Бауыржан Әліқожаның «Айтұмасы»

Бауыржан Әліқожаның «Айтұмасы»

Әліқожа Бауыржан. Айтұма: өлеңдер. – Алматы: «Жалын баспасы» ЖШС, 2012. – 112 б.

Рецензия

Секілді әлем – пәк өлең.

(27-бет)

Жас ақын Бауыржан Әліқожаның «Айтұма» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көріп, оқырман қолына тиді. Сол тұңғыш жинағы арқылы оқырман алдында бар болмысымен көріне білген лирик ақын өмірдегі әр құбылысқа өзіндік көркемдік ой арқылы бейнелі өлеңдерін ұсына білген.

Әуелі кітап атауына назар аударайық: «Айтұма». Ай – аспандағы ай. Қол жетпес, көңіл көзіндегі сұлулық символы. Тұма – бастау, бұлақ көзі. Мөлдірлік, тазалық, пәктік, тұнықтық, нәзіктік. Бұлардың арасындағы байланыстан нәзік те, сыршыл өлең өре білген ақын талғамы да назардан тыс қалмаса керек. Ақын мен өлең арасындағы байланыс – ақын мінезін, ақын болмысын ашар жақсы туынды екендігі де дәлелдеуді қажет етпес.

Туындыларынан өз үні естілетін жас ақындардың қатарында Бауыржанды да атап өтуге болатындығын осы кітап айқын дәлелдеп бергендей екен.

Кітаптың бірінші бөлімі – «Айжарық» деп аталыпты. «Жұмбағы мол дүние жымыңдайды» деген қосарлы атау да бұл бөлімнің негізгі ойын айқын жеткізіп тұрған, сәтті таңдалған өлең жолы.

Хабар беріп қалардай бір шындықтан,

Зеңгір көкке қараймын тылсым бұққан.

Жұмбағы мол дүние жымыңдайды,

Жүректегі беймаза дүрсілді ұққан. (8-бет)

Бұл шумақтан табиғаттың тылсым сырына ақын көзімен қарап, беймаза жүрек дүрсілінің ізденісін тану қиын емес. Ал енді сол дүрсілден қандай өлең туғаны алдыңыздағы кітапта:

Қызыл күн көкжиектен барады аунап,

Шалқып жүр шағалалар шабақ аулап.

Сап-салқын сұлу Сырға сүңгігенде,

Жаныңнан мұң іргесін салады аулақ. (10-бет)

 

Мөлдір ойлар тізілді парағыма,

Көшірмесі дәл оның дала мына.

Таңғы шықтар жымыңдар жұлдыздардай,

Кеңістікті сыйдырып жанарына!(12-бет)

 

Себелеген мап-майда нұрды көріп,

Кереметін отырмын жыр ғып өріп.(14-бет)

 

Күйкі тірлік күйбеңі шаршатқан ба?!

Бас тартып атақ-даңқ, мансаптан да, –

Қарай бергің келеді талда тұрған,

Дөп-дөңгелек, мөп-мөлдір моншақтарға!(14-бет)

 

Мен мұңдансам, Ай да бірге мұңданар,

Мен нұрлансам, Ай да бірге нұрланар.

Оның хаты – мөлдір жаңбыр шер жуған,

Жауабымды алып ұшты тырналар.

 

Саған барар айналғандай жол мұзға,

Өміріңді сүре аларсың жалғыз да.

...О, несі екен есім ауа береді,

Есімі Аймен басталатын сол қызға. (15-бет)

 

Бере салды-ау, құдайым бақты үйіре,

Табиғаттың тамсандым пәк күйіне.

Көңілімді арылтқан нала-мұңнан,

Қарыздармын мен саған, ақ дүние!(20-бет)

 

Сені аңсаған бұл емес сырым жалғыз,

Қар боратсақ қайда сол, жымыңдар қыз.

Бұйым көрмей қақаған қыс суығын,

Күлкісімен сұлудың жылынғанбыз.(20-бет)

 

Салқыны күздің шалды, байқаймысың,

Жандауа жылы жайға қайт-ай, құсым.

Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр,

Соңына сақтап қарлы айқай, күшін.(23-бет)

 

Табиғат құбылыстары әр адамға әрқалай әсер еткенмен ақын жанарында ол тек қана сұлулық пен тазалықтың, ғажайып қарапайымдылықтың үлгісі, ғайыпқа бастар жолдың басы екендігіне илансаңыз, бұл өлең жолдарын талдап отырудың қажеті шамалы болар.

