларына, өмірлік тұжырымдарына мүлдем жаңа бетбұрыс енгендей, бұрын өзі ойлап көрмеген мүлдем жаңа дүниенің есігін ашқандай болады.
Бағила университетке оқуға түседі. Бірақ ол бір жалт етіп  жоқ болған қыран көз, сөзі мірдің оғындай өткір, өн бойынан батылдық пен қайсарлық, биік парасат шашып тұрған сол бір жігітті ұмыта алмайды.
Олар бір жыл өткен соң ғана таксидің ішінде қайта кездеседі. Жауын құйып тұрған соң Бағила кез келген машинаға қол көтеріп тұрған. Такси ішіндегі адамға көңіл бөлмей, ол баратын жерінің адресін айтады. Біраз ұзаған соң ол:
- Сәламатсыз ба? – деген қоңыр дауыстан селт ете қалады.
Бұл жігіт сонау кезде өздері купеден қуып шыққан жігіт екен. Жігіт купеде қалып қойған қағазын сұрайды. Жай сұрап қана қоймайды, “өзім ұнатпайтын адамдардың қолында ойларым жазылған қағаз ғана емес, ұлтарағымның қалғанын да қаламаймын” дейді.
Бағила ашу-ызадан  жарыла жаздайды. Өзін де, әкесін де жазғыра сөйлеген мына бейтаныс адамның алдында ол қорланып, машинадан түскенше асығады.
Қанша ұнатпағанмен, олардың арасында байланыс жібі жалғасады.
Келесі бір күні Бағила оның купеде қалып қойған бір бет қағазын әкеп береді. Олардың таныстығы осылай басталады.
Бір кезде өзі ұнатпаған бұл жігіт атышулы екі кітаптың авторы, жастығына қарамай әйгілі боп үлгерген жазушы Жасын Мәдиев екен.
Бағила Алматыдағы немере ағасы, университет профессор Сәргелдең үйінде тұрып оқиды. Ол – қызғаншақ, күдікшіл, мансапқор адам. Әйелі қайтыс болып, өзінен он екі жас кіші Мәликеге үйленген. Мәлике болса көрікті, сөз қадірін білетін, бірақ, өмірде жолы болмаған әйел. Жолы болмағандықтан да амалсыз осы Сәргелге тұрмысқа шыққан. Бағила оны Лике деп еркелетіп атайды. Лике болса Бағиланы “Сур” деп еркелетеді. Оны Мәликенің өзі: “Сен сурет секілді сұлусың, әрі Куприннің “Ольга Сур” деген әңгімесіндегі Сурға ұқсайсың” деп түсіндіреді.
Ол екеуі ежелгі достардай сырлас боп кетеді. Мәлике – дүниеге көңіл көзімен қарай білетін, жан-дүниесі кең де таза адам. Ол Бағиланы туған сіңлісіндей жақсы көреді. Өмір жайлы, махаббат жайлы, қазіргі адамдардың қулығы мен айласы жайлы, адалдық пен аярлықтың қандай болары жайлы көп-көп әңгіме шертеді. Сәргел болса – қызғаншақ, күдікшіл, сәл нәрседен секем алғыш. Әйеліне, немесе немере қарындасына біреу-міреу көз тастай қалса да қызғанады. Оның бұрынғы әйелі де оның осы қызғаншақтығынан көп азап шеккен. Тіпті, өлер алдында ол: “Ал, мен кеттім. Қызғансаң о дүниеге кел” деп қағаз жазып қалдырған.
Бағиланың әкесі – аудан басшысы. Алматыдағы көптеген басшыларды таниды. Сәргел болса оның беделін пайдаланып, докторлық диссертациясын жеделдетіп қорғамақ. Бағиланы үйінде тұрғызуында да осындай ішкі есебі бар.
Бағила кейіннен білді. Жасынның әйелі, екі баласы бар екен. Бірақ, ерекше бір сезім оны Жасынмен кездесуге ылғи да жетелеп тұратын секілді. Олар талай кездесті де. Бұрын ешқашан жігіт қасында отырып көрмеген Бағила Жасынмен тым жақын боп кетті. Бірақ, Жасынмен бірге жүру, онымен қатар отыру кей кезде жас қыз үшін азап сияқты боп көрінеді. Оның сөздері тікенектей өткір, үнінде кісі  зәбірлейтін леп есіп тұрады. “Бұл қандай адам?” Жақсы көргені ме, жек көргені ме?” Екінші онымен кездеспеспін деп талай шешім қабылдаса да, телефоннан Жасынның қоңыр да байсалды үні естілгенде кездесуге қалай келісім беріп қойғанын өзі де аңғара алмайды.
Өзінің бұл ыстық сезімін тоқтата алмаған Бағила талай түнді ұйқысыз, қорланып атқарды. Бар сырласы – Мәлике. Ішкі сырын соған ақтарады. Мәлике болса: “Сезім деген солай, Сур. Ол өзіңе де бағынбайды. Махаббат деген – мойынға ілінген қамыт. Алтын қамыт. Әйел байғұстың көретін күні осы – азаптану, қорлану, жылау ақыры айналып кеп көну” деп өз өмірін жыр қып айтып кетеді. Жасынды ол да жақсы көреді. Өйткені, Жасын – биік интеллект, жоғары талғам иесі, қазақ арасында сирек кездесетін эрудит. Ол жан-жақты білімді. Тарихшылармен пікірлессе – білгір тарихшы, сазгерлермен пікір алмасса – білікті музыка маманы, суретшілер мен суретшілер арасында – аса білікті өнертанушы. Ол махаббат деген ең асыл сезімге де биік талғаммен қарайды.
