Бейбіт Сарыбай. Жаным, жаным, жаным деші

Бейбіт Сарыбай. Жаным, жаным, жаным деші
Фото: vk.com

Адамдар бір-бірін қалжыңмен қағытып, күліп-ойнап жүргенге не жетсін! Әсіресе, ер адамдар сондайға шебер, бір-бірін қанша келекелесе де, тіпті кейде намысқа тиетін әзіл айтып жатса да, ренжіп, араласпай кету деген жоқ. Дегенмен ойнаймын деп, от тұтатып алмау үшін Бейбіт Сарыбайдан сатира мысал ұсынамыз.

Ойыннан от шығады деген рас. 2005 жылдың жазы еді. Бір таныс жігіт екеуміз бильярдқа бара қалдық. Ол жігіт екеуміз қатты бір дос болмасақ та аралас-құраластығымыз бар. Аман-сәлеміміз түзу. Көңілімізде қылау жоқ, әңгімеміз жарасады. Әйелдерің бір-бірімен араласпағаннан кейін осылай көшеде ғана сыйласады екенсің ғой... Сол көше сыйластығының кезекті бір сәті еді.

Күн батып, уақыт түннің бір уағы болып қалған. Ойын жақсы жүріп жатты. Бірақ бір но болды. Жанымдағы жігіттің телефоны мазасыз екен. Екі дүниеде телефон мазасыз болмайды ғой. Ар жақтағы адам мазасыз болып тұр да. Дос та момындау адам екен. Әр қоңырауына жауап береді. Жауабы да сол бір жауап:
- Алло. Ау? Айттым ғой, Бейбітпен бильярд ойнап жүрмін. Барам ғой, жаным. Иә, иә, ала барам. Прмерно бір, бір жарым сағаттарда барам. Ой, Бейбітпен деймін. Басқа кім болушы еді, басқа ешкім жоқ. Өзіміз ғана. Шын айтам.

Байғұс бала әбден шыр-пыр болды. Әйелі қызғанып жатыр да. Қызғаншақ әйел көрсем қаным қайнайды. Қызғансын. Әйел болғаннан кейін қызғанбай тұра ма? Бірақ, қатты қызғану деген жақсы емес қой. Досым бір кезде қайтпақ болды. Соткасын үстел үстіне қойды да өзі қолын шаюға дәретханаға кіріп кетті. Мені сол кезде не түлен түрткенін білмеймін, миыма бір ой сап ете қалды. Дереу соткасын алдым да контактыға кіріп, ішіндегі 8705447 деп басталатын нөмірдегі Бейбіт сар дегенді Жаным деп өзгертіп, сотканы орнына қоя салдым. 

Жылы қоштасып екеуміз екі жаққа қайттық. Ол да үйіне кетті, мен де үйіме қайттым. Үйге жетіп, чәй-пәйімді ішіп болғасын әбден жатарда, ол да жетті-ау деген кезде өз номеріммен: «Жаным, қалай жеттің? Келіншегіңді айтқан өтірігіңе сендіре алдың ба? Пока, жан. Целую. Буду скучать» деп смс жібердім де, телефонды бірден өшіріп тастадым.

Түн тыныш болды. Жайлы жатып, жақсы тұрдым. Таңда керіліп, созылып тұрғасын телефонымды қостым. Бірден смс жауды. «Вы пропустили 47 звонков от этога номера» деген сияқты смс келді. Достың номері екен. Оқып болғанымша өзі ызбандап тұр. 

– Ало! Ей, сен жындымысың-ей. Сен үшін ажырасайық деп жатырмыз мына жақта. Қай жақтағы қалжың. Сондай да ойын болушы ма еді. Мә, өзің түсіндір, менмін деп айт!-деді досым. Трубканы әйеліне берді. 
Ал, енді әйелін сендірсемші. Сенбейді. «Сендер ақылдасып алдыңдар. Ана жәлептің номерін саған беріп, сен өзіңше әзілдеген болып тұрсың. Ондай қулықтарыңа алданатын мен емеспін»,-дейді.
-Айналайын, бүкіл таныстарыңнан сұрап шық, мені таниды-ау дегендердің арасында сауалнама жүргіз, бәрі осы номердің менікі екенін айтады,-дедім. 

Сөйтіп қойдық. Сауалнама жүргізбесе де біраз адамнан сұраған шығар. Олар менің номерім екенін айтқан шығар, сөйтіп көңілі орнына түскен шығар. Бірақ, күйеуіне «екінші со немеге жоламашы» деген-ау деймін. Содан кейін біз ол жігіт екеуміз бильярд ойнамайтын болдық...

Сол түнгі оқиға былай болған. Досым үйіне барған. Күдікшіл әйелі күңкілдеп жүріп чәй-пәйін беріп жатқан. Достың телефоны дастархан үстінде жатқан. Бір кезде смс келді деп палифаниясы пиқылдап сала берген. Әйелі алып қараған. Бейбіт деген атымды жаным деп өзгертіп қойғандықтан Жаным деген біреуден «Жаным, қалай жеттің? Келіншегіңді айтқан өтірігіңе сендіре алдың ба? Пока, жан. Целую. Буду скучать» деген смс келген. Әйелдің давлениесі лифтімен көтерілген. Дастархан жайына қалған. Дос ештеңе түсінбейді. Өзі де бір таза жігіт еді. Бірер уақыт потеря болып отырып, ақыры мен екенімді білген. Әйеліне айтқан ана жынды ғой деп. Әйелі сенбей ызбанда деген. Ол ызбандаған. Менің телефоным өшіп тұрған. Сонымен таңға дейін қырғын болған. Әйелі

- Кім ол сенің жаның?-деген. Бұл:
- Сенсің,-деген. 
- Мына смсті кім жазды деймін саған?-деген. 

Ақыр аяғында әйелі шаршап:
- Мен сенің бағыңды байламайын, ертең кетемін, сол жаныңды алып келіп, бақытты өміріңді сүр. Түннің бір уағына дейін үйіңнен безіп жүрмекпісің. Просто маған кім екенін айтшы, мойындай салшы,-деген ғой. 
Сондай да сондай арпалыспен таң атырған екен. Ойыннан от шығады деген сол екен. От шығып кетіп, ол отты әрең өшіргеннен кейін ондай орынсыз ойынды азайттық. Арада он жыл өткенде қызық сияқты ғой. Ол кезде қатты қорыққанбыз. Анаукүні сол дос жолағып қалғанда: - Баяғы есіңде ма?-деп сұрадым.
- Қыртсың ғой, - деді бір жымиып алып.

@. @assel_assanova