«Жауқазын жылда гүлдейді» - жалынды жастардың жинағы

«Жауқазын жылда гүлдейді» - жалынды жастардың жинағы

Бала күнімізден әдебиетті сүйіп, аңсарымыз ауып келгендіктен, төрт жыл бойы әдебиеттану саласында оқығандықтан, жиі мерзімді басылымдарды оқып жүргендіктен бізге бүгінгі қазақ әдебиетінің хал-ахуалы таңсық емес. Әсіресе, жастар шығармашылығы. Осы жастар шығармашылығы туралы үлкендерден сұрай бастасаң, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Бейбіт Сарыбай секілді өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан  ағаларымызды айта жөнеледі. Кешіріңіз, бұл кісілердің алды отыз бесті алқымдады. Бұл кісілерден кейін Ә.Байбол, А.Нүсіп, А.Әлменбет, М.Асан, С.Есжан секілді жиырма бестен енді асқан, көпшілікке танылып үлгерген  ағаларымыз бар. Ал, біздің жастар деп отырғанымыз – әдебиет табалдырығын енді ғана аттаған, көпшілікке әлі таныла қоймаған жас перілер...

Асылы, ауызы дуалы ағаларымыз  кейінгі жас қаламгерлер туралы мардымды ештеңе айтпайды. Оған өкінбейік, әр буын өздері-өздерін насихаттауы керек. Бүгін біз де өзіміздің тұстастарымыз жайлы, олардың шығармашылығы, аяқ-алысы туралы ой қозғап көрелік... Жуырда ғана «Жауқазын жылда гүлдейді» атты жас қаламгерлердің «Жауқазын» республикалық әдеби байқауынан жүлде алған шығармалары енген жинағы қолымызға түсті. Аталмыш байқаудың мақсаты – аға буын қаламгерлер қалыптастырған қазақ әдебиетіндегі ұлы дәстүрді  жалғастыра отырып, ұлттық әдебиетімізде жаңа есімдерді шығару, жас буынды әдебиетке баулу болған. Осы мақсаттың қалай жүзеге асқанын бақылау да керек шығар?! Енді осы үздіктер қатарына енген жас қаламгерлердің шығармашылығына қарай ойыссақ:

Жеңімпаздар арасында Нұртас Тұрғанбекұлы, Манас Қайыртайұлы, Құндыз Жұбаева, Тұрсынбек Башар, Алпамыс Файзолла сияқты студенттер бар. Бұл тізімдегілерді әдеби қауым жақсы білуі керек. Неге десеңіз, осы аталғандар көптеген республикалық әдеби байқаулар мен мүшәйралардан үнемі алдыңғы орындардан көрініп жүр. Әсіресе, Нұртастың аяқ-алысы қуантады. Бір әттеген-айы, Нұртастың «Құлагер көкте» (І.Жансүгіровке), Құндыздың «Сирень сезімі» бұрындары баспасөз бетіне жарық көрген еді... (Қателеспесек, «Ақ желкен» журналы) Біз бұнымен бұл жастардың шығармашылығы тоқтап, тоқырады демейміз. Тек, алдағы уақыттарда бір өлеңді анда-мында ұсына бермесе екен дейміз. Байқаудың шартына бұрын баспа бетіне жарияланбаған туындыларын жолдауды кіргізгенде, бұндай олқылық кетпес еді... Оқырманды алдай алмаймыз. Әдеби процеспен етене жақын оқырман, әрбір шығармашыл жанның жүріс-тұрысынан хабардар екенін еске сақтауымыз  керек. Сосын осы байқауға кез келген еркін тақырыптағы туындылар қабылданған соң, жинақ ішінде арнау өлеңдерде, лирикалық өлеңдерде жүргенін байқап қалдық.