Жасын болса, жас қызды ұнатып қалғаны үшін іштей азап шегеді. Тым жақындасып кетуге жас қыздың болашағын ойлап тартынады. Және оған бой үйреніп кетер деп қорқады. Тым биік, тым таза санап келген сезімдері күндердің күні үйреншікті нәрсеге айналып, кетер ме екен деп қорқады. Бірін-бірі ерекше жақсы көретін адамдар үшін ерекше сезім мен әрекет ойлап таппағаны үшін Жаратушыны да жазғырады.
Үш жыл ішінде ол Бағиланың тек үстіңгі ернінен бір-ақ рет сүйді.  Соның өзінде айтқаны:
- Ерніңнен неміс помадасының дәмі сезіледі, - деген сөз болды.
- Бар айтайын дегеніңіз осы ма?
- Иә, - деді Жасын кенет әлденеге ызаланып. – Бар айтпағым осы. Басқа ешқандай сөзім жоқ!
Бертін келе Бағила Жасынның өз ішкі дүниесімен арпалыс үстінде жүретінін, атышулы жазушы болғанмен, оның досы жоқ екенін, жалғыз екенін, өзгелерден оқ бойы озық болғандықтан сырласар тең таппай азап үстінде жүретінін аңғарды. Мұның жас қыз екенін ескермей, ауық-ауық арына тиіп сөйлейтіні де сол ішкі арпалыстың шарпуы екенін аңғара бастады. Жасынды түсінетін жалғыз өзі ғана екенін де ұғынды. Оның бойындағы қайшылықты сезім әдемілікке, сұлулыққа, тазалыққа деген ұмтылыстан туатынын, оның ұшы Адамды сүю деген үлкен арнаға тірелетінін ұқты. Жасынды сүю – бақыт емес, азап екенін де түсінді. Бірақ, оның ішкі ойы: “Несі бар, сол азап та мен үшін бақыт” деп, пенделік ойын парасатты ойы жеңіп келе жатқандай көрінді.
Талай кештер, талай оқиғалар артта қалды. Сәргел докторлығын қорғады. Той өтті. Бағила есейді. Оған ғашық болмаған адам жоқ. Суретшілер оның портретін де салып, сыйлай бастады. Әкесінің көмекшісі болса, күнде хат жазады. Сербота деген ақын жауып тұрған жаңбыр мен қарға қарамай Бағиланың жолын тосып жүреді. Бірақ, Бағиланың жан-дүниесі Жасынға ұмтылады. Жасынмен бірге болу, онымен тілдесу, тіпті үнсіз отырудың өзі жас қыздың жан-дүниесін байытып, өзгеше бір әлемге жетелей беретін секілді. Тіпті, онымен ренжісіп, екі-үш ай тілдеспей кеткен уақыттың өзі бос өткен өмірдей боп көрінді. Мына өмірде Жасынның орны бөлек, ол ерекше жаралған, бәлкім, жалқы біткен ерекше тұлға. Онымен қандай азапты жолға болса да бірге аттануға дайын.
Бірақ, Мәлике басқаша шешімге келді. Бұл сергелдеңнің аяғы болуы керек. Жанындай жақсы көретін Сур жүдеп барады.
Сәргел оларға Ялтаға жолдама алып береді. Ұмыту керек. Бәрі-бәрін де ұмытпаса болмайды. Бірақ, ол да шипа болмады. Ялтада жатып, Бағила бұрынғысынан да көп азапқа түсті.
Мәлике Жасынға телефон соқты. Тез келуін өтінді.
Жасын Ялтаға ұшып келеді. Сезім арпалысы мен сағыныш сазы бұл тұста мол суреттеледі. Сонау алыстан Бағиланың әкесі де, Бағиланың ықыласынан үміткер оның көмекшісі де кепті.
Әр түрлі мақсат, әр түрлі сезім, әр түрлі тағдырлар осы жерде тоқайласады.
Жасын мен Бағила оңаша.
- Алматыға барған соң мен саған балмұздақ алып беремін, - дейді Жасын.
Тәтті сөйлеуді жек көретін Жасынның аузынан шыққан мынадай сөзге Бағила мырс етіп күліп жібереді.
- Сіз?.. Балмұздақ? Сізге ол жараспайды...
Ол Бағиланың ернінен өмірінде екінші рет қана сүйді.
Өмірде мұндай тазалықты былайғы жұрт кеңкелес санайтын кезде, ондай адамның болатынын және сол адам өз өмірінен өле-өлгенше орын алатын болғанына Бағила өзін әрі бақытты, әрі әлжуаз, дәрменсіз сезінгендей. 
Бірнеше сағаттан соң Жасын Алматыға ұшты. Ол биікте, жасыл қипаристердің үстімен ұшып келеді. Төменде күйініш пен сүйінішке  толы жасыл орман. Енді не болмақ? Жерге түскен соң Жасын өмірі қайда бет бұрмақ?
Роман осындай күрделі сұрақтармен аяқталады.
Түсінік Рымғали Нұрғали
Дереккөзі: adebiportal.kz
Н. Айдархан