Толымбек Әлімбекұлы, сатирик: «Сатирик болу түсіме де кірмеген»

Толымбек Әлімбекұлы, сатирик: «Сатирик болу түсіме де кірмеген»

Құрметті достар, 1 сәуір – Күлкі күні. Осыған байланысты еліміздің белгілі сатиригі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Толымбек Әлімбекұлымен сұхбаттасқан едік.

- Толымбек аға, сатираға қалай келген едіңіз? Әзілге келу үшін түрткі болған шығар?

- Бала кезімізде той-жиын бола қалған кезде сықақ-өлеңдерді жаттап алып оқып жүретінбіз. Расын айтсам, сықақшы боламын деген ой да болған жоқ. Түсіме де кірген емес. ҚазҰУ-дың Журналистика факультетіне келгенде, бірінші курсымның аяғында осындай бір ой келді. Мектеп тұсында Қожа насырды оқитынмын. Одан кейін сатирик ағаларымыз Шона Смахановты, Оспанхан Әубәкіров, Оспанәлі Иманалиевтерді жаттап өскенбіз. Сосын нағашы ағам Шыңғыс Қонысбаев деген журналист болатын. Ол кісінің сықақтарын жаттайтынмын. Ауылда өтетін концерттің құрамында жүретінім есімде. Ал университетке түссем, ондағылардың бәрі ақын-жазушы. Біз болсақ, жүрген біреу сияқтымыз ол кезде. Алғаш сықақтарым Жамбыл аудандық «Екпін» газетінде шықты. Талғат Сүйінбаев деген сыныптасым басып шығарған еді. Туындыңды газеттен көрген соң, қанат бітіп, құлшыныс арта түседі екен. Содан әңгіме, өлең жазу қызығына ендік те кеттік қой. Соның илеуінде жүрміз ғой.

- Жас шақтардағы тақырыбыңыз бен қазіргі тақырыбыңыз қандай? Өзгеріс болды ма?

- Әйел мен еркек, сол сияқты өмірлік тақырыптары ғой, қандай да бір мысалдан мәселе көтеру. Қоғамдағы көрініп тұрған кемшіліктер жазылады. Оны сосын әзілмен жеткізуге тырысамыз. Ал қалай шығып жатқанын оқырман біледі.

- Сатирик боламын деген жасқа қандай бағыт-бағдар бересіз? Кімнің шығармашылығын оқу керек?

- Бұл адамға табиғи дарынмен келетін дүние. Күлкінің шығатын жерін білу керек. Оны сосын күлкілі ете білу де үлкен мәселе. Оспанхан Әубәкіровты, Шона Смахановты, Асқар Тоқмағамбетовты оқу керек, өзіміз де сөйтіп тәрбиелендік. Ал шетелдік сатириктердің шығармашылын білмегендіктен, атай алмайды екенмін. Сатирик боламын деушілер ізденісті, оқуды, еңбекті ұмытпаса болғаны. Шешендік өнерді дамыту керек.

- Сатираның поэзия мен прозадан айырмашылығын күлкілі болуында дейтіндер көп.

- Жоқ, бұл олай емес, сатира дегеніміз күлкі, сонымен қатар сын. Сынау арқылы күлдіру – күлдіру арқылы сынау.

- Қазіргі әзіл-сықақ театрлары жайлы не айтасыз?

- Енді қазір театр көп. Таяқ лақтырсаң, біреуіне тиіп жатады. Сөздерін салмақты дей алмаймыз, барлығы да жеңіл күлкіге құрылған. Театрлар өте көп, тіпті бір күн көрудің қамымен жүрген секілді. Не болса соны күлкіге айналдыру – күлкіден жеріндірудің бір тәсілі. Тұрсынбек Қабатов, Нұржан Төлендиевтердің өнерін жасанды емес дейтін едім. Шынайы күлкі кейде КТК (КВН)-дан да көрініп жатады. Әйтсе де, асыра сілтеп, құтыртамын деп, шикі әзілдерге жол беріп алады.

- Жеке бір кеш өткізбепсіз. Ал анда-санда бір шығатын концерттен «қанбай» қаламыз...

- Келесі жылы 60-қа толамын. Соған бір жеке кеш өткізсем бе деген ой бар. Дайындалып та жатырмын. Бұл бір жағынан өз мүмкіндігімді байқау болса, екінші жағынан елге есеп беру. «Ым-жым», «Тойда жолығайық», «Қалай болса солай» сияқты 4-5 кітабым бар.

- Алдау мәселесіне келсек, қалай алдап, қалай алдандыңыз?

- Ауыл шаруашылық басқармасының асханасында түстенетінбіз. «Еңбек туы» газетінің қыздары да келіп жатыр екен. «Ойпырмай, ана жақта ет сатып жатыр» дедім. «Қаншадан?» дейді. Арзан екенін, олардың баратынын сатушыға ескертіп кеткенімді айттым. Олар дереу арада бір-бірінен ақша қарызға сұрап, жүгіріп кеткен. Барса, ол жақта ет түгілі бәле де жоқ. Содан келіп, ашуланып, бір аптаға жуық әңгімелеспей жүрген. Міне, осындай қызық. Бізге Күлкі күні керек, дәл осы күні алданып, кейін соған күліп жатсақ, ал қалған күні ешкім ешкімді алдамай жүрсе, сол – бір жылдағы бір күн жетеді бізге. Әзілді түсінетін, көтеретін деңгейге шығайық дегім келеді. 

Әңгімелескен: Ардақ Құлтай

А. Құлтай