Жинаққа ҚЖО басқарма төрағасының орынбасары Ж.Әшімжан, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Ж.Сейдуманов және «Жас өркен» ЖШС директоры Ж.Қорғасбек алғы сөз жазыпты. Үш ағамызда бүгінгі қазақ әдебиеті, соның ішінде жастар шығармашылығы туралы жалпылама айтып өткен. Тым болмаса,  «Ақ желкен», «Ұлан», «Балдырған», «Дружные ребята» секілді балалар мен жасөспірімдерге арналған басылымдарға бірнеше жылдан бері жетекшілік етіп жүрген белгілі қаламгер Жүсіпбек Қорғасбектің кең көлемде тоқталып өтуіне болар еді...  Осы жинаққа енген авторлардың дені осы басылымдардың «жас тілшісі» екенін білеміз. Жүсіпбек ағаның бір ауыз сөзі, олардың аты-жөнін атағаны – әдебиеттің есігіне имене кіріп келе жатқан жас перілерге үлкен дем, жеке төлқұжаттай қастерлі болар еді... Жә, бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Нұртастың  Ілия Жансүгіровке арнаған  «Құлагер көкте» өлеңінен  «Ажал балдағы көтере алмайды, Ақсақ өмірдің кеудесін» немесе «Аспан әйнекті көзілдіріктен, Ақын қарап тұр сығалап»  я болмаса  «Аспан ақынның күңіренгені – шын таланттардың көз жасы»  (13-14 бет) деген жолдары өте керемет шыққан. Теңеулері сәтті. Ал, Құндыздың  «Сирень сезімі»  (17 бет) бойжеткен қыздың басынан өткерген мектептегі махаббат сезімінің бастауы болса керек. «Тоғызыншы сыныптың сергелдеңі ед, әкем келіп қуантты мені бірде» деп басынан өткен тәтті сезімді әп-әдемі өлеңнің үйлесімімен баяндайды.

Манас Қайыртайұлы да мектептегі кезінен бері үнемі биіктен көрініп келе жатқан жас қалам иесі. Манас сол мектеп жылдарында-ақ, «Барқытбел» атты алғашқы поэзиялық жинағын шығарған болатын. Жас ақынның өз сүрлеуін тапқанын, әбден ысылып алғанын  «Ұлы адам өлгенде» (Қадыр мырза Әліге) өлеңінен байқауға болады. Өлеңде:

Ақ Жайық анау шалғайда күткен,
Қайғырды екен қандай қалыппен.
Тұманға батты Тұран езіліп,
Жұлдызы ағып маңдайға біткен, - делінген шумағы, сосын  «Жарқын бір жұлдыз ағып барады, Қазақ – қайғылы, халық – қаралы» деген жолдары да, тұтас өлеңнің формасы да эстетикалық талғамға сай. Әсіресе, «Қадыры кетті алдаспан жырдың, Құдіретті өлең – қадірі қалды» деген жолдары Абайдың «өлмейтұғын артына сөз қалдырған» дегенін бейнелеп әсерлі жеткізген. (19-20 бет)

Тұрсынбек Башардың жинаққа бір өлеңі, бір әңгімесі енген екен. Автордың «Ана үміті»  (23-25 бет) атты әңгімесі баурап алды. Қызықтырды. Әңгіменің қысқа сюжеті былай, тұрмысы төмен отбасының отанасы екі баласын асырау үшін күнделікті тапқан табысынан бес-ондап, кейде жүздеп ақшаны бөлек тығады. Автор бұны – ұрлық дейді. Ұрлық болғанда да залалсыз ұрлық. Біреудің қалтасынан жымқыртпай, өзіне тиесілі ақшаны ұрлағаны тосын жағдайға әкеледі. Бұл – жас қаламгердің шеберлігі. Айдос пен Сымбат есімді балаларының мектепке ескі-құсқы киімді киіп барғаны ананың жанына батады. «Менің балаларым кімнен кем деп?» балалары үшін қаражат жинайды. Күйеуі тірлектен жолы болмаған, ішімдікке салынып, үйдің берекесін алатын біреу. Бұл – бүгінгі қазақтың екіден бірінің басында болып жатқан мәселе. Сол алқаш күйеуінің өмірге деген көзқарасын автор  «...қандай түлен түрткенін кім білсін, бірақ бұл жолы, өмірін басқа арнаға бұруға бекінді» деп, отағасын «өмірді қайта бастауға»  ұмтылдырып, балалары мен әйелі жоқта, үй ішінен тазалап, реттеп, жинастырып, қоқыс-қоқсықты жинап, пешке салып, «барлық қайғы-қасірет осы күл-қоқыспен кетсін» дегізіп өрттіреді. Әңгіменің ең қызық жері – осы. Себебі, бейшара әйел жинап жүрген қаражат пештің қуысында жасырулы еді... Біз, оқырман ретінде оқи отырып, бұндай тосын жағдайды күтпедік.  «...Ақшамен бірге ананың үміті де жанып жатты. Бұл кезде үйіне жақындап қалған ана мұржадан ирелеңдеп шыққан түтінді көріп, көзі қарауытып, жүрелеп отыра кетті» дейді автор.  Содан кейінгі олардың өмірлері, тағдырлары бізге мәлім. Міне, Тұрсынбектің осындай қарым-қабілеті қуантқан еді... Ілгері күндері жас прозайктың сиясы кеппеген әңгімелерін жиі оқимыз деп үмітенеміз. Енді Тұрсынбекке, тағы басқа жас талап иелеріне ескертер нәрсе «Отанасының алажаздай жамбасы жер иіскеген емес» деген жолдарына назар аударыңыз, жамбас жер иіскемейді емес пе?!  «Отанасының алажаздай жамбасы жерге тиген емес»  десе, онда сөз жоқ. Біз, бұны құнттап айтып отырғанымыз, кішкентай бір стилистикалық қате сөйлемнің мағынасын өзгертіп жібереді. Бар гәп – сөйлемді мағынасына қарай дұрыс қолдана алмауымыз.

