Үрей емес, қорқақтық болар?

Үрей емес, қорқақтық болар?

Мәди Алжанбайдың «Үрей» атты әңгімесін талдауға я пікір білдіруге жүрексініп жүргенім бар-тын. Себебі біздің қабылдауымыз нашар ма, әлде әлденені ұқпай қалдық па, әйтеуір көп уақыт бойы шешім жасай алмадық. Шығарманы үш рет оқыған соң ғана әңгіме жайлы пікір қалыптаса бастады.

Жазушы қандай идея мен қандай тақырыпты таңдағысы келсе де өз еркі. Сәтті таңдалған идея нанымсыз сюжетпен бүлінгендей. Себебі оқиғаның хроникалық дамуы үзік-үзік қана беріліп отыр. Мәселен, шарықтау шегіне келгенде құшақтасқан екеудің де ісі негізсіз. Неге бұлай дейміз?

Әңгіменің соңына таман шәкіртінің ұстазына айтылған «рақметінің» нанымсыз екенін сюжеттің орта тұсында шыға келген «Балам ешкімді ренжітпе. Кешірім сұра...» деген сөзі растайтындай. Әлде ұстаз бен шәкірт арасында конфликт болған ба? Немесе дәл осы тұста автор қиялға ерік беріп, «осылай болса» деген ой-ауанмен құрастырғанға ұқсайды. Иә, шындыққа жанаспай қалған тұсы да осы. Бұған жазушы лабораториясындағы сан мыңдаған фактор себеп болуы мүмкін. Немесе Бақытжаның не үшін қорыққанын және Қапылбектің одан не үшін кешірім сұрауы керектігі туралы маңызды іс-әрекет жазылмай қалған.

Автордың оқырманға жасырып қойған жұмбақтары бар. Солардың бірі – Бақытжан образы. Бокстан спорт шеберлігіне кандидат Бақытжан ба, әлде ішімдікке салынған Бақытжан ба? Ол әлдекімнен неге секем алды, не түрткі? Егер көпір басында Қапылбектің гитара асынып тұрғанын мылтық деп ойлаған кезінде үрейленді десек, онда ол неліктен әңгіме басында-ақ секем алып қойған? Келесі жұмбақ тақырыптың неліктен бұлай қойылғанында. Жасы кісілікке өткен адамның өз шәкіртінен қорыққаны үрей емес, қорқақтық деп аталушы еді. Ал бұл жерде үрей. «Үрей» сөзінің семасы ауыр екенін бәріміз де білетін шығармыз. Мұны талдай берсек, «Шолпанның күнәсі» ме, әлде «кінәсі» ме делінетін полемикаға ұқсатып шаба берерміз. Десе де, автор Бақытжанның үрейленгені емес, қорыққанын жазып отыр. Қазбалай берсек, авторға ғана аян дүние көп.

Авторға баяндау әдісінің қалыптасқан формалары таныс емес дей алмаймыз, бірақ дәл осы әңгімеде неліктен түсініксіз я қажетсіз ойларға ерік береді де, Қапылбектің Бақытжаннан не үшін кешірім сұрауы керегі екенін жасырады? Анығында Қапылбек көрген түсінде анасының «Балам ешкімді ренжітпе. Кешірім сұра...» деген сөзі оның ұстазына айтқысы келгені рақметі деп не үшін ойлауымыз керек? Мұнда детальдық қателіктер болған.

Әңгіме тілі оқылымды, бүгінгі заманның тілі десек болатындай. Қарапайым әңгімелеу барысында «үнсіздікке беттеді» деген күрделілеу тіркес жараспай қалған сияқты ма-ау. Қайтсе де, жазушының өзгелерде жоқ мотиві таңдай қақтырды. Қай кезде болмасын, жаттанды сюжетке үйреніп алған біздей оқырман «соңы не болар екен» деген оймен дедектеп шыға келдік. Әсіресе диалогтағы іс-әрекет сәтті шыққан.

"– Ассалаумағалейкум!..

– Уағалейкумассалам!

– Әліксалам...

– Алдым. Уәлейкум... молда бол, мен тамақ ішкенде қайда болсаң, онда бол.

– Көтердің бе, не?!" Іс-әрекет пен диалогтың уақытпен бірдей дамып, дәл осылай шынайы шығуы автордың көлемді туындыларға бара алатынын көрсетті. Ал әңгіменің басынан аяғына дейін үзік-үзік баяндалған шағын бөлімдер бір-бірімен сәтті қабысып тұр. Әңгіменің тағы бір үлкен жетістігі өмірдегі оқиғаны дәл суреттеуінде.

Чехтың ХХ ғасырдағы ең мықты жазушыларының бірі Карл Чапек «Сынау – бұл өзінің қолынан келмесе де авторға ненің дұрыс жасамай жатқанын көрсету» деген екен. Бұлай жазу қолымыздан келмесе де, оқырман пікірі ретінде айтқанымыз осы болды.

Мәди Алжанбайға шығармашылық шабыт тілеймін.

Автор: Ардақ Құлтай

Сурет: vk.com

А. Құлтай