Арманның деңгейі бір әңгімемен өлшенбейді

Арманның деңгейі бір әңгімемен өлшенбейді

Арман Әлменбеттің «Ерлі-зайыпты» атты әңгімесі Массагет сайтында жарияланды. Әңгіме, автордың айтуынша, өмірде болған оқиға желісімен жазылған екен. Тақырып – махаббаттың жандануы.

Бірақ автор ойын әдеттегі мотивтен гөрі жаңа бір оқиға арқылы жеткізгенін байқаймыз. Басты кейіпкерлер Серәлі мен Майра отасқанына біршама уақыт болған. Күнделікті күйбең тіршілікте екі жас арасындағы отты сезім әлсіреген кезде олардың өмірінде кереметтей бір өзгеріс болады. Кереметтей болғанда да, олардың жол апатына түскенін емес, сол қиындықтан кейін пайда болған алау, өзгеше бір леп махаббаттың қайта тұтануына сеп болады. Енді екеуі де бірін-бірі қайта сүйіп, құрмет пен сыйластыққа бөленеді. Қарапайым ғана мысал ерлі-зайыптылардың өмірін түбегейлі өзгертіп жіберді.

Әңгіменің тілі жатық, баяндау стилі де қарапайым. Автордың бір ғана әңгімесін оқып, жалпы баға беруіміз де ағаттық болар, сондықтан да тек кейбір сөйлем мен сөз тіркестерін талдап көрелік. «Жұмадан сенбіге қараған түні Серәлі мен Майра облыс орталығы Қарағандыдан ауылға ең жақын қала – Жезқазғанға жүретін таксиге мінген». Әңгіменің осы бір бірінші сөйлемі оқырманды ойландырады. Делік: Майра мен Серәлі облыс орталығы – Қарағанды қаласынан шыққан. Ауылға ең жақын қала Жезқазған. Ал мінген такси сол Жазқазғанға баратын такси. Яғни олар Қарағандыдан Жезқазғанға баратын таксиге мінген. Ауыл екі қаланың ортасында ма, әлде Жезқазғаннан асқан соң ба деген сұрақ келеді. Бұл авторға ғана белгілі жәйт болып қалып отыр. Десе де, автор оны анықтап кетуге міндетті емес десек те осы бір сөйлем сол детальды қосуды талап ететін секілді деп пайымдадық. Әлде сөйлемді басқалай құрауға да болар ма еді..? Бұл біздің сынымыз емес, тек оқырман көкейінде пайда болатын сұрақ ретінде қалып қойса құба-құп.

«Бұйра шашын жастыққа батырып, ұйықтап жатқан күйеуіне қарап жымиып қойды» деген сөйлемде Серәлінің бұйра шашы жастыққа батып жатқаны да өзгеше бір көрініс сияқты. Бұйра шаш жастыққа батады деу қате болмаса да, өзгеше бір көріністерді көзге әкелетінін жасырғымыз келмеді.

Тағы бір сөйлемде «Ашып қараса... ішінде шаш кептіретін фен екен» дейді. Атаулы заттың қандай қызмет көрсететінін анықтауыш ретінде дәл осы контексте қолдануы керек пе еді деген сұрақ туындайды. Феннің шаш кептіретін қызметі баршаға аян боулы керек сияқты да, оған анықтайтын сипаттама беруге келмейді деп ойлаймын. «Шаш қысқартатын шаштараз» деген мысалды айтсам мәселенің мән-жайы түсінікті болар-ау. Сипаттау реті мен жазылмаған заңдылықтар жөнінде Арман ойлануы керек сияқты.

«Кенеттен алдыңғы жақтан әлдененің жарығы жарқ ете қалды». Жарық тағы да бір рет жарқ ете қала ма екен? Арманның шеберлігі бұдан жоғары екенін мен айтпасам да жоғары мәртебелі оқырман өзі-ақ біледі. Біздікі тек сұрақ ретінде айтылған әттеген-ай деп түсінілсе дұрыс болар еді. «Екі рет айналды ма, үш рет айналды ма, әйтеуір теріс қарап сырғыған күйі, қырындап барып биік тас жолдың шетіндегі цементтен құрылған аласа қоршауды соқты». Цементтен "құрылған" емес, "құйылған" болса қалай болар еді? Әсілі ол тек цементтен ғана емес, басқа да қоспалардан құйылған болуы мүмкін. Осындағы артық анықтаулар кішігірім қателіктерге апарып соққан екен.

Айтып-айтпай не керек, авторға деген өтінішім мен сынымды (егер осылай атауға болатын болса) осылай жеткізуді ұйғардым. Тақырыпта айтып өткенімдей, жас жазушының деңгейі бір әңгімемен өлшенбейді. Оның "Мимырт" деп аталатын романы қалың оқырманның ықыласына бөленіп, өз бағасын алып та қойған. Айтылмаса сөз жетім деп, айтып қалуға тырыстық. Себебі Арман сияқты жас қаламгерлер туралы айтылар сөз әлі де алда. Ал біздің, оқырманның тілегі сиясы таусылмасын деген ауанда болсын!

Автор: Ардақ Құлтай

А. Құлтай