Осы жинаққа енген Айым Болатова, Ұлмекен Шаукенова, Алпамыс Файзолла, Анастасия Крюкова, Әйгерім Түсіпқалиева, Жадыра Байбуланова, Еламан Қабділәшім, Мирас Әбіл, Қуат Ежембеков, Нұрлан Наурызалиев, Марғұлан Ақан, Салтанат Қайырбектердің поэзиялық туындылары туған жерге, махаббат, сезім серделдеңіне байланысты. Ал, Айым, Әйгерім, Салтанаттардың алдағы уақытта Фариза, Марфуға, Қанипа, Күләш, Ақұштап, Гүлнәр секілді апайларымыздың қатарынан көрінулері үшін әлі талай еңбектену керек. Бастысы – оқу керек! Бұл кісілердің сүрлеуінен бөлек өзгеше, тың жолмен келіп, қазақ поэзиясына резонанс тудырмаса, бұл сарын – әдеби дәстүрді қайталау болып қалмақ. Енді Ұлмекеннің «Ұлы Алашым»  (30 бет) өлеңіне назар аударсақ:

Ұлы Алашым,
Ауырып жүр сені ойлап мына басым,
Батысқа бет бұрғанда ұл мен қызың,
Намыс қыспай қалайша тұраласың, - дейді. Басқа жолдарында да осындай бірізділік бар. Талдауға өрем жетпеді. Тек ұйқас құру үшін жазса, өлең болмайды. Айтар ойы жақсы болғанымен, шашыраңқы. Шүкір, бүгін тәуелсіздігімізді алдық, Алаш арыстары армандаған күнге жеттік, батысқа елітеп жатқан жастар сіздің, біздің замандастарымыз. Оларға достық, жолдастық ақыл айту, тәрбие беру – біздің міндет емес пе, замандасым?! Замандас-ау, әріден соң, осы елдің болашағы – біздің қолда! Сіз ақын ретінде де, болашақ ана ретінде елді тәрбиелеуге құқылысыз.  «Биік шыңың – көк туың құламасын» деп жақсы аяқтаған екенсіз, ендігәрі өлеңді тек ұйқас, буын үшін жазып, өлеңнің техникасына бола әуреленбеңіз, өлең ішкі сезімнен қалай шықса, сол қалпында қағазға түсіргеніңіз абзал. Біз – поэзияның өлшемі емеспіз, ескеру, ескермеу өз еркіңізде.