Келесі бөлім – «Айсұлу» – махаббат лирикасы. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл». Сүйгеніңізбен тілдесуге қажетті – ақын өлеңі. Оған қосып-алар дүние болмауы керек. Бауыржанның жанарындағы махаббат, «кеудесіне көшкен көктемі» («Кеудеме көшіп бұл көктем»):

Теңіз-сезімнің тереңін арна,

Махаббатыңа сай деп ұқ.

Көктегі Айдың керегі бар ма,

Жанымда тұрсаң Ай болып!(26-бет)

 

Сырғыр уақыт сені ойлаумен сәт сайын,

Бар жарамды жазардайсың сен емдеп.

Бір жарқ етіп жүрек отын жақса Айым,

Күздей көңіл көктем болып көгермек.(28-бет)

 

Түсірмейтін арусың нарқын ұлдың,

Мен бар кезде құшпассың жарқыным мұң.

Адалдықпен нұрланған жан дүниеңмен,

Талайларды еріксіз тәнті қылдың.(29-бет)

 

Айдынымда тулағанмен тұма өлең,

Қобыз күйін естіртеді құба дөң.

Махаббаттан мұз жасама, қалқатай,

Шаттық әнін шырқау үшін мына әлем!(31-бет)

 

Сені көрсе үй болып кетер ме еді?!

Жалғыз өткен ғұлама Фараби де.(32-бет)

 

Еліктейін, ерке қыз, тұма, тұнық,

Сені аңсаған кеудемнің мұратын ұқ.

Жан жүрегің сезімге тіл қатпаса,

Бар жігерім кетердей уатылып...(41-бет)

 

Балбұлақтай ағатын сылдырап кең,

Қайран уақыт барады сырғып әттең.

Қандай қиын кимесең көзәйнекті,

Көз алдыңда тұрамын бұлдырап мен!(41-бет)

 

Үшінші бөлім – «Айтөбел», қосарлы атауы – «Сұлу Сырдың жағасы біздің ауыл». Аты айтып отырғандай бұл бөлімге енген өлеңдерінің басым бөлігін туған жерге арнаған.

                                    Құлын шақта жарама себілген құм,

                                    Көңілдендім төсіңде, өмір көрдім.

                                    О, қызылқұм, от кеудең қандай ыстық,

Жалынындай шарпысқан еріндердің. (56-бет)

 

Сол жақ кеудем қарашы дір еткенін,

Қабағыңа ешқашан түнетпе мұң.

Астыңнан құм, үстіңнен Күн қыздырса,

Қалай ыстық болмайды жүректерің. (57-бет)

 

Куәсің не тарихқа жусанды құм,

Сенде өсіп, өзіңде аштым жыр сандығын.

Барады жусаныңдай кермек тартып,

Кеудемде қоздайтұғын мың сан мұңым.(58-бет)

«Қазына қарт», «Ұйытқы», «Қорған», «Шуақ» өлеңдерінде ата-апа, әке-ана бейнелері көрінсе, «Нұрлы нәби», «Құлагер», «Муза», «Жансусар», «Саз құдіреті», «Әнге айналған қыз» өлеңдері тарихи тұлға, өнер адамдарына арнау болып келеді.

Ақынның «бала күндерден бір белгі» беруін орынды санадық. Бұл өлеңдері бүгінгі жырдың бастауы, қайнар көзі. Оларды оқи отырып ақынның өсу баспалдақтарын тану жеңіл болары анық.

Жақсы өлең артық сөз айтқызбайды. Әдеби тұрғыда, тілдік қолданыстары жайында талдап, түсініктер айтуға, көркемдігі жайлы сөз қозғауға болар, бірақ талғамы биік, өлең өрнегін меңгерген дарынды ақындар бұдан сүрінбей өтері сөзсіз. Бауыржанның болашақ сондай ақын боларына сенгендіктен, «Айтұма» сендіргендіктен көп нәрсе жазудан бас тарттық.

Ақынға шығармашылық табыс, бұдан биік шыңдарға шығуына тілектестік білдіреміз.

Автор: Бақытқожа Баязитов

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Л. Лига