Алпамыс Файзолланың да жазғандары жиі баспасөз бетіне жарияланып жүр. Өткенде әлеуметтік желі арқылы қазақ спортының саңлағы, құйрықты жұлдыздай ағып өткен Бекзат Саттархановқа арналған «Бекзат батыр» атты поэмасын оқып, жас ақынның қабілетіне, шеберлігіне  сүйсінгенбіз.  Осы жинаққа ақынның  «Бұйырмаған бақытыма», «Сүйем сені, Меңтай!», «Сағыныш» атты өлеңдер топтамасы кіріпті. Ақынның «Мен жүз қызға ғашық болған шығармын, дәл осылай оның бірін сүймеп ем» немесе «Жанарыңнан жалын сезім көруші ем, жалғандықпен жаңылдым ба жоқ әлде?»  я болмаса «Жақсылардың ғұмырындай қысқа екен, Біз туралы өмір жазған әңгіме...»  (33 бет) деген жолдарынан махаббаттан баз кешіп, жолы болмаған адамдар тағдыры көзіңізге елестейді. Задында, поэзияны немесе прозалық шығарманы оқып отырғаныңда  шығармаға арқау болған оқиға көз алдыңа елестейтін болса, «шын жүректен шыққан сөз, сол жүрекке болсын кез» (Абай) дегендей, жүрекке жетері анық. Алпамыстың өлеңдерінен осындай әсер алдық. Сосын «Бұйырмаған бақытыма» деген өлеңді екі-үш мәрте қайтара оқи отырып, Жұматайдың « Ләйлә» деген өлеңімен ұқсас элементтерді көргендей болдық. Бұндағы ұқсас элемент – жауапсыз махаббат.

Қуаттың «Мүсінге тіл қату» (Әміре Қашаубаевқа), Мирастың «Театр сынды тұлпарым», Нұрланның «Ой туралы ой» (Мағжан Жұмабаевқа), Марғұланның «Сырласу» (Мұқағали Мақатаевқа), «Қайран ата» өлеңдері арнау үлгісінде жазылса да оқырманға үлкен әсер қалдырады. Нұрланның «Ой туралы ойы» басынан-аяғына дейін  «О» әрібімен басталады. Бұл – ассонанс. Бірыңғай дауысты дыбыспен басталатын өлеңнің әрбір шумағында түсінген адамға, әсіресе, өлеңтүсінер адамға айтар үлкен ой жатыр.

Жалпы осы жинаққа прозалық шығармадан гөрі, поэзия басымырақ енген. Осыдан-ақ, біздің елде поэзия өкілдерінің көп екенін көруге болады. Ербол Қабылхановтың «Мен жарықты сүйген едім», Санжар Бекжановтың «Боздап тұр, Бозқараған!», Жадыра Мұсабайдың «Аяқталмаған күнделік», Әйгерім Сәрсенованың  «Тағдыр толқыны», Әсел Қойшыбаева «Айнаның арғы бетінде» сияқты жастардың проза жанрына сәйкес келетін туындыларында әртүрлі мәселелер арқау болған. Әсіресе, Әселдің «Айнаның арғы бетінде» мистикалық әңгімесінде Сара деген қыздың басынан өткерген шым-шытырман оқиғалары арқау болған. Сара үйінде жалғыз қалады. Үйі ай даладағы ну орманның ішінде. Сараның үйіндегі  жалғыз тұрмыстық зат – айна. Кейіпкер үйді сатып алғанда, осы айнадан басқа зат болмаған. Айна сиқырлы екен. Ары қарай мистикалық хикаяларды жақсы келістірген. Шығарма жеңіл оқылады. Аталған жас пройзактардың шалқыма, күнделік формасындағы жазбалары, әңгімелері де бастысы – идея мен көркемдік бар, тек қызыл сөзге ұрынғандары болмаса, жаман емес. Біздің жас прозайктар көбінесе сөз қолдану жағынан ақсайтындығы байқалады. Бұл үшін – шығармашылық ізденіс керек. М.Мағауин, Қ.Жұмаділов сияқты қазақтың байырғы сөздерін ұтымды қолданататын классиктерді қайтара оқып шықсаңыздар, өкінбейсіздер...

Жинақтың екінші бөлімінде 2013 жылғы оқушылар арасындағы өткен аталмыш байқау жеңімпаздарының шығармалары бас құрапты.  2013 жылы оқу болып жүргендердің алды қазір студент болды. Мысалы, Жандарбек Жұмағұлов, Ләззат Мақаш, Нұргүл Қалимолда, Серік Қантаевтардың шығармалары жиі  «Үркер», «Ақ желкен» тағы басқа басылымдарға жарияланып жүр. Жандарбек пен Ләззат та Нұртас, Құндыз секілді аға-әпкелерімен бірге мүшәйраларда бақ сынасып жүр. Жандарбек 2014 жылғы халықаралық «Шабыт» фестивалінде «поэзия» номинациясы бойынша арнаулы сыйлықты алғаны қуанттарлық жәйт.

Жоғарыда студенттер шығармасын талдап отырып ескерткен жағдай оқушылар арасында да қайталанып отыр. Мысалы, шығыс қазақстандық жас қаламгер Дана Маратованың «Алтын адам туралы аңыз» ертегісі, Анар Әжіғалиеваның  «Мақсатқа жету арманнан басталады» әңгімесі 2014 жылы республикалық Т.Рымжанов атындағы поэтикалық байқауда жүлде алып, «Таупық тағылымы» атты жинаққа енген еді... Ал, Алтынай Амангелді қарындасымыздың «Домбыра» ертегісі 2013 жылғы халықаралық  «Дарабоз» әдеби бәйгесінде жүлделі шығармалар қатарынан көрініп, «Кәусар бұлақ» жинағына енген. Енді қараңыз – бір туындысын ана байқауға, мына байқауға қатыстыру ойланарлықтай жағдай! Бұны қалай түсінсек болады? (!) Жас авторларға осыны қатаң ескеруді талап етеміз. Өткенде бір  ағамыз  «әдебиет бір-екі әңгімемен жасалмайды» деген. Сол сияқты әдебиетке енді келіп жатқан, оңы мен солын әлі дұрыс айыра алмай жүргендерін ескеріп, балғын қалам иелеріне ренжімесіміз анық.

Дана Маратова, Гүлсара Марат, Төлеужан Әділет, Жәнібек Қойтай, Меруерт Құсайын, Серік Қантаев, Әлия Іңкәрбек, Думан Смақов, Шырын Сарымбекова, Мәрлен Гилымханов, Анар Әжіғалиева сияқты жас қаламгерлердің шығармаларында өмір көрінісі шынайы бейнеленген. Балауса өлеңдері мен әңгімелерінен балғын иіс аңқып тұр. Ал, Әлия Іңкәрбек, Алтынай Амангелді қарындастарымыздың шығармашылығын аға буын қаламгерлер оқып, ыстық ықыластарын білдірген еді... Кейінгі кездері Мәрлен Гилымханов пен Серік Қантаевтың ізденісі көңілге медеу болып жүр. Жәнібек Қойтайдың көп оқитындығын, әлем әдебиетінен хабардар екенін  мерзімді баспасөзге жарияланып жүрген шығармаларынан байқап жүрміз. Сосын Анар  әңгімесіне «Мақсатқа жету арманнан басталады» деп тақырып қойыпты. Басты кейіпкер – Медет. Медеттің өзі армандаған арманына сүрінбей жетуін жақсы жазған. Тек, тақырыбына қарап журналистік очерк па деп қаласыз және тақырып шұбыраңқы. Бұл тек Анарға ғана қатысты  емес, алдағы  уақытта әдебиетке келуге ниеттеніп жүрген жасөспірімдер мен жастарда ескеру тиіс мәселе.

 «Жауқызын жылда гүлдейді» атты кітапты оқи отырып, түңілгенімізден қуанғанымыз көп болды. Әдебиеттің келешегі бар екен. Осы жастар шығармашылық азапқа, әлеуметтік жағдайға қарамай, өндіріп жаза берсе, ұлттық әдебиетіміздің арнасы ұлғайып, дами түспек. Жауқазын гүл тәріздес жастарға тек шығармашылық ізденіс тілейміз.

Алдағы күндері  осы байқау өзінің жалғасын табатынына, тағы басқа әдеби аренаға таныс емес «жаңа» есімдердің келеріне бек сенеміз. Ол үшін мектеп оқушылары өздеріне арналған  «Ұлан» мен Ақ желкен» басылымдарымен достасуы керек.  Себебі, осы қос басылым –қаншама шығармашылық адамының тұсауын кесіп, бағын ашып, атағын асқақтатқан!

Автор: Елдос Тоқтарбай

Сурет: tinkerbell07.snimka.bg

Ш. Талап